ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЖАҢА БАСЫМДЫҚТАРЫ

Аудан орталығында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамытудағы стратегиялық басымдықтар» тақырыбында дәстүрлі Тамыз конференциясы өтіп, білім беру саласының жетістіктері сараланып, жаңа оқу жылына арналған міндеттер айқындалды.
Шараға аудан әкімі А. Жақсылықов, облыстық білім басқармасының бас маманы Б. Аманғалиева, аудан прокуроры Ж.Жұмағазиев, ардагер ұстаздар және білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Аудан басшысы: “Елімізде қабылданған Жаңа Конституция – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын бекемдейтін басты құжат. Осы орайда білім саласының алдында да үлкен міндеттер тұр.
Конституцияда айқындалған құндылықтар – заңға құрмет, әділеттілік, адам құқықтарын сақтау, отансүйгіштік – ең алдымен жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбие арқылы сіңіріледі. Сондықтан бүгінгі ұстаздың міндеті – білімді шәкірт тәрбиелеумен қатар, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын, саналы әрі отаншыл азамат қалыптастыру”,- деп қадірлі мамандық иелерін жас ұрпақты жаңа конституциялық талаптарға сай тәрбиелеуге шақырды.
Шара аясында «Кітап оқитын ұлт – рухы биік ұлт» және «Болашаққа бастар үш қадам: жасанды интеллект, экомәдениет, кәсіби бағдар» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырылды. Көрмеде оқушылардың жаңашыл жұмыстары, шығармашылық ізденістері мен тың жобалары көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, білім сапасын арттыру, заң мен тәртіп қағидаларын орнықтыру, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, заманауи технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, білім беру саласында үздік нәтиже көрсетіп, шәкірт тәрбиесіне елеулі үлес қосқан ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Тамыз конференциясы – жаңа оқу жылына жаңа серпін беріп, білім саласының даму бағыттарын айқындайтын маңызды басқосу.




