Тоқаев Балқаш АЭС құрылысын келер жылы бастауды ұсынды

0
5

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды.

Президент Атом энергетикасын дамыту айрықша маңызды екенін еске салды.

– Жалпыхалықтық референдумның қорытындысы бойынша атом электр станциясын, тіпті бірден бірнеше станция салу туралы дұрыс шешім қабылданды. Енді атом электр станцияларын алдағы елу жылда және одан кейін де уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді ойластыру керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Президент Қазақстандағы АЭС-тердің қажеттілігін алдағы жүз жыл бойы өтеуге мүмкіндік беретін Мемлекеттік стратегиялық уран қорын құру ұсынысын байыппен қарастыруға тұрарлық екенін айтты.

— АЭС салуға қатысып жатқан шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялы өндірістер ашуға, ядролық энергетика саласындағы білім мен тәжірибені беруге, отандық атом саласы мамандарын даярлауға тарту маңызды. Мұндай ұсыныстарды Ресей мен Қытай компаниялары да білдіріп отыр. Келер жылдың өзінде «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек қолға алу үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды орынды, тіпті қажет деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте келіссөздердегі барлық ұстаным Қазақстанның ұлттық мүдделерін ескере отырып, мұқият пысықталып, келісілуі керегі айтылды.

Бұған дейін Президент Ұлттық қордың ең басты миссиясын атаған еді.

Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін сынға алды.

 

Жолдау-2026

Қасым-Жомарт Тоқаев

Құрылыс

АЭС