Ұлт пен тіл

0
54

Белгілі бір аумақта тарихи қалыптасқан, рухани негізі бар, бірыңғай тіл, мәдениет, психикалық, ділдік (менталитет), өмір салты, ерекшеліктері бір әлеуметтік қауымды ұлт деп атайды екен. Әрине, толыққанды ұлт болудың ең басты шарты – оның мемлекеттілігінің болуында. Әйтпесе, ұлт болғанмен жері жоқ, мемлекеттігі жоқ, әркімнің есігінде жүрген ондаған, тіпті жүздеген ұлттар бар екені белгілі. Дүние жүзінде бүгінде үш жарым мыңдай ұлт болса, соның 193-нің ғана өз мемлекеті бар екен (Біріккен Ұлттар Ұйымында 193 мемлекет бар).

Біз, қазақтар, ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен  қорғап бізге жеткізген, асты да, үсті де байлыққа толы ұлан-ғайыр жеріміз, Атыраудан Алтайға дейінгі алқапта мұнай өндіріп, кен қазған, метал балқытқан, мал бағып, егін еккен, ғылым мен білімнің қай саласын да меңгерген еңбексүйгіш халқымыз бар, ортақ тіліміз, менталитетіміз, мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз, тәуелсіз мемлекетіміз бар толыққанды елміз. «Қазақ жалқау, қазақ бірін-бірі көре алмайды, қазақ қызғаншақ, күншіл» деп әңгіме таратып жүргендер, қазақтың досы емес. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда бірқатар көршілеріміз біздің мемлекет болып кететінімізге де күманданған болатын. Бірақ аса қиын жағдайда бола тұра, ұлттың ауызбіршілігінің, төзімділігінің арқасында ұлттық мемлекет құра білдік. Тәуелсіздік алған тұста қазақтар ел халқының не бары 39 пайызы болса, бүгінде 70 пайыздың үстіне шығып отыр.

«Өрге басқан заманды ешкім бөгемес,

Бірақ көкті кезіп жүрген бір елес.

Ескінің де жақсылығы бар әсте,

Жаңаның да жамандығы жоқ емес» деп Қадыр айтқандай, қоғам болсын, адам болсын үнемі өсіп, өркендеп, жаңаның жақсысын алып, ескінің жаманынан құтылып отыратынын тарихтан көріп отырмыз. Егер қоғам болсын, жеке адам болсын, ұлт болсын заманға бейімделіп, заман талаптарына сай өзгере алмаса, замандастарының соңында қалып қойатыны белгілі. Оның үстіне қазіргідей техника мен технологияның, ақпараттық технологиялардың дамыған заманында дамудың тежелуінің өзі кері кетумен бірдей. Азияның, Оңтүстік Американың, Африканың түкпір-түкпірінде өркениеттен тыс қалған кейбір халықтар болмаса, Қазақстан сияқты Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғап жатқан, жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы, халқының саны  жағынан 62-ші орын алып жатқан алып мемлекет үшін барлық жағынан үнемі даму басты шарт. Әсіресе шын мәніндегі ұлттық мемлекет құрып, ұлттық экономикамызды көтеріп, мемлекеттік тілімізді дамытып, ұлттық мәдениетімізді алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне жеткізу – күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы керек.

Ұлттың ең басты белгісі – тіл десек, тәуелсіздік алған отыз жылдың үстіндегі уақытта тілімізді дамыту бағытында да көптеген шаруа жасалды. Кейбіреулер бұған келіспеуі де мүмкін. Бірақ 90-жылдарда ұлтымыздың үлесі еліміздегі халықтың 39 пайызына дейін төмендеп, олардың жартысына жуығы ана тілін білмейтін, білгісі де келмейтін дәрежеге жеткенін, облыс орталықтары мен астанамызда бір-бір қазақ мектебі қалып, қалаларда мектептер мен балабақшалар тек орыс тілінде жұмыс жасап, жоғары, орта арнаулы оқу орындарында мал мамандары мен мұғалімерден басқа мамандықтардың барлығы тек орыс тілінде оқытылғанын, еліміздің батыс өңіріндегі төрт облысқа жалғыз ғана қазақ драма театры жұмыс жасағанын ескерсек, қыруар жұмыс жасалды. Бүгінде елімізде қазақтың үлесі 70 пайыздың үстіне шықты (одан көбірек те болуы мүмкін), өткен жылы Республика бойынша қазақ мектептерін бітірген түлектер 75 пайызды құрады. Көптеген жоғарғы, арнаулы орта оқу орындары мамандарды қазақ тілінде дайындауда. Әдебиетіміз, мәдениетіміз, өнеріміз жақсы дамып келеді.

