МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ ӘР МӘСЕЛЕ МАҢЫЗДЫ

0
47

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Мемлекеттің қарқынды дамуына септігін тигізетін бірнеше жаңа бағыттар анықталды.

Президент ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Ауылдық жерде тұратын халықтың  негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру екенін ескерсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірімізге аса қажет екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Сондай-ақ Жолдауда «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» қанатқақты жобасына оң баға берілді. Бұл жоба ауыл тұрғындарының несиесін өтеп, тұрмысын түзеуге септігін тигізіп жатыр. Бүгінге дейін еліміз бойынша 20 мыңнан астам, ал ауданымыз бойынша 400-ден астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – бірнеше мәрте несие алған адамдар. Қазір қаржылық сауатсыздық салдарынан үстемелеп несие алған немесе қаржы пирамидаларының арбауына ілігіп, барынан айырылған жандар көбейіп кетті. Партиямыз осы ушығып бара жатқан күрделі мәселенің алдын алу шарасын қабылдап отыр. Президент жобаның өміршеңдігіне және қоғамға қажеттілігіне баса назар аударып, Үкіметпен бірлесе аясын кеңейтуге тапсырма берді.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақының төменгі мөлшерін 85 000 теңгеге дейін көбейту – халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретіні анық.

Президент жылу және сумен жабдықтау мәселелеріне тоқталып, жақын арада жаңа Су ресурстары  және ирригация министрлігі құрылатынын, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылатынын және шалғай ауылдарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жалғасатынын айтты. Бұл да халқымыз үшін өте өзекті мәселелердің бірі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы және басқа да Жолдауда айтылған көп міндеттер үш жыл ішінде іске асырылуы тиіс екенін айтты.

 

                                                                                                              Азамат НҰРҒАЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы Темір аудандық филиалының атқарушы хатшысы