Мемлекеттік қызмет білікті жастарды шақырады

0
38

 

Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – жастарды білім мен тәрбиеге баулу, олардың мәдени-рухани дамуына жағдай жасау және кәсіби біліктілігін арттыру арқылы ел дамуына үлес қосатын білікті мамандар қатарын қалыптастыру. Қазіргі таңда мемлекет жастарға үлкен сенім артып, олардың әлеуетін ел игілігіне бағыттауға ерекше көңіл бөліп отыр.

Жаһандану жағдайында адами капитал – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Әсіресе, білімді, бәсекеге қабілетті жастардың рөлі күн санап артып келеді. Осыған байланысты талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту – стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Себебі мемлекеттік қызмет – ел дамуының негізгі тірегі, халық пен билік арасындағы алтын көпір.

Жастардың мемлекеттік қызметке келуін оңтайландыру мақсатында 2023 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына өзгерістер енгізілді.

Яғни, жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен аяқтаған (GPA 3,33-тен төмен емес) түлектерге бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің келісімі негізінде конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі берілді. Бұл – жас мамандарға көрсетілген үлкен қолдау мен сенімнің айқын көрінісі.

Бүгінде осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп жүрген жастар қатары артып келеді. Солардың бірі – Темір аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы — Нұрабек Айәділ Марсжанұлы. Ол өз қызметінде кәсібилік пен жауапкершілікті ұштастыра отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық маңызды саласы. Бұл сала халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына негіз болады. Ауыл шаруашылығы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамиды, халықтың әл-ауқаты артады.

Темір ауданы үшін бұл саланың маңызы тіпті ерекше. Өйткені аудан экономикасының басым бөлігі осы бағытпен тығыз байланысты. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру, заманауи технологияларды енгізу, шаруашылықтарға қолдау көрсету – басты міндеттердің бірі. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда жас мамандардың тың идеялары мен белсенділігі аса қажет.

Сонымен қатар, Темір аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы — Утенова Дильназ Қалдыбайқызы да мемлекеттік қызметтегі жастардың белсенді өкілдерінің бірі. Ол өз қызметінде мемлекеттік тіл саясатын дамыту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Ішкі саясат саласы – қоғам тұрақтылығының негізі. Бұл бағыт ел ішіндегі бірлік пен татулықты сақтауға, мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруға, халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтуға қызмет етеді. Сонымен қатар, жастар саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қоғамдық пікірмен жұмыс жүргізу – осы саланың негізгі бағыттарының бірі.

Қазіргі қоғамда ақпараттық кеңістіктің рөлі артып отырған кезде ішкі саясат саласының маңызы еселене түсуде. Тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату, әлеуметтік мәселелердің алдын алу, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау – бұл саладағы мамандардың кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағытта қызмет ететін жастардың жауапкершілігі жоғары, ал олардың белсенділігі қоғам дамуына оң әсер етеді.

Мемлекеттік қызмет – бұл тек кәсіби қызмет қана емес, бұл – елге адал қызмет етудің, халықтың сенімін ақтаудың, мемлекет дамуына үлес қосудың айқын жолы. Бүгінгі таңда жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер – олардың болашағына ашылған үлкен жол.

Сондықтан білімді, талапты, жаңашыл жастарды мемлекеттік қызметке келуге шақырамыз. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз болашағыңызды ел болашағымен ұштастыру – әрбір жастың парызы.

Ел ертеңі – жастардың қолында!

Мемлекеттік қызметте өз орныңды тауып, ел дамуына үлес қос!

 

  Сатаев Еділ Маратұлы,

Темір аудандық әкімі аппаратының

бөлім басшысы