«АРМЫСЫҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!»

0
83

Биылғы Наурыз мерекесін тойлау – аудан орталығындағы бірқатар  көшелерде  19 наурыздан бастап  ұйымдастырыла  бастаған болатын.   Ал 21 наурыз күні мереке Шұбарқұдықтағы орталық алаң мен орталық саябақта және Сартоғай ауылындағы «Нұрлепес Ата» атындағы саябақта өтсе, 22 наурыз күні Кеңқияқ пен  Саркөлде және т. б. елді мекендендерде  ұйымдастырылды.

Аудан орталығында орталық алаңдағы Наурыз мерекесіне орай  өткен шара – «Армысың, Әз-Наурыз!» деп аталды. Этноауыл форматында  ұйымдастырылған шарада қаз-қатар ақшаңқай киіз үйлер бой көтеріп, алаңға жиналған көпшілік наурыз көже мен түрлі  ұлттық астан дәм татты,
театрлан­ды­рыл­ған көріністер мен қол­өнер­шілер көрмесін,  ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін бағдарламаларды, ұлттық спорт түр­лерінен, атап айтқанда қол күресінен, асық атудан, арқан тартудан, гір тасын көтеруден   өткізілген  жарыстарды тамашалады. Шара аясында, «100 Дос Шұбар»  қайырымдылық қоры жалғызбасты, көпбалалы ана Э. Құсаиноваға баспананың кілтін табыстады. Шараға аудан әкімі С. Аманбаев қатысты және тойшы қауымды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, аудан халқына ізгі тілегін арнады.

Алаңда бастау алған мерекелік шара одан әрі орталық саябақтағы  Н. Байғанин атындағы  аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының  сахналық қойылымдарды көрсетуімен және  әсем де әуезі әуендерді әуелеткен әндерді шырқауымен, сондай-ақ  үлгілі «Алтын-ай» би ансамблінің мың бұрала билеген үлкен концертпен жалғасын тапты.  Ұлысқа мерей, туысқа мейірім сыйлайтын бұл татулық мерекесіне арналған шара – аудан орталығында жоғары деңгейде өтті.

Осы күні  Сартоғай ауылындағы «Нұрлепес ата» саябағында да Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтті. Мұнда да саябаққа киіз үйлер тігіліп, кең дастарқан жайылып, мерекені тамашалауға келген сартоғайлықтарға наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды, ұлттық ойындарды жаңғырту және дәріптеу мақсатында қатысушылар арасында арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, қазақша күрес сынды спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күніне арналған бұл мерекеге аудан әкімі С. Аманбаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Б. Бақтығалиев, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Жасақбаева, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Шарада аудан әкімі сартоғайлықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

  Мереке 22 наурыз күні Кеңқияқ ауылдық округінде жалғасын тапты. Кең аумаққа  онға жуық киіз үй тігіліп,  ауыл өнерпаздары Кеңқияқ кентін  ән мен күйге бөледі. Мерекелік шараға жиналған көпшілік дастарханнан дәм татып, дәстүрлі тағамдар – бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиді, ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарды тамашалады. Шара барысында, мерекеге  арналып тігілген киіз үйлердің сыртқы келбеті, ішкі көрінісі, ұлттық нақышы, онда жайылған дастархан мен салт-дәстүрді дәріптеу деңгейі, киіз үйді тіккен ұжым мүшелерінің ұйымдастырылған басқа да жарыстарға қатысудағы белсенділігі сияқты т. б. сапасы сыналып, сайысқа түсті. Нәтижеде, «Зере» бөбекжай-балабақшасы ұжымы мүшелерінің ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарда жүлделі орындарға ие болғаны да ескеріліп,   «Үздік киіз үй» аталымы бойынша Бас Жүлдені жеңіп алды және мерекелік «Алғыс хатпен»  және сыйлықтармен марапатталып, округ әкімі М. Өтегенов қаржылай сертификат табыс етті.

Осындай мереке Саркөл ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Бірлік пен ынтымаққа бастап, жақсылық пен мейірімге бөлеп, өте тартымды да қызықты өткен бұл қос мерекеге де  аудан басшысы С. Аманбаев қатысып, кеңқияқтықтар мен саркөлдіктерді  құттықтады және жүрек жарды ақ тілегін  жеткізді.

Әбдісәли әл-ТАМДЫ.