ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛАМ ДЕСЕҢ – ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТ

0
95

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Мемлекеттік қызметші үнемі өзіне мынадай сұрақтарды қоюы керек: Мен қоғамның биік сенімін ақтау үшін қандай болуым керек?

Ия, қай заманда, қай елде болмасын, қоғамды алға тартып дамытатын жастар екендігін ұмытпауымыз қажет. Біз елін сүйетін азаматтарды қалыптастыру үшін жастардың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білуіміз аса маңызды!

Әрине, мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Болашақта ел тізгінін ұс­тай­­тын азаматтар – бүгінгі жастар.

Жалпы, бүгінгі күні облысымызда 4000 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілер жұмыс істеп жүр. Олардың 59,4 пайызы әйелдердің үлесінде болса, 40,6 пайызы — ер адамдар. Мемлекеттік қыз­мет­­шілердің 38,6%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Олардың саны ғана емес, сапасы да өсіп жатыр. Яғни, білімді, ал­ғыр, бәсекеге қабілетті жас­тардың қатары күннен-күнге артуда. Айта кету керек, облысымыздың мемлекеттік органдарында еңбек етіп жүрген қызметшілердің 21-і Мемлекеттік басқару академиясының түлегі болса, 5 маман «Болашақ» бағдарламасын аяқтаған. Бұл да өңірдің осы саладағы жетістігі.

Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технология­лар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Мемлекеттік және қоғамдық істерді басқару батылдық пен төзімділікті, ойластырылған, сындарлы өзгерістерді талап етеді. Мемлекеттік қызметшілер жаңашылдықты енгізе білуі және креативті болуы керек.

Соңғы жылдары азаматтардың мемлекет тарапынан қанағаттандырылған өтініштерінің бірі ол әкімдерді тікелей сайлауды енгізу болды. Сайланған 142 ауылдық және селолық округ әкімінің орташа жасы 43 жасты құрайды, оның ішінде 28-ің жасы 35-ке дейін, олардың 36,6 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегендер, олардың арасында мұғалімдер мен кәсіпкерлер де бар.

Ия, бұл деген елімнің дамуы үшін қызмет етемін деген жастарға берілген мүмкіндік. Кім біледі, ертенгі күні тап осы жастар Ақмола облысындағы «Родина» ауылы, Қызылорда облысындағы «Нәғи Ильясов» ауылы, Абай облысындағы «Қарауыл» селосы сияқты заманауи дамыған ауылдар қатарын Ақтөбе облысындағы барлық жағынан қаладан кем емес жағдайлары жасалған  ауылдар қатарын көбейте отырып, артына өшпес із қалдырар. Бүгінгі күні ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Әрине бұл іс сол жергілікті, өздері басқарып отырған елді мекендерден шыққан, қазіргі таңда қаражат жағынан қолдау көрсете алатын кәсіпкерлерді тарта отырып, бірге жүргізілетін үлкен жұмыс. Бұл жерде мемлекеттік қызметшілер Отанға қызмет ету мәдениетін дәйекті түрде меңгеріп, жүзеге асыру қажет. Ол мемлекеттік қызметшілердің елді көркейту жолында өзіне жүктелген міндетті шынайы және адал орындауынан көрінер еді. Себебі мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады.

Мемлекет тарапынан жастарға деген беріліп жатқан тағы бір мүмкіншілікті атап кетсек, ол мемлекеттік қызмет саласында соңғы жылдары енгізілген өзгерістердің бірі – мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарының үздік түлектерін оқуды аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде мемлекеттік қызметтің аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау. Бұл — жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуға жол ашса, екіншіден, аймақтарда кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді деп күтілуде.

Осы енгізілген жаңашылдық нәтижесінде қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша 50-ден астам түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес лауазымдарға конкурссыз қабылданды. Бүгінгі күні конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар өңірдің мемлекеттік органдарында әр түрлі салада қызмет атқаруда, олардың ішінде бірнеше маман мансаптық ілгерілеуі жолымен облыстық және қалалық деңгейдегі мемлекеттік органдарда қызметтерін жалғастырып жатыр. Сондай-ақ, бір айтып кететін жайт, мемлекеттік қызметтегі қиыншылдыққа шыдамай кетіп жатқандарда жоқ емес.

Сол себепті «Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет» деп Қаныш Сәтбаев атқандай, ия әр адам қандай да бір іс үшін туады, яғни әрбір адамның өз міндеттері бар. Осылайша, жастар еліміздің бұдан әрі өркендеп, өсіп, дамуына барынша тер төгетін болса, Қазақ халқының болашағы жарқын, тәуелсіздігі ғұмырлы болатынына ешқандай да күман болмауы тиіс.

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша

департаментінің бас маманы Р.Шумекеева