ЕҢБЕК ЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

0
43

Өнегелі ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері Мұғал Құбашұлы Отаралытегіне арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты әдеби-сазды кеші өтті. Ұлы ұстаз Мұғал Отаралытегінің атқарған ісін кейінгі буын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен шарамыздың басты қонағы жерлес ардагер ұстазымыз Мұғал Құбашұлының қызы, жақсының жалғасы Ардақ Құбаш Мұғалқызы өмірі көпке өнеге-әке тамырынан сыр шертіп, естелікке толы қызықты сәттерімен бөлісті…
Әсерлі кештің тізгінін ұстаған Шұбарши жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлшара Қожанова, ассоциация әдісімен «Жылдар жырлайды» айдары бойынша Мұғал Құбашұлының өмірбаянына хронологиялық шолу жасады. Мектебіміздің белсенді оқушылары, ақындыққа жаны құштар Жақсылық Нұрхан мен Нұрлыбаева Зивара өздерінің жеке төл туындыларын ұсынса, Алиманова Тамина өзінің әдемі ән шашуын арнады. Ұлы ақын Абайдың терең мағынаға толы қара сөздерін жатқа оқып шыққан Нұрлыбаева Зивара көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен домбыра үйірмесінің жетекшісі Алтынай Құлназарованың шәкірттері де өз өнерлерін ортаға салды. Шараның өтуіне ат салысып, демеушілік көрсеткен Шұбарши жалпы орта білім беретін мектебінің директоры А.С.Оспагамбетова, жылы лебізін білдіріп, Жақсылық Нұрханға «Жас ақын» номинациясы және 10 мың теңгелік сертификат, Нұрлыбаева Зивараға «Жас талантты өнерпаз»номинациясы және 10 мың теңгелік сертификат,Алиманова Таминаға «Жезтаңдай әнші» номинациясы және 10 мың теңгелік сертификат табыстады.
Осылайша, кейінгі ұрпаққа із қалдырған Мұғал Құбашұлы Отаралытегіне арналған әсерлі кеш жоғары деңгейде өтті.
Ақтолқын ӨСЕРБАЙ.