ДАРЫНДЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ – ҰСТАЗ ПАРЫЗЫ

0
53

Сіз білесіз бе? Мен көкжиекті көріп жүрмін… Дәл өзімдей қарапайым орта. Осы ортада ұстаздық етіп жүрмін. Еш жасандылығы жоқ, жарқ-жұрқ еткен жарығы жоқ. Есесіне бәрі, бәрі табиғи. Қаланың қапас құрсауынан босап шыққандаймын. Шексіздік бар.
Қаладағыдай қатар қаланған ғимараттарға тірелмейсің. Аспанда ай бар. Жұлдыздар жымың қағады. Су сылдырлап, жапырақтар сыбдырлайтыны тек ауылға ғана тән бе деймін? Тамаша! Табиғи әуен! Міне, талант табиғилықтан! Темір десе Толғанайы қатар есіңе еріксіз түсетін тарихи өлкеден дарынды баланың болмауы мүмкін емес. Тек соның бабын тауып, өлшеусіз еңбек етуің керек. Талантты туған жер тудырады, талапты мұғалім тәрбиелейді.
Қазақ десе есімі қатар айтылатын талай қазақ зиялыларының табаны тиген Уфадағы білім ордаларының бірінің түлегімін. Мендегі мақсат пен аласармас арман бүгінгі тақырыппен ұштасуда. Мұғалім болу – өте күрделі, жауапты іс. Баламен жұмыс жасауды бақытқа балай алсаң — бақ та, дәріс берген шәкіртіңнің дарындылар қатарынан табылуы жеңіс! Еңбектің көркі жемісте.Және еңбек көркі сол жемісті жетілтем деген жолында аянбай төккен терің. Дарындылық шын сезіммен ақиқат жолда танылады.Іздену бар,сол ізденуіне серік-тірек мол білімі бар,тілі орамды,жаңашыл дарынды оқушы келешегінен анық жақсы үміт еткізеді.
Дарынды деп таныған құдіретті талант иесі баланың бәріне ортақ асыл қасиеті – көпқырлылық: тілде де жүйрік, есептен де алғыр, мінезі де көркем. Дәл осы суреттегенімдей дарынды баламен жұмыс жүргізуде балаға бағытталған жоспарланған әр ісіңіз оның ақыл- парасатына, түсінік талғамына лайықтап жеткізілуі тиіс. Шығармашылық бағытта жұмыс жүргізген оқушымен қарым-қатынаста да олардың көңіліне кірбің ұялатпай, қателіктерін өздеріне сездіре біліп жұмыс жасаған жөн. Дарынды балаға жетекшілік етуде ұйымдастыру қабілеті жақсы, оқушыға үлгі болатындай аңғарымпаз бол. Оқушыңның тапсырманы мезгілімен орындағанын қаласаң, алдымен өз жауапкершілігің мол болсын. Оқушыңның озат болғанын қаласаң, бірінші өзің озық бол! Оза шапқанға осал адам ере алмайтынын ұқтыр! Құрғақ талқанды сусыз жесең, қақалып жұта алмасың хақ. Білім де солай. Тек теорияны игертіп ештеңеге жетпейсің. Ойымды саралай келе, тәуелсіз пікірлерімді жинақтап, өзіндік факторлар мен критерийлерді біріктіре, шабытымның шапқан жеріне дейін көсіліп, әлемге елеулі бір дарынды тұлға қалыптастыруға, өзім зерттеп зерделеген тақырыптарымды оқушы игілігіне тұтынуыға тырысып, парақтаған білім саласына теңізге тамған тамшыдай болса да тигізген үлесіммен дара шапқан, бөлек жайқалған дарынды тұлға қалыптастырып, мұғалімдіктің мінберінде тұруға ұмтыламын. Дарынды оқушы тәрбиелеу — ұстаз парызы!
Қай тақырып төңірегінде жұмыстанып, қандай жоба аясында жұмыс жасамаңыз, алдымен оқушының ойына ой, сезіміне сезім қосып, қиялына қанат бітіріп, дос болыңыз! Екеуара жасаған «жобаңыз» –мінсіз мүсін, мәңгі жыр, бейне бір қас шебердің қолынан шыққан бұйымдай болсыншы десеңіз, баланың бар мүмкіндігін пайдаланып, сенім білдіріңіз! Сонда ғана сіз оқушы бойындағы дарындылықты дамытып қана қоймай, қоғамға пайдалы болашағы бар елдің ертеңін тәрбиелеп шығарасыз!
Г. Н. НҰРИМАНОВА,
С. Байшев атындағы ЖОББМ КММ-сі.