Бірлескен жұмыс– ортақ мақсат

0
7

 

Қазіргі таңда, азаматтық қоғамның дамуы мемлекет пен халық арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр. Осы ретте үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі — ҮЕҰ) қоғамдағы орны ерекше. Олар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып, халықтың түрлі топтарының мүддесін қорғауға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсенді үлес қосуда.

Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру, олардың мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануына мүмкіндік жасау – маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта ҮЕҰ өкілдеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылып келеді.

Солардың бірі – ауданда өткен «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттарға қатысу бойынша практикалық дағдыларды дамыту,  Деректер базасына мәліметтер енгізу және бағалау жүргізу» тақырыбындағы оқыту семинары. Іс-шараны ішкі саясат саласына жауапты құрылымдар мен Ақтөбе облыстық заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.

Семинардың негізгі мақсаты – ҮЕҰ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық жобаларға қатысу бойынша білімін жетілдіру, жобаларды сапалы әзірлеу және ұсыну дағдыларын қалыптастыру.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттар – ҮЕҰ үшін өздерінің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға берілетін маңызды мүмкіндіктердің бірі. 2026 жылға ҮЕҰ арналған мемлекеттік гранттардың басым бағыттары бекітілген. Оның ішінде, азаматтық қоғамды дамыту, жастарды қолдау, әлеуметтік мәселелерді шешу, волонтерлік бастамаларды дамыту және басқа да қоғамдық маңызы бар бағыттар қамтылған.

 

Семинар барысында қатысушылар әлеуметтік жобаларды әзірлеу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттарға өтінім беру, мақсатты аудиторияны анықтау, күтілетін нәтижелер мен индикаторларды белгілеу сияқты мәселелер бойынша пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ, заң талаптары, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен грант беру тәртібі, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы, жоспарланған жұмыстың сапалы орындалуы және жобаның нақты нәтижелерінің болуы туралы терең мағлұмат алды.

ҮЕҰ кәсіби білімі мен тәжірибесін арттыру, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және әлеуметтік жобалардың сапасын көтеру – азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі бастамалардың көбеюіне ықпал ететіні сөзсіз.

Әсіресе, жастардың, волонтерлердің, қоғамдық ұйымдар мен бастамашыл топтардың әлеуметтік жобаларға белсенді қатысуы – ауданның қоғамдық өмірін одан әрі жандандырып,  жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа жобалардың пайда болуына жол ашады.

Осы орайда, аталған семинар жоғарыда аталған бағыттар бойынша білім мен тәжірибені арттыруға өз үлесін қосып, қатысушылардың өз сұрақтарына тиісті жауаптар алуына және еркін пікір алмасуына мүмкіндік берді.

Қорыта айтқанда, қоғамның дамуы – белсенді азаматтардың бастамасымен жүзеге асатын ортақ іс. Ал сол бастамаларды мемлекет қолдауымен нақты жобаға айналдырып, тұрғындардың игілігіне бағыттау – үкіметтік емес ұйымдардың үлесінде.

 

Яғни, белсенді азаматтар мен жауапты ұйымдардың бірлескен жұмысы – қоғамның тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі екендігі сөзсіз.