«Бір қоңырау – бір қауіп: «Антиколл-орталық» алаяқтардың жолын кесуде»
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірін жеңілдеткенімен, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің де көбеюіне жол ашты. Сондықтан азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және киберқылмыстың алдын алу бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің біріне айналды.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен 2025 жылдың сәуір айынан бастап «Антиколл-орталық» жобасы іске қосылды.
Жобаның негізгі мақсаты – заманауи технологиялардың көмегімен алаяқтық қоңырауларды анықтау, бұғаттау және азаматтарды қылмыстық әрекеттерден қорғау.
Бүгінде жоба өзінің тиімділігін нақты нәтижелерімен дәлелдеп отыр. Жүйе іске қосылған уақыттан бері 1,5 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталып, шетел аумағында әрекет ететін 12 колл-орталықтың қызметі тұрақты бақылауға алынды.
Сонымен қатар, жүйе алаяқтардың нысанасына айналған азаматтарды дер кезінде анықтап, оларға жедел ескерту жасау мүмкіндігін береді.
Антиколл-орталықтан келіп түскен мәліметтер негізінде прокурорлар азаматтармен тікелей байланыс орнатып, алаяқтық тәуекелдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осындай алдын алу шараларының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 114 заңсыз несие рәсімдеу әрекетінің жолы кесіліп, азаматтардың 251 миллион теңгеден астам қаражаты сақталып қалды.
Қазіргі уақытта жобаға еліміздегі барлық байланыс операторларын кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл алаяқтық телекоммуникациялық трафикті толық қамтып, күмәнді қоңырауларды анықтау мен бұғаттау мүмкіндігін едәуір кеңейтеді.
Жобаның тиімділігі құқықтық статистикадан да айқын көрінеді. Соңғы үш жыл ішінде алғаш рет интернет-алаяқтық қылмыстарының өсу қарқыны бәсеңдеп, тіркелген қылмыстар саны 12 390-нан 11 065-ке дейін төмендеп, 11 пайызға азайды.
Бұл – құқық қорғау органдары қабылдап жатқан жүйелі профилактикалық шаралардың оң нәтижесі.
Дегенмен, интернет-алаяқтықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес.
Әрбір азамат сақтық шараларын ұстанып, белгісіз нөмірлерден түскен қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуі, жеке және банктік деректерін бөгде адамдарға бермеуі қажет. Қаржылық қауіпсіздікті сақтау – әркімнің жеке жауапкершілігі.
Қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылы ғана интернет-алаяқтықтың алдын алып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Темір ауданының прокуратурасы


