«Мен сені сүйемін өмір»
Жуықта, Алтықарасу ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, 2022 жылдың желтоқсан айында жол апатына түсіп, ауыр жарақат алған Санақ Ғасырбек Темірханұлының еміне көмек ретінде «Мен сені сүйемін өмір» атты қайырымдылық концерті өтті. Концертті ұйымдастырудағы басты мақсат – теңізге тамшыдай болса да, өз үлесімізді қосып, Ғасырбектің айығып, ортамызға қосылуына тілекші болу және жас ұрпақты адамгершілікке, ізгілікке баулып, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойларына дарыту мен бірге адамға жылы шырай білдіріп, көңілін көтеру, қамқорлық таныту, демеу болу, жомарттық жасау сынды қасиеттерді насихаттау болатын.
Концертте Алтықарасу ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары және «АСУ» би үйірмесінің биші қыздары өз өнерлерін көрсетті. Концерт барысында @sanakgasyrbekke_komek қайырымдылық жәшігі қойылып, жиналған көпшілік ізгі ниетпен үлестерін қосты.
Шара соңында Ғасырбектің нағашы апасы Шернияз Қарылғаш ұйымдастыршуыларға, жиналған көпшілікке алғыс білдірді. Сондай-ақ, осы шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан Ғасырбектің әріптесі, Темір спорт мектебінің жаттықтырушысы Жақсыбек Дана Жақсыбек қызына біздің алғысымыз зор.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» дейді дана халықымыз. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Адамға адам қамқорлық жасап, жүрек жылуын ұсыну – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір- біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды.
Иә, ағайын! Кез келгеніміз еңбегімізбен және іс-әрекетімізбен мына әлемді сәл болса да мейірімдірек етіп, кішкентай ғана ғажайып сыйлай аламыз. Ендеше, бір-бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық.
Ғалия БОЛАТҚЫЗЫ