Алайда үш жүз жылға жуық орыс отаршылдығынынан оңай құтылмайтын сияқтымыз. Еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдың үстіне шықса да, санамызға сіңіп қалған құлдық психологиядан әлі құтыла алмай келеміз. Алысқа бармай-ақ тек өзіміздің ауданды алайық. Аудан көлемінде тұратын 40 мыңға жуық адамның 98 пайызы қазақтар екен де, бас-аяғы екі пайыздайы ғана басқа ұлт өкілдері екен. Ал 2021 жылдың 1 қаңтарында аудан мектептерінде 7380 оқушы болса, солардың 686-сы немесе 9,3 пайызы орыс сыныптарында оқыпты. Сол 686 оқушының 536-сы немесе 78,1 пайызы қазақ балалары болған, басқа ұлттың балалары не бары 150, яғни 21,9 пайызды құрған. Сол оқу жылының басында  орыс тілінде оқытатын бірінші сыныпқа 101 оқушы барса, олардың 84-і қазақ балалары болыпты. Биыл оқу жылын аяқтаған 7486 оқушының 676-ы орыс сыныптарында оқыпты. Соған қарағанда орыс сыныптарында оқитын қазақ балаларының саны азайар емес. Қазақтардың арасында әлі де Қазақ елінің, қазақ тілінің болашағына күманмен қарау бар сиақты. «Егер әйел-ана басқа тілге, басқа мәдениетке ауысса, мен үшін ол ұлттың өлгені» деп Г. Бельгер айтқандай, осыған дейін басқа тілге, басқа мәдениетке көшіп кеткен бірқатар аналар мен әкелердің балалары мен немерелері әлі де бөтен тілде сайрап жүр. Тіпті осы Шұбарқұдықтың өзінде қазақша сөйлемейтін, түсінбейтін мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар бар. Бұған, әрине, бала кіналы емес, бұның обьективті де субьективті де себептері бар. Ұлттық рухы, ұлттық намысы, ұлттық болмысы күшті қазақтар Европада, Америкада тұрса да, балаларына ана тілін ұмыттырмай, жексенбілік мектептерге беріп, үйде қазақша сөйлеп, үлкен ерлік жасап жүр. Жақында Германияның Кельн қаласында Европада тұратын қазақтардың құрылтайы өтті. Сол құрылтайда қандастар негізінен қазақ елімен экономикалық, мәдени байланыстарды нығайту арқылы жастарға ана тілін ұмыттырмаудың шараларын алу – мұғалімдер даярлау, оқулықтар, әдеби кітаптармен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

«Ана тілің арың бұл,

Ұйатың боп тұр бетте.

Басқа тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте» деп Қадыр айтқандай, баланың тілі қазақша шығып, анасының әлдиін, әжесінің ертегісін естіп өспесе, жан-дүниесінің қазақ болып шығуы екі талай.

Тағы бір жағынан елімізде Ресей баспасөз құралдарының – радио, телевидение, газет журналдардың еркін таратылуы да ұлттық тәрбие беру ісіне кері әсерін тигізуде. Көрші елдің саяси, экономикалық, мәдени ықпалы әлі де мықты болып тұр. Елімізде қазақтардың үлес салмағы жетпіс пайыздың үстіне шықса да республикалық, облыстық телеарналар хабарларының 50 пайызын орыс тілінде береді. Екі қазақ студияда орысша сөйлесіп отырады, кейде тіпті қазақша хабардың өзінде қазақ орысша сөйлеп, оны қазақшаға аударып тұрады. Осы өзіміздің ауданның өзінде қаншама  жеке үйлерде Ресейдің «Триколор» деп аталатын жерсеріктік теле жүйесі тұр.

