Кәсіпкерлікке мүмкіндік мол

0
67

Елімізде бұған дейін Президенттің Жарлығымен  «Ауыл аманаты» жобасы қабылданып, пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш рет жүргізілген болатын. Жоба оң нәтиже беріп, облыста жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны күрт азайған және жеке кәсіппен айналысып, өнім өндіріп,  алынған өнімді өңдеу, жеткізу, сатуды  жүргізетін кәсіпкерлердің саны артқан. Осыған байланысты, Мемлекет Басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасымен, «Ауыл аманаты» жобасы еліміздің бірқатар  аймақтарында, соның ішінде Ақтөбе облысында да, қолға алынған болатын. Жоба біздің ауданымызды да  қамтып отыр.  Біз жуықта, аталған мәселе бойынша, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Е. Жолдығаринге осы мәселе бойынша бірнеше сұрақ қойған едік.

      –  Қазір облысымызда, соның ішінде ауданымызда  «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру –  өзекті болып тұрғанымен, әлі де болса көпшілік мұның мақсатын, маңыздылығын, тиімділігін, пайдалану тәртібін жете білмейтін сияқты. Сондықтан аталған бағдарламаға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Президент тапсырмасын орындау үшін жобаға 2023 жыл үшін еліміз бойынша  100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен несиеге беріледі.  Пайыздық көрсеткішінің төмендігі – халыққа оны өтеу оңайырақ болатынын көрсетеді. Жалпы, бағдарлама халықты бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Оның пайдасы көп. Бірлік бар  жерде, тірлік бар демекші,  осы бағдарламаны пайдаланып, ауылды көтеруге болады. Оның үстіне, жергілікті әкімдік пен «AMANAT» партиясы да көмектесіп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл өте маңызды. Себебі, сала мамандарының кеңесі жеке кәсібін   дөңгелетем деушілерге өте керек. Сонымен қатар, ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Одан қалды, агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер беріледі. Ал, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл да үлкен қолдау. Мәселен, қорадағы малының сүтін тапсырамын дейтін кооператив мүшесі, оны корпорация арқылы нарық бағасымен сата алады. «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты –  ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту,  ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру, ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатыны қайта-қайта айтылып жатыр. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар, тиісті түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.  Несие «Ақтөбе» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Несиені ауылдық елді мекен және шағын қалалардың тұрғындары (қарыз алушының жасы зейнет жасынан аспауға тиіс) ала алады. Жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін – 8 625 000 теңгеге дейін (2,5 мың айлық есептік көрсеткіш), ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін – 27 600 000 теңгеге дейін (8 мың айлық есептік көрсеткіш) жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 2,5 %. Шекті мерзімі – 60 айға дейін (тараптардың келісімі бойынша анықталады). Өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін (тараптардың келісімі бойынша анықталады).  Несие алушы міндетті түрде кепілмен қамтамасыз етілуі керек. Кепілге тұрғын үй, көлік, жер учаскелерін қоюға болады. Несие құс шаруашылығын (ауыл шаруашылығы құстарының барлық түрлерін), өсімдік шаруашылығын (ашық топырақта және жылыжайда өсірілетін өсімдіктің барлық түрлерін), дәстүрлі емес шаруашылықты (қоян, балық, бөдене, бал арасы, сүтті бағыттағы ешкі өсіру және т. б.), ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын дамытуға бағытталған.

      –   Өткенде облыс әкімінің ауданымызға жұмыс сапары кезінде, аталған бағдарламаның іске асуырылуына көп сын айтылғаны шындық. Айтыңызшы, бүгінде осы бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен ауданымызға қанша қаражат бөліну жоспарланған, оның қаншасы бөлінді және қаншасы игерілді? Ауданымызда бағдарлама бойынша қанша жоба жасалуы керек және бүгінде қанша жоба жасалды? Бұл аз ба, көп пе? Бұл бағыттағы жағдай басқа аудандармен салыстырғанда, қандай деңгейде?

– Темір ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы  аясында  «Ақтөбе» ӘКК-на  69 жоба құжаты тапсырылды. Қазіргі уақытта осы жобалар бойынша 106.0 млн. теңгеге 21 жоба қаржыландырылды, 186.7 млн. теңгеге 41 жоба  мақұлданды, 33,1 млн. теңгелік 6 жоба комиссия қарауында тұр.  Жобаның баяу жүруі – несие алуға ниетті азаматтардың кепілге қоятын тұрғын-үй құжаттарының дұрыс болмауы, несие берешектерінің бар болуы, несие тарихының дұрыс болмауы салдарынан болып отыр.  Және ауылдық жердегі тұрғындардың басым көпшілігі, несиеге мал сатып алуды  қалайды. Ал, әзірге мал шаруашылығы бойынша қаржыландырылып отырған жоқ.

–  «Ауыл аманаты» жобасы бұрын Жамбыл облысында қолданылған. Биыл Ақтөбе облысында қолданылып жатыр. Бұл жоба тек биылға ғана жоспарланған ба әлде келесі жылы да жалғасын табады ма?

