23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы – еліміздің саяси өміріндегі бетбұрысты оқиғалардың бірі

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы – еліміздің саяси өміріндегі бетбұрысты оқиғалардың бірі. Жаңа Конституция талаптарына сай өтетін бұл саяси науқан – жай ғана дауыс беретін күн емес, елдің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды қоғамдық таңдау. Бұл оқиға мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып, халықтың заң шығару ісіне қатысу мүмкіндігін жаңа деңгейге көтереді.
Бір палаталы өкілді органға көшу – заң шығару жүйесін жетілдіруге және мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісін барынша тиімді етуге бағытталған маңызды қадам. Құрылтай мемлекет үшін тағдырлы мәселелерді талқылайтын әрі заң шығаратын жоғары өкілді орган ретінде жұмыс атқарады. Мұндай оңтайлы құрылым артық бюрократияны азайтып, қоғамдағы өзекті сұрақтардың ашық әрі жедел шешілуіне мүмкіндік береді.
Әрбір азаматтың сандықшаға тастаған бір дауысы ел болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан сайлауға қатысу – Конституцияда бекітілген азаматтық құқықты пайдалану ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілікті таныту. Бұл – еліміздің ертеңіне, ұрпақ болашағына деген жанашырлық пен саналы таңдаудың көрінісі.
Елдің ертеңі мен тұрақтылығы – әрқайсымыздың белсенді азаматтық ұстанымымызға тікелей байланысты. Қоғамдағы оң өзгерістерге бейжай қарамай, саяси науқанға біркісідей қатысу арқылы біз қуатты әрі жауапты мемлекетті бірге қалыптастырамыз.
Шұбарқұдық ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұғманов Матай



