Өзімізде бардың бағасын неге білмейміз?

0
90

      Аласапыраны көп, жұрт әйтеуір бір тірлік жасап, күн көріп жүрген 90-шы жылдардың аяғында, ауданымыздың аумағындағы адамдар арасында: «Қалада түлкінің терісі жақсы өтеді екен» деген әңгіме тарап, бұл жақсы хабар не істерін білмей, дал болып жүрген бірталай  кісінің құлағын елеңдетіп,  ойландырып тастаған. Солардың қатарында мен де бар едім.

 

               Ол кезең көп ойланып отыруды да көтермейтін. Сондықтан осы сөзді естіген күннің ертеңіне-ақ, талайдан бері берен мылтық, жүйрік тазы, ұшқыр ат, құс ұстап, аңшылықпен айналысатын көршім әрі бажам Бақсыйықтың үйіне бардым. Мезгіл желтоқсан айының ортасы еді.  Сол күні  жапалақтап қар жауып тұрғаны есімде. Келген бұйымтайымды айтып едім, Бақсыйық: «Түлкінің терісін табу қиын емес. «Келіннің аяғынан, шопанның таяғынан» дегендей, міне ертең қансонар болайын деп тұр» деді.

Қысқасы, келесі күні таңертең екеуміз екі атпен, мылтығымызды сайлап, тазымызды ертіп, аңға шықтық. Ауылдан шыға бере-ақ қоянның ізі кездесе бастады. Иттеріміз ізге түсіп, қалың шиге алып барған. Шиге жақындағанымыз сол еді, иттерден үріккен бір қоян ши арасынан ытқып шығып, жазық далаға қарай қаша жөнелді. Иттерге де керегі осы ғой, бас салып қоянды қуа жөнелген. Бұл көрініске арқам қозып, атымды қамшылып, айқайлап, иттердің артынан менде далақтап шаба жөнелгенім сол еді, Бақсыйық ізімнен қуып жетті де, қатарласа бере: «Аптықпа бажа!  Қазір иттер қоянды бері қарай қайыра қуады! Сол кезде атып аламыз!» деп айқайлады.

Айтқанындай-ақ, арада көп уақыт өтпей қоян бері қарай қашты. Әккі Бақсыйық, анадай жерден қапталымыздан зулап өтіп бара жатқан қоянды, мен мылтығымды оқтаймын дегенше, өз мылтығымен атып, қағып түсірді.

– Ал енді бажа атқа қамшыны бас! Иттер жұлмалап тастамастан бұрын жетуіміз керек! – деп, қоян құлаған жаққа құйғытып, шаба жөнелді. Мен де атыммен далақтап шауып жеткенімде, Бақсыйық қоянды екі құлағынан ұстап,  бері қарай алып келе жатқанын көрдім. Әжептәуір ірі қоян екен.

– Мә, бажа, мынаны мен сенің қанжығаңа байладым, – деп, мені аттан да түсірмей, ертоқымымның жанына мықтап байлап берді.

Осы аралықта бажайлап, айналама қарасам, тегістікте жел көтеріліп, жаяу борасын басталыпты. «Түлкі көрінбейді. Қансонар аяқталайын деп тұр-ау…» деп алаңдай бастадым.

–   Саспа бажа, бұйырғанын көрерміз. Қансонар болмаса, қызылсонар жасаймыз, – деп әзілдеген Бақсыйық, өзенді жағалап барып, тап бір сол жерге біреу түлкіні байлап қойғандай, ескі тоғайға қарай кілт бұрылды. Тоғайға жақындай бергенімізде, жар астынан бір түлкі шыға келді де, бізге қарап қашпай, аңтарылып біраз тұрды да, артымыздан еріп келе жатқан иттерді көрген бойдан бұлаң құйрыққа салып, ары қарай зыта жөнелді. Иттер де арсалаңдап қуып берсін! Қу түлкі,  өмірі аңға шығып көрмеген менің итімді құйрығымен екі-үш рет алдап сытылып кеткенімен, Бақсыйықтың тәжірибелі сары тазысынан құтыла алмады. Сары тазы бір ұмтылғанда-ақ түлкінің адымын аштырмай, әп-сәтте алып ұрды…

– Бүгінше осы олжамыз да  жетер. Түлкіні өзім сойып, терісін тұздап,  бір-екі күннен кейін сатуға дайындап беремін, – деді Бақсыйық.

