САРКӨЛ АУЫЛЫНДА САЙЛАУАЛДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
30

 

«Әділет» партиясы Темір аудандық филиалының сайлауалды штабы Саркөл ауылының тұрғындарымен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – партияның «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын халыққа таныстыру және тұрғындармен ашық диалог орнату болды.

Кездесу барысында штаб мүшелері партияның елдегі әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, ауылдық елді мекендерді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған басымдықтарына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ауыл инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері де кеңінен түсіндірілді.

Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Штаб мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, халықпен ашық әрі сындарлы пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті. Әрбір азаматтың пікірі ескеріліп, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтыны жеткізілді.

Кездесу соңында тұрғындар алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырылды. Штаб мүшелері елдің болашағы әр азаматтың таңдауына байланысты екенін айтып, «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!» ұранымен әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті.

 

«Әділет» партиясы Темір аудандық филиалы