Өнерлі отбасының тілегі

Ақтөбе қаласындағы №36 орта мектепте орналасқан №37 сайлау учаскесінде Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың артистері, «Құрмет» орденінің иегерлері Мағзұм мен Шалқия Бақытжановтар өз таңдауын жасады.
Ел ертеңіне бейжай қарамайтын өнерлі отбасы саяси науқанның әділ өтуі халықтың әл-ауқатын жақсартып, болашаққа деген сенімін арттыра түсетінін айтады.
— Болашаққа бастар дұрыс таңдау әрқайсымыздың жауапты шешімімізден басталады. Бүгін отбасымызбен бірге Құрылтай сайлауына келіп, азаматтық таңдауымызды жасадық. Ел үшін мәні зор осындай күні отбасымызбен бірге дауыс беру — біз үшін үлкен жауапкершілік әрі тағылымы мол сәт.
Біз өнер саласында еңбек етіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеміз. Өнер мен мәдениеттің қадірі артып, дәстүріміздің сабақтастығы үзілмесін. Жастардың бойына елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті сіңіру — аға буынның міндеті. Бүгінгі таңдауымыз елдің ынтымағы мен берекесіне қызмет етсін! — деді Мағзұм Бақытжанов.
Ақмарал Мұқашева