Шын мәнінде біздің сөйлеу тіліміз де қойыртпақ тілге айналып бара жатқандай. Сөйлеп тұрған қазақтың көпшілігі «или, вообще, кәнешнә, обшым, жаңағы, жалпы» деген сиақты қыстырма сөздерді, соңғы кездері ағылшынның, арабтың сөздерін оңды-солды, қалай болса-солай қолдану әдетке айналып барады. Ғылымда бұларды паразит сөздер деп атайды. Тіпті орталық телевивидение мен баспасөздің өзінде кейбір сөздерді орыс тілінен, сол тілдің заңдарымен калькалап (сөзбе-сөз) аударып жүр. Мысалы: «Ақсу Қайратқа 1:2 есебімен ұтылды» (дұрысы Ақсу Қайраттан 1:2….), «Мен сіздерге бақыт тілегім келеді» («Хочу пожелать счастья» дегенді қазақшаға аударған сымағы ғой, негізі «тілеймін» деу керек). «Мен ойлаймын бәрі жақсы болады деп» деген сөйлем де дұрыс құрылмаған. Дұрысы: «Мен бәрі де жақсы болады деп ойлаймын» болуы керек. «Ертең жауын жаумайды» дейді. Дұрысында жазда – жаңбыр, қыста – қар жауады. Басқа уақыттарда жауын-шашын – жаңбыр, қар аралас жаңбыр, бұршақ  т. б. жауады).

Орыс тілінің ықпалымен: «Шаруашылығында 200 бас қой, 100 бас ірі қара, 40-50 бас жылқысы бар» деп жатады. Қазақша бас деген сөз қалай-болса, солай орынсыз қолданылып тұр емес пе? Сол сияқты «Төрт бірлік трактор, жеті бірлік машина…» дегенде де «бірлік» деген сөз орынсыз қолданылып тұр.

Көрші отырған ұлттар бір-бірінен сөз алмай тұрмайтыны белгілі, сол сөздерді әрбір халық өз тілінің заңдылықтарына бағындырып, ыңғайлап6 бейімдеп қабылдайды. Кейде тіпті ол сөздің басқа тілден келгенін байқамай да қаласың. Мысалы қазақтар орыстың чайник, сумка, самовар, конфета деген сөздерін шәйнек, сөмке, самаурын, кәмпит деп қабылдаса, арабтың харам, халал, китаб деген сөздерін арам, адал, кітап деп, тіпті француздың момпансье деген сөзін мәмпәси деп қабылдаған ғой. Ал біз қазір орыстың, арабтың, ағылшынның, қытайдың т. б. сөздерін араластырып қойыртпақ жасап жүрміз. Айналып келгенде тілдің байлығы, тазалығы, сөйлеу шеберлігі, сауатты жазылуы шын мәнінде академияға да, институтқа да, билікке де, тіпті адамның кәсібіне де емес, әрбір қазақтың өзіне, ұлттық рухына, ұлттық дүниетанымына  байланысты. Өзін сауаттымын, мәдениеттімін, көргенім мен көңілге түйгенім бар, мен қазақпын  деп санайтын әрбір қазақ сауатты жазап, сауатты сөйлей білуі керек. Ол үшін, әрине, газет-журналдарды, кітап оқу керек. Қазір аудандық, ауылдық кітапханаларда ана тіліміздегі керемет кітаптар бар. Егер бала кітап оқымаса, телевизор қарамаса, үлкендердің бәтуалы әңгімелерін, радионы тыңдамаса, хат жазбаса,  интернеттен ешнәрсе үйрене алмайды. «Отырқ, жатырқ, көрдім ғо, айттық қо» деген сөздерге қазір көз де, құлақ та үйренуге айналды. Баламен сөйлеспегесін, оны сөйлетпегесін, кітап оқып, ертегі айтпағасын қазір көптеген балалардың тілі де кеш шығып, бірқатар ата-аналар логопедтің көмегіне жүгініп жүр.

