АЛҒАШҚЫЛАР ТАҒДЫРЫ

0
41

АУДАН ТАРИХЫМЕН БІРГЕ ЖАСАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ГАЗЕТІМІЗДІҢ ӨМІРБАЯНЫНА КӨЗ ЖІБЕРСЕК, ТАЛАЙ ТАРИХТЫҢ КУӘСІ БОЛҒАНЫН БАЙҚАЙМЫЗ. ОСЫ ОРАЙДА, АЛҒАШҚЫ ҚИЫН КЕЗДЕРДЕ ГАЗЕТ БАСШЫЛЫҒЫН ҚОЛЫНА ҚАЛАМ АЛЫП, АУДАН ӨМІРІН ЖАН-ЖАҚТЫ КӨРСЕТУДЕ БАТЫЛ ҚАДАМДАРҒА БАРЫП, ХАЛЫҚТЫҢ РИЗАШЫЛЫҒЫНА БӨЛЕНГЕН РЕДАКТОРЛАРДЫҢ БІРІ ЖЕРЛЕСІМІЗ, ЖАЗУШЫ – ЖИЕНҒАЛИ ТІЛЕПБЕРГЕНОВ. 

Алмағайып кезеңде еңбек етіп өмірден ерте кеткен аяулы жанның өмірбаяны да күрделі болған екен. 1895 жылы Темір ауданында туған. 1918 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін тамамдайды. Медресседе қазақ балалары шығарған «Садақ» қол жазба журналының редакторы болады. Одан кейінгі жылдары Қонжар, Қандыағаш мектептерінде мүғалім, Темір оқу бөлімінің инспекторы болған. Осы кезде Құдайберген Жұбановпен бірлесе отырып, Темір-Орқаш бөлімінің Тепсең, Шилі, Қопа секілді ауылдарында тұңғыш мектептер ашып, сауатсыздарды оқытатын ересектер мектебін ұйымдастырып, сауатсыздықты жою ісіне араласады. Елдегі түбегейлі өзгерістердің ортасында жүріп, ағарту, мәдениет, баспасөз майданына араласады. 1925 жылы мамыр айында Қазақстан ағарту қызметінің бірінші съезіне қатысады. Ақтөбедегі облыстық газеттің орынбасарлығы қызметін де аброймен атқарған.

Одан әрі Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінің редакторы, Қызылорда ағарту институтының оқу тәрбие жұмысын басқарушы, «Сыр бойы» газеті редакторының орынбасары, Алматы Қазақ мемлекеттік баспаханасы редакторы болып, жауапты қызметтер атқарған. Сол кездің өмір тұрмысын көрсететін бірнеше әңгімелермен бірге сатиралық суреттемелер, фельетондар жазды. «Таңбалылар» повесі, «Перизат-Рамазан», «Тілші» пьесалары жарық көрді. «Перизат-Рамазан» пьесасын Ақтөбе облыстық драма театры көпшілікке жазушының 100 жылдығында сахнаға қойды. «Ізбасарлар», «Таңбалылар» (1969 ж.), (1995 ж.) кітаптары жарық көрді.

Жиенғали өмірінің соңғы жылдарында туған жері Темір қаласына оралады. Отбасымен оралған жазушы – 1931 жылдың соңында Темірдегі аудандық «Социалды майдан» газетінің редакторы болып тағайындалады. Осы жылдары «Социалды майдан» редакциясына жаңа редактордың ықпалымен талантты қаламгерлер, ой пікірі озық, жанып тұрған жас жігіттер тартылады. Ауыл өмірінің оң істері мен тұрмыстың түйткілдерін ашық көрсеткен өткір мақалалар жариялана бастайды. Жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын басылымына айналған газеттің беделі өсе түседі. Ескі дерті асқынған дарынды журналист, қарымды жазушының күннен- күнге нашарлаған денсаулығы жоспарлаған мақсатына жетуге мүмкіндік бермейді. Қыс бойы төсек тартып жатып қалған жазушы, 1933 жылдың 11 сәуірі күні Темір ауданы орталығындағы үйінде 38 жасында қайтыс болады. Қайтыс боларының алдында Алматыдағы Ілияс Жансүгіровке жазған хатында жағдайының мәз емес екендігін, ішерге ас таппай отырғандығын ашық айтқан. Кейбір деректерде сол кезде «Социалды майдан» газетінің қызметкелерінің де аңдуда болғандығы айтылады.

