Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін сынға алды

0
6

АСТАНА. KAZINFORM –Заманауи жолдар мен жол бойындағы сапалы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан халықаралық транзит дәлізі немесе Еуразиядағы көлік-логистика орталығы бола алмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Президент мәселенің маңызы зор екенін, оны қалай болғанда да шешу қажеттігін баса айтты.

– Егер шекара бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісін тудыратын «тар өткелге» айналса, ал қазіргі жағдай осындай болса, онда Қазақстанның өңірдегі көшбасшылығы туралы сөз қозғаудың өзі артық, – деп сынға алды Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтеді. Бұл – елімізге үлкен бәсекелік артықшылық беретін мүмкіндік.

– Алайда әзірге бұл әдемі презентацияларда қалып отыр. Осы мүмкіндікті іс жүзінде пайдалану үшін жерүсті сервистік инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан тәсіл. Ал қазір қомақты табыс көздері елімізді айналып өтуде, – деді ол.

Тоқаев «Air Cargo» жеке компаниясына үлкен үміт артылғанын атап өтті.

– Оның қаржылық мүмкіндігі мол, соның ішінде шетелдің жетекші мамандарының еңбекақысын төлеуге де қауқарлы. Сондай-ақ компания дербес шешім қабылдай алады. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім де, нәтиже де жоқ. Сіздерге сенім арттық. Енді нақты нәтиже күтеміз, – деді Президент.

Айта кетейік, биылғы Жолдау «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталады.

Бұған дейін Президент Ұлттық қордың ең басты миссиясын атаған еді.

 

Қазақстан Президенті

Жолдау-2026

Қасым-Жомарт Тоқаев

Транзит

Ақорда