Театр – өмір айнасы

0
80

Кеше Темір аудандық мәдениет үйінде театр күніне орай “Актриса” атты қойылым көрсетілді. 5 жылдық тарихы бар “Аманат” көркем-өнерпаздар үйірмесінің бұл туындысы  көрермен көңілінен тағы бір мәрте орын алды.

Қойылымнан кейін “Аманат” жастар театрының режиссері Тимур Еңсегеновпен де сұхбаттасып үлгерген болатынбыз. Сұхбат барысында өнер жолына қалай келгендігі жайлы және Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов сияқты ұстаздардан тәлім алғаны туралы да айтып өтті. Үйірме қоржынын да тек бұл спектакль

ғана емес, бұдан бөлек Қанат Жүнісовтың “Алғашқы махаббат”,

Тасболат Омаровтың “Жазығым не менің, анашым?”, Тахауи Ахтановтың “Күшік күйеу”, Шыңғыс Айтмановтың “Жәмилия” т.б. спектакльдер қойылып, көрермен тарапына жол тартқан. Қазіргі таңда 15 шақты мектеп оқушыларынан құралған топпен жұмыс жасап, жаңа қойылымдар дайындап жатқаны туралы да тілге тиек етті.

Кез келген дүние көрерменге жол тартпас бұрын өзіндік бір идеясы мен маңызы болатыны секілді “Актриса” спектаклі құдіретті өнер жолының қаншалықты еңбек пен терді қажет ететіндігі, өнер жолының ауыртпалығын, іштегі мұң мен өнерге деген махаббатты ұштастыра отырып, және осы жолмен еңбекті бағалайтын көрерменнің көп болып, өнер жолына деген көзқарасы өзгерсе екен деген ниетпен жарыққа шыққан.

“Актриса” қойылымында басты рольдерді ойнаған 11-сынып оқушылары Ғайза Жарасқызы және  Арғын Мәлікұлымен де жүздескен болатынбыз. Әңгіме барысында бірі спорт бағытын қаласа, бірі осы өнер жолымен шыңдалғысы келетінін білдірді. Өзінің тәлімгері Тимур Еңсегеновты үлгі тұтатынын айтты.

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін өнер саласында бой көрсетіп, театр жанрына үлес қосып жүргендерді, алдағы 5 жылдықтарымен құттықтай отыра, жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге берекет тілейміз.

                                                                                                                     Нұрмұхамбет Гүлдана.