Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда айналымы 72,6 млрд долларға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттермен тауар айналымы 72,6 млрд АҚШ долларын құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 67,7 млрд доллар болған.
Қазақстанның ШЫҰ елдеріне экспорты 30,7 млрд долларды, ал импорт көлемі 41,8 млрд доллар болды.
Қазақстанның ШЫҰ елдерімен саудасындағы негізгі серіктестері — Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан. 2025 жылы Қытаймен тауар айналымы 34,2 млрд доллар, Ресеймен 27,4 млрд доллар, Өзбекстанмен 4,8 млрд доллар және Қырғызстанмен 2,2 млрд доллар болды.
Қазақстаннан ШЫҰ елдеріне экспортталған негізгі тауарлардың қатарында уран, мыс кендері мен концентраттары, шикі мұнай, мыс және мыс катодтары, табиғи газ, бидай және ферроқорытпалар бар.
2025 жылы бірқатар ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты өсті. Атап айтқанда, жануарларға арналған азық өнімдерінің экспорты 2,5 есеге артып, 614,9 млн долларға жетті. Күнбағыс майының экспорты 62,4%-ға өсіп, 633,7 млн долларды құрады. Бидай экспорты 17,1%-ға артып, 1,13 млрд долларға жетті. Арпа экспорты 22%-ға, бидай ұны 11,8%-ға, зығыр тұқымы 72,9%-ға өсті.
ШЫҰ елдерінен Қазақстанға импортталатын негізгі тауарлардың қатарында жеңіл автомобильдер, автомобиль кузовтары, табиғи газ, мұнай өнімдері, алтын, есептеу машиналары және автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер бар.
Қазақстанның экспортында уран, мыс кені мен концентраттары, мұнай, мыс, табиғи газ және бидай негізгі позицияларды сақтап отыр. Сонымен қатар күнбағыс майы, жануарларға арналған азық, ұн, арпа және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша экспорт көлемінің өсуі қазақстандық өнімге сыртқы нарықтардағы сұраныстың бар екенін көрсетеді.
Айта кетелік $78,6 млрд болатын 215 жоба Қазақстанның жаңа инвестициялық циклін қалыптастырып жатқаны туралы жазған едік.




