ЖАҚСЫМАЙДАҒЫ ЖАҚСЫ ІСТЕР

0
61

Жақсымай ауылдық округі – 2019 жылы   құрылған округ.  Жақсымай ауылдық округінің құрылғанына да арадан 4 жыл зулап өте шығыпты. Сондықтан, осы төрт жастағы ауылдық округтің бүгінгі  тыныс-тұрмысын оқырман назарына ұсыну үшін Жақсымайға барып, қайтқан едік.

               Негізі, бұрын ұзақ уақыт  бармаған нысанға келе жатқан кісі жан-жағына сыни көзбен қарап, әлдебір тосын да жағымды дүниені көруге қызығушылық танытатыны белгілі. Өйткені келе жатқан нысанның, араға уақыт салып, өзгерген-өзгермегені, қазіргі жағдайы қандай екені оның кіреберісінен-ақ байқалатыны шындық.  Осы заңдылық бойынша біз Жақсымай ауылдық округінің орталығы «Шұбарқұдық кәсіпшілігіне» кіреберісіндегі, елді мекеннің атауын білдіретін белгіден-ақ, ауылдың әкімі Құдайбергенов Руслан Ерғалиұлының эстетикалық талғамын   аңғардық.  Бізге, әсіресе белгідегі екі ауыз сөзбен-ақ «Шұбарқұдық кәсіпшілігі» елді мекенінің тарихы тереңде жатқанын айтып тұрғаны ұнады. Руслан Ерғалиұлы жоғары білімді, Жақсымай ауылдық округі құрылған күннен бастап, алдымен әкімнің міндетін атқарушы, кейін 2020 жылдың наурыз айынан осы күнге шейін әкім ретінде қызмет етіп келеді. Бұрын Темір аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің басшысы болып еңбек еткен оны бұл лауазымға аудан басшылары таңдаған. Жас жігіттің алғашқы күннен бастап, жұмысқа  құлшына кіріскенін бұрынан білетінбіз. Оның қазіргі заман талабына сай жұмыс жасайтыны, жұмыс орнына келгенде аңғарыла түсті. Анығырағы, ауыл әкімі кабинетінің қабырғасы қарапайым қалың әйнектен жасалған екен, яғни кабинет іші кеңседегі қызметкерлерге барлық уақытта анық көрініп тұрады.  Бұл басшының еуропалық жариялық әдісі болып табылатынын бірден аңғардық

– Округ жаңадан құрылған соң, әдепкіде қиын болғаны рас, – деді Р. Құдайбергенов бізбен әңгімесінде. – Бірақ қиын деп қарап отырмай, бар күшімізді салып жұмыс істедік. Бүгінде барлық ауыр күндер артта қалды, абаттандыру жұмыстарымен шұғылдандық, жаңа ғимараттар салдық, нәтижеде округіміз 460 ауладан тұратын,  2044 адам жасайтын  әжептәуір ауылдық округке айналды.  Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары әлі жалғасуда.

Расында да ауылда 150 орындық клубтың құрылысы жүріп жатыр екен. Құны 193 миллион теңгелік бұл ғимараттың құрылысын «СтроНеф» ЖШС жүргізуде.

– Жұмысты бастағанымызға бір аптадай ғана уақыт болды. Осы бір жетінің ішінде нысанның іргетасын жасау жұмыстарын  аяқтау қарсаңында тұрмыз. Бұрын талай нысанды құрған тәжірибеге иеміз.  Қазір құрылыс басында  9 құрылысшымыз еңбек етуде. Техника мен құрылыс материалдары жеткілікті. Бүгін нысанға ток пен су қосылады. Сонда жұмыс одан әрі қыза түспек. Біз үшін бұл өте үлкен нысан емес. Құрылысты 7 ай көлемінде аяқтап тастаймыз, – деді «СтроНеф» ЖШС-ның өкілі Адай Бабин.

Бұдан басқа «Мұнайшылар» және «Кеншілер»   көшесіне де асфалть төселмекші. 73 миллион теңге жұмсалатын, 800 метрлік бұл жұмысты «Ақтөбе Құрылыс Аймақ» ЖШС атқарады. Бүгінде қиыршық тас тасылып жатыр. Мердігер ұйым бұл жұмыстарды бір айдың ішінде бітіреміз деп уәде беріп отыр.

Осы тұста бізге ұшырасқан жергілікті тұрғын Асқар Әубәкіров: «Ауылымыздың әкімі өзімізге ұнайды. Бір тынбайтын жігіт. Жұмысты жүгіріп жүріп істейді. Бірталай жұмыс жасалды, алда жоспарлап қойғаны қанша. Мен өз басым, осы жігіттің әкім болып атқарып жатқан жұмысына ризамын» дейді.