Ж. Тілепбергеновтің қолдан жасалған аштықтың құрбандығы болғандығы Ілияс Жансүгіровке жазған хатында ашық көрсетілген: «33 жылдың ғинуарының басынан бері төсек тартып жатырмын. Қан түкірем, жөтелем, ентігем. Әлі де өмірден дәмете берем. Бәрінен маған қиын соғып тұрған жері – аурудан өлмей, аштан өлу. Тырмысуға дәрмен жоқ, табылса жейсің, табылмаса жоқ. Біздің қал осылай жолдас құрдас! Мені жазушының бірі деп танысаң, өлгенше қайыр сұрамайтын, аштан өлмейтін етіп, Жазушылар Одағы атынан, оның қорынан соның күшімен маған дүниелік жәрдем қолдарыңды созыңдар. Өлгесін қатын-балама қарасам дегендеріңіз маған қажеті жоқ. Қарассаңдар қәзір қарасыңдар. Бұған дейін бұл сөзді айтуға да арланып, «өлсем жөніме өлейін» деп жүр едім. Одан басында сен отырғасын айтып жатқан әрі сырым, әрі мұңым ғой» (Жиенғали Тілепбергенұлы. 3-том, 488бет.)

Жазушылар Одағының төрағасы Ілияс Жансүгіровке жазған бұл хаты «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» саясатының зардабын тартқан жазушының қасыретке толы жүрек жарды сыры еді.

Өмірінің ақырғы күніне дейін газет жұмысынан қол үзбеген Жиенғалидың еңбегі ескеріліп, «Социалды майдан» газетінің 1933 жылғы 19 сәуірде шыққан 20-саны түгелдей Жиенғали қазасына арналған екен. Сол күнгі газет бетінде жазушының редакциядағы жолдастарына 14 наурыз күні жазған мына хатын қоса жариялаған: «Басқармадағы жолдастарым! Бүгін ескі әдетше Жаңа жыл – Наурыз. Күн шығысымен терезеден қызара қарап, мені қызықтырады. Көшеде жүруге шақырғандай болады, көкірек талпынғанмен бойда қайрат, аяқта дәрмен болмаған соң не пайда? Сендерге барып, сәлемдесуге клишеден басқан суретімді жібердім.

Жаңа жыл – жаздың басы. Жаздың басы – егістің, төлдің басы, осы жөнінде жақсы қызмет ету керек. Жиенғали.»

Осы күнгі санында «Социалды майдан» былай деп жазады: «Жиенғалидың әдебиет жөніндегі еңбегі айтып бергісіз көп… Қазақстандағы қалам қайраткерлерінің қайсынан да кем орын алмайтын қаламы жүйрік, зейіні алғыр, тілге бай, таптық табаны берік жазушы еді… Қазақстанда аудан сайын газет шығып, баспасөз қызметкерлеріне өте мұқтаж болып отырғанда, Жиенғалидың бұл өлімі «ойсыраған шығын, күйзелерлік қайғы.» Бұл азасөз – жазушыға берілген баға еді.