      – Аталған жобаға қаражат республикалық бюджеттен бөлінетіндіктен және пилоттық жоба болғандықтан, келесі жылы жалғасын таба ма, оны нақты айту қиынырақ. Сондықтан, биыл бізге мүмкіндік беріліп тұрғанда, темірліктер бұл жобаны пайдаланып қалғаны дұрыс деп ойлаймын.

      –  Ауданымызда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындар қай салаға басымдық көрсетіп жатыр? Сіз қай салаға басымдық берілуін қалар едіңіз?

        –  Бүгінгі күнге 69 жобаның ішінен 18-сі құс шаруашылығын, 18-сі өсімдік шаруа қожалығын, қалған 38 жоба шағын кәсіпкерлікті дамытуға несие алып отыр. Аталған жобаның мақсаты – жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін ашумен қатар, өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешу болып саналатынын жоғарыда айттық. Біз аудан бойынша халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының 65 түріне талдау әзірлегенбіз. Талдауға сәйкес 65 түрдің 3 түрімен (сиыр еті, қой еті, жылқы еті) облыс өзіндік өндіріс есебінен толық қамтылған. Бүгінгі күні 18 тағам түрімен өңір өз-өзін 0,7%-дан бастап, 90%-ға дейін ішінара қамтып отыр. Бұдан бөлек, 44 азық-түлік түрі ауданда өндірілмейді (негізгілері: күріш, тұз, қарақұмық жармасы, қант, бұрыш, бұршақ, жүгері, фасоль,  лимон, майонез, қызанақ пастасы, жармалар). Аталған тауарлар басқа өңірлерден алып келу  есебінен қамтылуда. Сондықтан да, өз басым, құс шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына басымдық берілгендігін қалаймын. Ал, сырттан тасымалданатын азық-түлік тауарларына деген тәуелділіктің азайғанын кім болса да қалайтыны анық.

       – Аталған жобаны іске асыруда қай округ алда келеді? Жалпы барлық округтердің осы бағыттағы көрсеткіштерін айта аласыз ба? Қай округ осалдық  танытып  отыр?

      – Аудан бойынша ауылдық округтер бөлінісінде Ақсай ауылдық округі бойынша жалпы суммасы 49,0 миллион теңгені құрайтын 13, Алтықарасу  ауылдық округінен 11,0  миллион теңгелік 5, Жақсымай  ауылдық округі бойынша 37,9 миллион теңгенің 6, Темір қаласынан  48,7  миллион теңгені құрайтын 8,  Саркөл ауылдық округінен 24,2 миллион теңгелік  8,  Шұбарқұдық ауылдық округі бойынша 16,7 миллион теңгені құрайтын 3, Кеңестуы ауылдық округінен 26,3 миллион теңгелік 6, Қайыңды  ауылдық округі бойынша 10,1 миллион теңге құрайтын 3, Тасқопа ауылдық округінен 17,9 миллион теңгелік 5, Кеңкияқ  ауылдық округі бойынша жалпы суммасы 42,8 миллион теңгені құрайтын 7 жобаның құжаты тапсырылды. Осы көрсеткіштерге қарап, қайсы округ алда, қайыссы артта екені көрініп тұр деп ойлаймын.

        –  «Ауыл аманаты» жобасының тұрғындар арасында жақсы қарқын алуы үшін ауылдық округтер әкімдері мен темірліктерге қандай кеңестер берер едіңіз? Аталған жобаның ауданымызда толық жүріп кетуі үшін, жалпы не істеу керек,  қандай жұмыстарды атқару қажет деп ойлайсыз? Нақты қандай ұсыныстарыңыз бар?

–  Жергілікті жердегі округ әкімдері тұрғындардың мүмкіндігін, қандай іске қабілеті барын біледі ғой. Сондықтан округ әкімдері тұрғындарды бағыттау керек.  Және әрбір азамат ортақ іске елеулі үлес қосуы қажет.   Еңбек етіп, табыс көзін іздеу арқылы өз жеке ісімен айналысу үшін әрбір азамат талаптануы керек. Әр азаматтың санасында: «Мен еліме қандай пайда әкелемін?» деген позитивті ой  болса, ілгерілеу болатыны айдан анық. Қазір несие алуға ниетті азаматтарға толығымен құжаттық-ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Ауданда 3 кепілді бағалау компаниясы бар. Кепілді бағалау құжаттарын жасату үшін қалаға барып шығындалудың қажеттілігі жоқ. Ауыл тұрғындарының құжаттарының дұрыстығын нотариалдық конторалар жоқ округтерде, ауылдық округі әкімдері  тарапынан құжаттың түпнұсқасын растау қызметі көрсетіледі. Сонымен қатар, несие алуға ниетті азаматтарды құс шаруашылығы  мен өсімдік шаруашылығы бойынша бизнес-оқыту курстары ақысыз түрде ұйымдастырылуда. Әр ауылдық округте «Азаматтарға арналған үкімет» МККЕ-АҚ арқылы жобаға қатысушыларға арнайы мемлекеттік қызмет көрсететін бір маманнан тағайындалды. Жұмыс жасап жатқан жеке кәсіпкерлерге «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Темір ауданы бойынша филиалы ақысыз түрде бизнес-жоспар дайындауға көмек көрсетуде.

          – Сұқбатыңыз үшін рақмет!

                                                                     Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЙ.