Әлия Молдағұлова дауыс берді

0
4

Ақтөбедегі №75 орта мектепте орналасқан № 561 сайлау учаскесі таңғы сағат жетіде өз жұмысын бастады.

Сайлау учаскесінде тұрғындардың белсенділігін арттыру және мерекелік көңіл күй қалыптастыру мақсатында сыртта әуен ойнап тұрды.

 

Күннің жексенбі болғанына қарамастан таңғы уақытта да келушілердің қатары көп. Алғашқылардың бірі болып қала тұрғыны Әлия Молдағұлова келді. Батыр қыздың есімін иеленген ақтөбелік тұрғын бұндай маңызды іс-шаралардан қалмайтынын айтады.

— Бүгін ерте келіп, өз азаматтық таңдауымды жасадым. Жалпы елімізде өтетін осындай маңызды іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Бұған дейін де сайлауға қатысып, азаматтық ұстанымымды білдіріп жүрмін. Бүгінгі күн еліміз үшін маңызды. Әрбір азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамауы керек. Биыл — қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 101 жыл. Батыр қыздың есімін иелену — мен үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік, – деді Әлия Молдағұлова.

Жалпы №561 сайлау учаскесінде барлығы 2062 дауыс беруші тіркелген. Олардың ішінде денсаулығына байланысты үйден дауыс беретін 9 тұрғын және мүмкіндігі шектеулі 4 азамат бар.

— Сондай-ақ жасы үлкен ата-әжелеріміз де дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Тұрғындар учаскеге келіп, өз азаматтық таңдауын жасауда. Біз үшін әрбір азаматтың дауыс беру мүмкіндігіне жағдай жасау маңызды. Еліміз үшін маңызды науқан сәтті өтсін! — деді №561 сайлау учаскесінің төрағасы Минара Наменова.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.