Жиенғали Тілепбергенұлы Темір қаласының жанындағы ескі қорымға жерленген. Басы кейіннен бірнеше жылдар өткенен кейін қарайтылған. 1995 жылдары белгілі зерттеуші, ғалым Тұрсынбек Кәкішов, арнайы іздеп келіп, жазушының жатқан жеріне аялдап, кұран бағыштап, көне көз қарттардан білетіндерін сұрап, пікір алысқан болатын. Бұдан бөлек Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ғайша Мұқанбетқызы Ниязова қысқа ғұмыр сүрген талантты қаламгердің шығармаларын жинақтап, екі томдық кітап етіп бастырды. 2005 жылы Алматыдағы «Алаш» баспасынан шыққан осы кітаптың бірінші томында Ғайша Ниазова былай деп жазады: «Бойындағы бар күш-жігері мен қабілетін, қалам қайратын жаңа құрылып жатқан кеңестік үкіметтің баянды болуына сарп еткен Жиенғали Тілепбергенов, ауру мен аштық меңдеп, 1933 жылы 11 сәуір күні дүниеден өтті».

Танымал жазушы, темірлік алғашқы журналистердің бірі, аудандық газеттің алғаш редакторларының бірі болып, газеттің оқырман көкейінен шығуына қиын кезде елеулі үлес қосқан, қоғамның қалыптасу жолында жанын аямай еңбек етіп, өмірден ерте озған аяулы жерлесіміздің есімін бүгінгі таңда өз дәрежесінде ұлықтай алып жүрміз деп айта алмаймыз. Еңбектері ерте танылған қоғам қайраткерінің есімін ұлықтау, еске түсіріп отыру шараларын өткізу – алдағы күннің еншісінде болар деп ойлаймыз. Жиенғали мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін асыл қазына. Сол рухани қазынаның қалтарыс қырына терең үңіліп, сол арқылы өткен дәуір суретін, сол кездің келбетін сезіну – кейінгі буынға үлкен олжа.

Қиын кезде аудандық газетте қызмет жасаған жанның бірі, өз заманының талай тауқыметін басынан өткерген жерлесіміз – Қасенғали Сырымұлы Әлекенов. Ол 1914 жылы 3 қазанда Темір ауданы, бұрынғы «Қонжар»колхозының «Қарабала сай» деген жерінде дүниеге келген. Темірдегі жеті кластық орыс мектебінде оқыған. Қызылорда қаласындағы арнайы мамандық беретін курсты тамамдаған. 1932 жылы Темір қаласындағы аудандық газетке қызметке қабылданған. Осы кезде газеттің редакторы Жиенғали Тілепбергенұлының қамқорлығын көріп, газет жұмысына төселіп кетеді.

Кейіннен байдың тұқымы деп жала жабылып, комсомол қатарынан шығарылып, қуғындалады. Өйткені, Кеңес өкіметінің ірі байларды қудалау саясатына Әлекен әулетінің балалары да ұшырайды. 1928 жылғы ірі байлардың мал- мүлкі қазынаға өткізіліп, өздері қуғынға ұшырағанда, Сырым да байдың тұқымы ретінде жалаға ілінеді. 1934 жылдың аяғына таман әкесі – Сырым мен әйелі Әзиза «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1935 жылы «Түйетөбеде» атылған.

Сонымен, 1938 жылы Қасенғалидың аппеляциялық шағымы қаралып, ақталып, қайтадан комсомол қатарына қабылданады. Сөйтіп, аудандық «Социалды майдан» газетіне қызметіне қайта оралады. Темір аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, Темір қалалық Халық депутаттар Кеңесінің депутаты болып сайланады. Қоғамдық жұмыстар мен тапсырылған іске тиянақтылығымен көзге түскен Қасенғалиды, 1939 жылы Темір аудандық партия комитеті бюросының шешімімен, «Социалды майдан» газетінің жауапты редакторы қызметіне бекітеді. Бұл жауапты қызметті Қасенғали Ұлы Отан соғысына аттанғанша абыроймен атқарады. Газетке Қасенғали басшылық жасаған жылдарында да ауыл өмірі мен тұрмысындағы кемшіліктерді өткір сынаған мақалалар жиі жарияланып тұрған екен.

