Ақтөбелік балықшы сайлау учаскесіне қармақ асынып келді

Ақтөбедегі №18 учаскеде сайлаушылар назары көп адамның арасынан қармақ асынған балықшыға ауды. Демалыс күнгі әрбір таңын балық аулаудан бастайтын қала тұрғыны Жасқанат Мұханбеталиев Елек өзенінің жағалауынан тұп-тура №5 мектептегі сайлау учаскесіне келген. Үйіне соқпастан таңғы олжасымен учаскеге келген балықшыға жұрт аңтарыла қарап, кейбіреулер тіпті суретке түсіп те жатты.
Жасқанат үшін балық аулау — жай ғана хобби емес, біраз жылдан бері қалыптасқан сүйікті әдеті. Тәжірибелі балықшы таң бозара бастағанда суға қармақ салғанды ұнатады. Өйткені таң алдында су салқын, ауа тынық. Қорек іздеген балық су бетіне жақындайды. Сондықтан балық аулауға қолайлы кездің бірі — таңғы мезгіл.
Сайлау күні де Жасқанат таң сәріден қармақ асынып, балыққа шыққан. Бірақ азаматтық міндетін де ұмытпай, таңдау жасау үшін Електің жағасынан сайлау учаскесіне келген.
–Балыққа ерте шықпасаң, қармағың қаппай қалуы мүмкін. Бірақ дауыс беруден де қалыс қалғым келмеді. Елімнің болашағына әсер ете алатын мүмкіндікті неге қалт жіберуім керек? Адамда ынта болса, бәріне де үлгереді, — дейді Жасқанат.
Сайлаушының қармағын асынып, таңғы олжасымен учаскеге келуі шындығында да есте қаларлық сәт болды.
Балықшының айтуынша, бүгін қармағы да жақсы қапқан. Жағалауға ерте барып, шортан мен көксеркені олжалаған Жасқанат мұны жақсы ырымға балап тұр.
Өз тілшіміз.



