«Кітап ғалым – тілсіз мұғалім»

0
39

«Адамның досы – кітап, өмір кілті,

Тең келмес оған жиған дүние мүлкің.

Оқуға құштар жанға жол серігі,

Асыл ой, қазынасы, өмір көркі» деп ақын жырлағандай, кітаптар –  жапырақ тәрізді бейне бір өмірдің сырын жырлап, көңіл күйді көтереді. Кітап – алма ағашы секілді жемісін беріп, әрбір беті сол тәтті алманы сүйсініп жегендей болатын ақылшы ұстаз.

С. Байшев атындағы ЖОББМ-де мектеп оқушыларының сабақ арасындағы үзіліс кезін тиімді пайдалану үшін, кітапханамен байланысы жақсы жолға қойылған. Оқушылар әрбір үзілісте кітапханаға бас сұғып,  «Ұлан», «Айбын», «Балдырған», «Жыл он екі ай» журналдарын  қызыға оқып, өздеріне ұнаған кітаптарды да таңдайды.  Сондай-ақ, мектепте әрбір тоқсан сайын «Жағдайың қалай, оқулық?» тақырыбында оқулықтарға рейд жүргізіліп отырылады. Өткен қыста «Қыста оқимыз» акциясы ұйымдастырылып, оқушылар электронды кітаптарды оқуға шақырылды. Бұл акцияға да оқушылар  белсенді қатысты. Сонымен бірге, мектеп кітапханасында «Абай дана – Абай дара», «Желтоқсан жаңғырығы», «Әжемнің ертегілері», «Сен өз құқығыңды білесің бе?», «С. Байшевтің өмір жолы» тақырыптарында іс-шаралар өткізілді.

Осындай шаралардың бірі, жуықта мектеп кітапханасында   «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында, «Кітап ғалым – тілсіз мұғалім»  атты тақырыпта ұйымдастырылған саяхат сағаты болатын. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың интернет желілері мен ұялы телефонға тәуелді болмай, кітап оқумен шұғылданып,  ой-өрісін кеңейтуге, тіл мәдениетін дамытуға деген құштарлығын арттыруға тәрбиелеу.  Мұнда, әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін ұйымдастырылған «Ертегілер әлеміне саяхат» іс-шарасы тартымды өтті. Оқушылар ертегілер әлеміне саяхат жасай отырып,  ондағы жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін ертегілер туралы кітап көрмесі мен ертегі кейіпкерлерін сомдау арқылы таныды.

Мектебімізде, алдағы кезеңдерде де жоспарға сай осындай оқушыларға берері мол тірбиелік іс-шараларды  жүргізу күтілуде.

                                                                                                                       А. Б. ТУРЕБЕКОВА