Ал, «Кеншілер»   көшесінде жасайтын Лечи Дандаевтың, ауыл әкімі Р. Құдайбергенов жөніндегі пікірі де осындай екен.

–  Руслан ауылдық округті құрды және қазір қаншама жұмысты бастап қойды!.. Міне, көшемізге асфалт төселеді. Тек бізде, тазалық мәселесі қиын. Әрбір адам өз ауласының тазалығына  көңіл бөлсе, бұл мәселе шешілер еді. Әкім  жеріне жеткізіп, айтып жүр. Бірақ, жалғыз әкім қай жағына болсын? Мен, бұл жігітке өзі сияқты іскер бір жақсы орынбасары болса, ауылды гүлдендіріп жіберер еді деп ойлаймын.

Біз Р. Құдайбергеновтен, ауылдық округте қандай проблемалар бар екеніні сұрағанымызда ол: «Округте, бәрі емес әрине, көпшілік кісілер тазалыққа мән бермейді. «Тазалық – денсаулықтың кепілі» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Ауылымыз таза болса, өзімізге жақсы емес пе? Сосын бізбен Кеңестуы ауылдық округі арасында полигон бар. Соны  біреулер әдейілеп, жиі жағып кетіп, ауылды түтін басып  қалып жүр. Мен неше  мәрте өрт сөндірушілерді шақырып, сөндірттім және айып пұл да төледім, жеке өзім қарауылдық етіп, полигондағы қоқысты қасақана өртеушілерді ұстамақ та болдым. Нәтиже шықпады. Мен күзетуден кеткен бойда қайта жағып кетеді. Меніңше, сол полигонды басқа жаққа тезірек көшіру керек» деді.

Ауылдық округте бізді таң қалдырған  бір жағымды оқиға – осындағы № 2-ші Шұбарқұдық қазақ-орыс орта білім беретін мектептің күрделі жөндеуден өткендегі көрінісі еді. Аталған екі қабатты мектептің ғимаратына кіргенімізде,  толық еурожөндеуден өткен білім ұясы – құдды бір жаңадан салынған оқу орынындай әсер етті.

– Иә, біз мектебімізді қайта салғандай болдық. Тіпті, 3-ші қабатты да сала жаздадық, – деп әзілдеді, мектеп директоры Бибігүл Әбуқызы Балмағанбетова.

Шынында да, осы жерде туылып, осы мектепте оқып, кейін осында жас маман болып келіп, бүгінде білім саласындағы еңбек өтіліне 35 жыл толған, қазір осы мектептің  директоры болып отырған, тәжірибелі ұстаз айтса айтқандай, бұл мектеп ғимаратының ішінде, балалардың терең білім алып, тәрбиелі азамат болып шығуына   жағдайдың бәрі  жасалған. Мұнда барлық сыныптар мен арнайы кабинеттер мен залдардың қабырғаларынан бастап, баспалтақтарына шейін оқушыға білім мен тәрбие беретін сөздер мен есептер жазылып, алуан түрлі суреттер,  т. б. салынған. Тіпті, мектеп ішіне субұрқақ та жасап қойыпты. Меніңше, мынадай қазіргі заманға сай жабдықталған мектепте оқыған оқушының өзі тәртіпсіздік жасауға және нашар оқуға ұялатын шығар…

