Имашев көшесінде Наурыз мерекесі

0
92

Биылғы Наурыз мейрамын  алғашқы болып  тойлауды бастаған аудан орталығындағы Имашев көшесінің тұрғындары болды. 14 наурыз күні, аталған көше бойына ақшаңқан киіз үй тігіп, алтыбақан құрып және алқызыл ленталар іліп, көңілді әуен әуелеткен көше тұрғындары тойды дәл сағат 12. 00-де бастап та жіберді.

Он екі қанат еңселі де кең киіз үйдің ішіне мол дастархан жайылып, алқа-қотан отырған ақсақалдар мен көше тұрғындары бір-бірін мерекемен құттықтап,  ақжарма тілектерін ақтарды. Одан кейінгі кезек ұлттық ойындарға беріліп,  әсіресе жастар жағы алтыбақанда тербеліп, қол күресінен, зіл тас көтеруден, арқан тартудан, балалар жағы асық ойнаудан жарысқа түсті.

Тартысты да қызықты өткен қол күресінен Сыр елінен келген қонақ, хирург-дәрігер Бексұлтан есімді жігіт жеңімпаз атанса, ІІ-ші орынды Рысқали атты жігіт, ІІІ-ші орынды 9-шы сынып оқушысы Ерсұлтан иеленді.

Ал, зіл тас көтеруде Мирболат атты жігіт алдына жан салмаса, осы тойды жүргізген Советхан ІІ-ші, Бексұлтан ІІІ-ші орынмен қанағаттанды.

Сондай-ақ арқан тарту сайысында ер адамдар мен әйелдер арасында бөлек жарыстар үйымдастырылып, балалар да асық ойнаудан жарысқа түсті.

Мерекеге аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаев пен бөлім басшысы Ж. Жайсаңбаева қатысып, көше тұрғындарын мерекемен құттықтады және осы шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан Амангелді Тайыровқа, Мират Мұқашовқа және Түгел Барақ Жандосұлына аудан әкімінің «Алғыс хатын» тапсырды.

–  Н. Имашев көшесінің  тұрғындары  биыл ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, ауданымызда ең алғашқы болып, Наурыз мерекесін  тойлап отыр. Қыстың қытымыр аязынан арылып, көктемнің жайма шуақ күндеріне жеткенін қуана тойлап жатқан көше тұрғындарын мерекемен құттықтаймын. Көше тұрғындарының татулығы одан әрі жалғаса берсін. Еліміз тыныш болып,  Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – деді бізбен сұқбатында аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаев.

Біз, мерекені тойлап жатқан осы көшенің тұрғындарын да сөзге тартқан едік. Көше тұрғыны Түгел Самарқанов: «Біз бұл мейрамды   2019 жылғы пандемиядан кейін көшеміздегі көршілермен бірге тойлай алмадық. Енді міне биыл, соны қайта жаңғыртудың сәті түсті.  Мен көше тұрғындарының бірлігіне ризамын» деді.

Сондай-ақ, Махмут Ермағанбетов те: «Біз үш үй, Байғанин көшесінен болғанымызбен, оған қарағанда Имашев көшесіне жақын орналасқанбыз. Сондықтан біз, кез келген шараны осы көшенің тұрғындарымен бірлесіп жасауды әдетке айналдырғанбыз. Көше тұрғындарының ауызбіршілігі зор. Мен осындай жақсы ауылдастарым бар екенініне  қуанамын» деді.

– Біз осындай шараларды ұйымдастыра бастағанымызда, о баста 19 үй біріккен едік, – дейді А. Тайыров. – Бүгінде тойға барлығы 35 отбасы қатысып отыр. Бұл, жыл өткен сайын аталған мерекені бізбен бірге тойлаушылардың қатары артып келе жатқанын көрсетеді.

Мереке барысында мал сойылып, жиналғандарға қонақсы берілді және көшенің көпті көрген, көнекөз ақсақалдары ақ батасын берді.

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.