Бажам уәдесінде тұрды. Үш күннен кейін барсам, көздің жауын алатын түлкінің терісін дайындап қойыпты. Теріні алып, қасыма жақын маңда тұратын Бақытжан ағайды ертіп, автобусқа мініп, қалаға тарттым. Қаладағы базарда, өмірімде  шұғылданып көрмеген іспен айналысуға мәжбүр болдым. Айнала толған иық тірескен адам. Арасында мен: «Түлкінің терісін аламыз!» айқайлап қоямын. Анадай жерде маған қабаттасып келе жатқан Бақытжан ағай әр кезде: «Олай деп айқайла, бұлай деп айқайла…» деп, маған ақыл берген болады. Біреулер келіп, бағасын сұрап, теріні ұстап көріп жатыр. Сөйтіп келе жатып, базардың арғы шетіне шығып кетіппін ғой. Теріні ешкім алмады. Бір жерде біреу көп түлкінің терісін сатуға іліп қойыпты.  Бірақ сапасы төмен сияқты, түсі  біртүрлі солғындау екен. Оның қасында біздікі қып-қызыл болып құлпырып тұр. «Мәртөк» ауданында қолда бағылған түлкінің терісі» деді сатушысы. Мынаның терісі жанында менікі әжептәуір әдемі екеніне көңілім көтеріліп, дауысымды да қаттырақ әрі сенімдірек шығарып, айқайлаған күйі базардың ортасына қайта кірдім. Осы айқайым әсер етті кім білсін, айтқан бағама болмаса да, әжептәуір  теңгеге әйтеуір саттым-ау. Содан қолыма түскен ақшаға бірталай азық-түлік алып, артынып-тартынып, ауылға қайтқанымыз бар…

Айтайын дегенім, сол жылдары түлкінің терісі ғана емес, қой мен ешкінің, сиыр мен жылқының т. б. кез келген тері жерде қалмайтын. Сиыр терісінен тулақ жасап, үйдің кіреберіс есігінің ішкі жағына төсеп тастайтын. Үлкен кісілер қоянның терісін жылы болады деп төсіне байлап қоятын. Қысқасы, тері әйтеуір бір кәдеге асып жататын еді. Тіпті 2000-шы жылдардың басында ауылға тері сатып алушылар келіп тұратын. Қалаға бара қалсақ, алдымыздан саудагерлер: «Сататын теріңіз бар ма?» деп жүгіріп шығатын кездер де болды. Қалада әр жерден: «Тері, жүн сатып аламыз!» деген жарнамаларды да көріп қалатын едік.

Ал бүгінде, ет пен ешкінің түбітінен басқа барлық ауыл шаруашылығы өнімдері дерлік, әсіресе тері мен жүннің қадірі жоғалды.   Бәрі қоқыста өртеліп немесе ит пен құсқа жем болып, рәсуасы шығып, былғанып жатыр. Шетелде экологиялық таза деп, бағасы өте құнды саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің бізде осындай ысырапшылдыққа ұшырап, қор болып жатқаны қынжылтады. Кейде: «Ауданымызда, ең болмағанда тері мен жүнді өңдейтін кәсіпорын ашса, болмас па екен?» деген ойға кетемін. Осы мәселені аудандық  ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі неге қолға аламасқа? Егер өздерінің қолдарынан келмесе, шетелмен байланыс жасап, инвестиция тартып, жаңа технология алдырып, керек болса жастарды сол жақтағы кәсіпорындарға қысқа мерзімді оқуға жіберіп дегендей неге бір әрекет жасамасқа? Қазіргі жаңа Қазақстанда мұндай жаңашыл істерді атқарамын деген кісіге қолдау  көрсетілетіні анық қой. Егер осы ұсыныс іске асып жатса, екі қолға сыңар күрек таппай, жұмыссыз бос жүрген қаншама жастарымыз жұмысты болып, еңбек етер еді деп ойлаймын. Бұл бір оқпен екі қоянды атып алғанымыз болар еді.

Нұрсұлтан ІЛИЯС,

                                                                                                        еңбек ардагері.