ФРАКЦИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Темір аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтіп, жұмыс жоспарына сәйкес күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Жиынға фракция мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы мен бөлім басшылары қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды бағыттар талқыланды.
Отырыстың негізгі тақырыбы – партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысы мен қол жеткізілген нәтижелер болды. Депутаттар атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңде басымдық берілетін бағыттарды айқындады. Әсіресе инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сапасын арттыру және тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.
Жиында «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» секілді жобалардың жергілікті деңгейдегі жүзеге асу көрсеткіштері қарастырылып, олардың ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге, кәсіпкерлікті қолдауға және қаржылық сауаттылықты арттыруға тигізіп отырған әсері атап өтілді. Депутаттар жобалардың тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар мемлекеттік органдарға жолданған депутаттық сауалдардың сапасы мен орындалу деңгейіне талдау жасалып, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу қажеттігі айтылды. Тұрғындар тарапынан бұрын түскен талап-тілектердің орындалуы сараланып, жаңа өтініштерді жинақтау және оларды тиімді шешу тетіктерін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл ретте халықпен кері байланысты күшейту – басты міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Жиын барысында мәслихат депутаттарының халық алдындағы есептік кездесулерінің кестесін бекіту және оларды өткізудің тиімді форматы түсіндірілді. Бұл шаралар ашық диалог орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге мүмкіндік береді.
Іс-шараға Б. С.Шаимов және мекеме бөлім басшылары қатысты. Жиынды партия филиалының атқарушы хатшысы А.Ж.Нұрғалиев ашып, жүргізді.
Отырыстың қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар мен тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары айқындалды. Темір аудандық мәслихаты депутаттары өңірдің тұрақты дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек. AMANAT партиясының Темір аудандық филиалы