Латвия, Литва, Эстония елдерінде тәуелсіздік алғаннан кейін жергілікті ұлт өкілдері өз ана тілінде сөйлеуге көшіп кеткен ғой. Сонда басқа ұлт өкілдері амалсыздан мемлекеттік тілді үйренуге мәжүбір болған. Бізде – керісінше, он қазақтың ортасына бір орыс келсе жапатармағай орысша сөйлеп қойа береміз. Ол ол ма, балабақшалар мен мектептерде, әр түрлі тойларда орыстың әндерін аңқытып салып, музыкалық құралдарда ойнап, мәз боламыз. Жат әуен, жат сөздер баланың құлағына құйылып, бойына сіңе береді. Мен орыстың тілін, мәдениетін, әдебиетін жаман деп отырғаным жоқ, біз сол бұрыннан қанымызға сіңген құлдық психологиядан құтылуымыз керек. Неге біз қанша бауырлас десек те өзбектің, қырғыздың, әзірбайжанның, түріктің, алыстағы немістің, француздың, жапонның т. б. әдебиетін, мәдениетін, ән-күйін жақсы білмейміз? Өйткені оларды көп жағдайда менсінбейміз, кейбір жағдайда тіпті өзімізден кем санаймыз, ал орыс қазақ үшін «үлкен АҒА»! Өйткені тек соңғы 100 жылда қазақтың қанша ұрпағын осылай оқытып, осылай тәрбиелеп, миына сіңіріп тастады. Көнгісі келмегендерді атты, асты, түрмеге жапты, жер аударды, өздері ел ауып кетті – әйтеуір сындырды. Мүмкін артық айтылған болар, бірақ шындық осы. Қалаларда қазақ мектептерінде оқитын балалардың, орта-арнаулы, жоғаргы оқу орнында оқитын студенттердің көбі  сабақтан шыққаннан кейін бір-бірімен орысша сөйлеседі. Болмаса отыз жылда маймылды да қазақша үйрететін уақыт болды ғой!

2021 жыдың желтоқсан айында Республикада көрнекі ақпаратқа қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ең басты өзгеріс – бұған дейін заң мемлекеттік емес ұйымдарда, кәсіпорындарда, мекемелерде, кәсіпкерлік субьектілерде бланкілерді, маңдайшаларды, сілтемелерді, көрнекі ақпараттарды қазақшасымен қатар міндетті түрде орыс тілінде жазуды міндеттейтін. Енді тек мемлекеттік тілде жазуға рұқсат берді. Не өзгерді? Өзгеріс шамалы. Көшеде келе жатып дүкендер мен дүңгіршектердің, тойханалар мен дәмханалардың, асханалардың, т. б. маңдайшаларын, жарнамаларын, сілтемелерін, ас мәзірлерін қараңыз. Кейбір тәп-тәуір дүкендерге кіргенде құдды бір басқа мемлекетте жүргендей боласыз. Тіпті нанды – «хлеб», жұмыртқаны – «яйцо» деп жазып қойыпты. Кезінде Н. Назарбаев та: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп ұран тастап еді… Ендеше мәселе қазақтың өзінде, ұлттық сана-сезімінде, ұлттық рухында, ұлттық намысында, ұлттық болмысында! Тілді, дәстүрді, әдет-ғұрыпты, дінді жарлықпен, бұйрықпен, қаулымен өзгерте алмайсың. Ол үшін ұлт мықты болу керек, тіпті кезінде заңмен тыйым салып тастағанның өзінде бәрін сақтап қалдық қой. Ал қазір еркіндікке қол жеткенде шегіншектеп, «Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық» дегендей, қайдағы бір әдеттерге үйірміз. Тіпті, теледидарда ауа райының болжамын бергенде, елді мекендер мен жер-су аттарын Зеренді, Көкпекті, Қарқаралы т. б. деп қазақша жазуға қазір заңды құқымыз бар.  Бірақ жазбаймыз. Тіпті «кіру, шығу, ашық, жабық…» деген секілді т. б. сөздерді да қазақша жаза алмай жүрміз. Бір қарағанда ұсақ-түйек сияқты…

Әрине, тым баяу болса да, алға жылжу бар. Президентіміз мүмкін болған жердің бәрінде мемлекеттік тілде сөйлеп жүр. Парламент қазақша сөйлей бастады, облысты білмеймін, ауданда барлық жиналыстар, отырыстар да солай. Тіпті Министрлердің, облыс, аудан әкімдерінің бәрі дерлік қазақ азаматтары. Кімге өкпелейміз?! Амал жоқ, айтамыз. Бұл мәселеде немқұрайдылық, салғырттық, жауапсыздық болмауы керек.

«Менің елім – ғаламаты ғаламның,

Менің жерім – аманаты бабамның.

Менің тілім – әппақ сүті анамның,

Менің жаным – садағасы солардың» деп жерлесіміз, Республикаға танымал айтыс ақыны Ершат Қайболдин айтқандай, қазақтың әрбір азаматы өзінің түсінігінде осындай дәрежеге жеткенде нағыз тәуелсіз, еркін, дамыған өркениетті ұлттардың қатарына қосыламыз. Әйтпесе бізден он есе, жүз есе үлкен ұлттарға жем боларымыз анық.

                                                                                                    Н. ӨТЕПОВ,

                                                                                                      зейнеткер.