1941 жылдың жазында соғыс басталған кезде-ақ майданға сұранып аттанады. РФ Башқұрт респуликасында жасақталған дивизия құрамында соғысқа аттанады. Майданда 62-ші Армияның 124-ші дербес матоатқыштар бригадасы атқыштар ротасы командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болады. Әскери шені аға лейтенант. Сталинградты қорғаудағы қиян- кескі шайқаста жүріп те соғыс барысы, жауынгерлердің ерлігі жөнінде аудандық газетке материал жолдап, тылдағы жерлестерін жігерлендіріп отырған. «Неміс-фашист басқыншылары соғыс ашып, бейбіт халықты қырғынға ұшыратып, қанға бояп, адам естіп көрмеген айуандық зәбір көрсетіп отырғанына, міне 12 айдың жүзі толуға айналды. Германияның бір-екі жетінің ішінде басып алмақшы болған «қауырт-соғыс» планы іске аспады.

…Отанымыздың астанасы – Москваны т. б. облыс, ауданды фашистерден арылтып, қудалауда. Бұл Совет армиясының бірінші жеңісі болатын. Біз сіздерге осы хатты жолдай отырып, өзімізге мынандай міндеттер аламыз. Отан үшін соғыста жан аямай күресе отырып, қан құмар жауыздарды Совет елінен, жерінен қуып шығып, олардың күлін көкке үшырамыз, сөйтіп Отан үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз. Біздің ісіміз әділ, жаудың талқаны шығарылады. Отан үшін, Жеңіс үшін алға!».

Одан әрі хатта жерлестерін еңбек майданында аянбай еңбек етуге шақырады. «Қызыл әскерлік сәлеммен политрук орынбасары – Алекенов Қасен» деп қол қойған. Осы хатты әріптестері «Социалистік майдан» газетінің 1942 жылдың 19 шілдесіндегі санында жариялаған екен.

1942 жылдың қарашасында жаудың 60 әскерін, 5 от ошағын, 2 әскери автокөлігін жойған ерлігі үшін Қасенғали «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалымен марапатталады.1942 жылдың қарашасында Сталинград қырғынында «Баррикада» поселкесі үшін болған шайқаста ауыр жараланып, ерлікпен қаза табады.

Бұл деректерді Қасенғалидың інісі Бақытжанның баласы көп жыл теміржол саласында жауапты жұмыс жасаған Таңжарбайдың жолдасы Гүлзада Әлекенованың 2018 жылы жарияланған «Қасенғали» атты өмірбаяндық кітабынан алып отырмыз. Автор Ресейдің мұрағаттарын ақтарып, атасының туғанына 100 жыл толған күніне орай, бұрын белгісіз болып келген деректерге қол жеткізген. Барып өз көзімен көрген құжаттардағы мәліметтерді көшіріп алып, атасының нақты қандай шайқаста, қай жерде ерлікпен қаза болғанына көз жеткізген. Бұл туралы осы жылы аудандық газет бетінде «Атасын іздеген келін» атты материал жарияланған болатын.

Сонымен аудандық газеттің қиын кезеңдегі алғашқы редакторларының бірі, Ұлы Отан соғысында ерлікпен 28 жасында қаза тапқан жерлесіміз – Қасенғали Сырымұлы Алекенов туралы да еленіп, еске алынып жатқан шара көрінбейді.

Есімдері көп жылдар өтсе де ұмытылмаса да көзден таса болып, өмір жолдары көмескіленіп бара жатқан, бірі 38 жасында, бірі 28 жасында тағдырлары талқыға түсіп, өмірін отты жылдардың өртіне шарпытқан Жиенғали мен Қасенғалидың қоғам үшін, ел мүддесі үшін атқарған істері ұмытылмауға тиісті.

                                                                     Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ,

                                                                      ҚР Құрметті журналисі.