ОҚУШЫЛАР ҮЙІ МЕН КӨРКЕМ СУРЕТ МЕКТЕБІНДЕ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Аудандық мәслихат төрағасы Б. Шаимов аудандық оқушылар үйі мен көркем сурет мектебінің қызметкерлерімен кездесу өткізіп, өңірдегі білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Кездесудің негізгі мақсаты – «AMANAT» партиясының жүзеге асырып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарларын таныстыру, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың басым бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Жиын барысында аудандық мәслихат депутаттарының өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалары, көтерілген мәселелердің орындалу барысы және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады.
Кездесу кезінде қазіргі заман талабына сай цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы мемлекеттік бастамалар да талқыланды. Мәслихат төрағасы бұл бағыттағы жобаларды білім беру процесіне енгізудің маңыздылығына тоқталып, ұстаздарды жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да ерекше атап өтілді. Білім беру мекемелері ұжымдарының қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру және көшет отырғызу ісіндегі белсенділігі жоғары бағаланып, қатысушыларға алғыс білдірілді.
Кездесу соңында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қосымша білім беру арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытындағы жұмыстар оң бағасын алды. Мәслихат төрағасы ұстаздардың еңбегіне табыс тілеп, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жауапты қызметтеріне сәттілік білдірді.
«AMANAT» партиясының Темір аудандық филиалы