– Негізі біздің мектеп, 80 жылдай халыққа қызмет етіп келе жатқан, өте ескі білім ұясы еді. Сөздің расы сол – мен туған жерге, елге деген патриоттық сезіммен, халқыма бір пайдам тисе екен деген ниетпен, 2021 жылдың 25 қарашасында, осы мектепке директор болдым.  Бұл мансап қуатын жас емес екенін өзіңіз де түсінесіз. Сондықтан мен, туған ауылымның білім саласына бір өзгеріс жасап кеткім келді. Бұл мақсатты іске асыру үшін мен ең алдымен мектептегі 418 оқушылармен сөйлесіп, нені өзгерткісі және қандай мектепте оқығысы келетінін тыңдадым. Оқушылардың ұсынысын ескере отырып, Ақтөбе облысындағы модеринизациядан өткен ең үздік деген мектептерді аралай жүріп, жұмысты бастап кеттім. Бұған кім көмекке келді? Ең бірінші маған жақыннан жәрдем бергендер өзімнің ұжымым болды. Бізде 73 мұғалім, 29 техникалық қызметкер бар. Олардың бәрі, мені шын түсінгені сонша, ешқашан уақытпен санаспай, менімен бірқатарда тұрып жұмыс істеді. Мен ұсыныс тастасам, ұжымым қызу қолдап отырды. Ұжымдағы ер азаматтар, құрылыс жұмыстарына белсене кірісті – бұзатын жерін бұзды, салатын жерін салды, қалайтын жерін қалады. Одан кейін аудандық білім бөлімі мектебімізге 12 миллион  теңге бөлді. Бұл қаржыға біз, жедел түрде модериназицияға ең қажетті деген затымызды сатып алдық. Қазір осы мектептегі барлық заттар дерлік сол модериназиция бойынша келген мүліктер.  Кейіннен аудандық білім бөліміне қайтарылуы тиіс артық ақшаны да өтініш етіп сұрап алдым. Сондай-ақ, бізге мектептің түлектері мен ауылымыздың азаматтары да демеушілік жасады. Біз негізі 9 жобамен жұмыс жасадық. Кеше ғана сол тоғыз жобаның қорытындысын осында жиналыс жасап, есебін бердік. Жұмыс әлі жалғасуда. Мәселен, бүгінде мектептің алдына «бручатка» төселуде. Оны ауыл азаматтары мен мектептің ер азаматтары бірлесіп,  жасап жатыр, – деді Бибігүл Әбуқызы.

Біз білім ұясынның ішін еркін аралап, барлық жерлерін дерлік суретке түсіріп алған едік. Алайда, біз газетіміздің мүмкіндігіне байланысты, олардың тек бірнешеуін ғана жариялай алдық. Әйтпесе, аталған мектептің жариялауға татитын эстетикалық талғамы зор  көріністері баршылық.

 

Аталған білім ұясының директоры Б. Ә. Балмағанбетова, өз сөзінде ауылдық округ әкімі Р. Құдайбергенов те мектепке көп қолдау көрсеткенін айтты. Ауыл әкімі биыл, оқушылардың мектепке қатынауына қолайлы болуы үшін, тратуар жасап беруге уәде беріп отыр екен.

Биылғы жылғы ауылдық округтегі құрылысы бітіп, пайдалануға берілген нысандардың бірі – «Иман» супер маркеті. Нысанның иесі жергілікті тұрғын Резван Кадиров.  Ол осыдан көп жыл бұрын қытайлар тастап кеткен, кейін жергілікті әкімдіктің балансына өткен ғимаратты сатып алып, оны бұзып тастап, орнына су жаңа супер маркет салып шыққан. Қазір нысан халыққа мінсіз қызмет етіп жатыр. Жақсымайлықтар ауылдан, таңдауы кең әрі  қол жетімді бағаға сатып алу мүмкіндігі бар, қызмет ету мәдениеті де жоғары осындай әдемі супер маркеттің пайда болғанына дән риза.

Жуықта ғана ашылған бұл нысан, бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер Р. Қадиров,  «Ауыл аманаты» жобасы аясында, асхана ашуды да жоспарлап отыр. Оның бұл бағыттағы  7 миллион 600 мың теңгелік  жобасы мақұлданған.
Жалпы, Жақсымай ауылдық округі құрылғанына небары  төрт-ақ жыл болса да, осы аз ғана уақыттың ішінде аудандағы басқа округтермен иық тірестіріп, өзінің өміршеңдігін танып келеді.   Мұнда округ құрылған күннен бастап, бүгінге дейін басқарып келе жатқан Руслан Ерғали ұлы Құдайбергеновтың еңбегі ерекше болды десек артық айтқанымыз емес. Мұны жергілікті халықтың барлығы дерлік мақұлдайды.

– Менің ең басты мақсатым – халықтың әл-ауқатын жақсартып, лайықты өмір сүруі үшін қолымнан келген бар мүмкіндігімді, білімімді сарқа пайдаланып, қызмет ету болып табылады. Бұл – мемлекетіміздің басшысы Қ. Тоқаевтың  Жолауында, еліміздің барша азаматтарының алдына қойған міндеті. Сондықтан біздің баршамыз ең бірінші кезекте ел мен халыққа қызмет етуіміз керек, – дейді Е. Құдайбергенов.

Біздіңше, бұл тек Е. Құдайбергеновтің ғана емес, жақсымайлықтардың басым көпшілігінің пікірі. Өйткені, біз Жақсымай ауылдық округінде болған кезімізде, жергілікті халықтың көпшілігінің бірлігі мықты екенін байқадық. Демек, ынтымағы жарасқан жас округтің болашағы зор екенін атқарылып жатқан шаралар айқындап тұр.

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.