КЕЗЕКТІ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
43

АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ, АЛДЫН АЛА БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ СӘЙКЕС, 22 ҚАРАША КҮНІ ШҰБАРҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ ҚАЗАҚАУЫЛ, «ЗАДЕПО», ҚЫЗЫЛЖАР, ТЕРІСКЕЙ, АЛ 23 ҚАРАШАДА АҚҚҰДЫҚ ПЕН «ВОКЗАЛ» АЙМАҚТАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ. КЕЗДЕСУГЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ Б.ШАИМОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Қ. НҰРАЛЫ, БӨЛІМ ЖӘНЕ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.

Кездесуді Қазақауылдан бастаған аудан әкімі С. Аманбаев,     Шұбарқұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ж.Кенжебайдың, аумақта  атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын тыңдады. Ж. Кенжебайдың баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан көше жарықтарын орнату, жол мәселесі және өзге де сұрақтар мен ұсыныстар түсті.  Аталған сұрақтар бойынша Ж.Кенжебай, Жамбыл көшесіндегі автомобиль жолының құрылысы  2024 жылдың қыркүйек айында аяқталатынын,  сонымен қатар мектепке барар жолдағы екі көшеге жарық шамдарын орнату мақсатында бес бағана орнатылғанын, алдағы уақытта Н. Байғанин көшесіне сым тарту ісі біткеннен  соң, бұл бағыттағы жұмыстар  бітетінін айтты. Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарға өтініш, ұсыныстардың барлығы назарға алынып, Шұбарқұдық ауылдық округі әкімдігі жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Ал «Задепо» аймағының тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі С. Аманбаев,  атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алға қойылған мақсат-міндеттер жөнінде айтып өтті. Кездесу барысында Шұбарқұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ж.Кенжебай, 2023 жылдың экономикалық-әлеуметтік дамуы және алдағы жоспар бойынша баяндама жасады. Мұнда тұрғындар тарапынан саябақ салу, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу және өзге де мәселелер қозғалды.  Бұл мәселелер бойынша Ж. Кенжебай, қазіргі таңда саябақ салу үшін жер телімін белгілеп беруге құрылыс бөліміне хат жолданғанын, сондай-ақ  аймақтағы шеткі көшелерге жарық шамдарын орнату  —  Н. Байғанин көшесіне   сым тарту жұмыстары шешілгеннен кейін,  мұнда да  аяқталатынын атап өтіп, жаяу жүргіншілер жолын салу  —  2024 жылдың жоспарына енгізілгенін жеткізді. Кездесу соңында аудан әкімі С. Аманбаев,  Ж. Кенжебайға тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды бақылауға алып, тиісті бөлім басшыларымен жұмыс жасауды тапсырды.

Қызылжар мөлтек ауданы тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі С. Аманбаев,  ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін берді. Тұрғындар тарапынан Қызылжар мөлтек ауданындағы көше жарықтары, электр бағаналарын ауыстыру мәселелері, А. Төребаев көшесі автомобиль жолының құрылысы, өзге де сұрақтар мен ұсыныстар қойылды. Шұбарқұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы  Ж. Кенжебай тұрғындардан келіп түскен сауалдар бойынша электр желісінің жарықтандыру кернеуін реттеу барысында қосымша алты бағана орналастырылып, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілгенін,   жарылған  бағаналарды  ауыстыруға  жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстарына конкурстық хабарлама жарияланғанын,  А.Төребаев көшесіне автомобиль жолының құрылысын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім берілгенін айтты. Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Аудан әкімі С. Аманбаевтың Шұбарқұдық ауылдық округі тұрғындарымен есептік кездесуі келесі күні, яғни 23 қарашада жалғасын тапты.   Бұл күні аудан басшысы кездесуді, аудандық балалар саз мектебі ғимаратында,  Аққұдық аймағының тұрғындарымен  бастады.  Кездесуде тұрғындар тарапынан Қаратау би көшесін асфальттау, иесіз жүрген иттер мен  жол мәселелері қойып, нақты жауаптар алды. Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар өтінішін назарға алып, округ әкімдігінің жеке бақылауына тапсырды және балалар саз мектебінің кабинеттерін аралап, музыка үйірмелерінің жұмысымен танысты.

Бұдан кейінгі кездесу, № 6-шы Шұбарқұдық негізгі орта мектебінде,  Теріскей аймағының тұрғындарымен   өтті.
Теріскей аймағы тұрғындарынан суағарларды қайта қарау және кеңейту, көшелерді тегістеу секілді бірқатар ұсыныстар түсті және бұған дейінгі есептік кездесуде де сөз болған  қараусыз қалған ғимараттың мәселесі тағы қозғалды. Аудан әкімі тұрғындардың ұсынысын ескеріп, аталған мәселе бойынша Шұбарқұдық ауылдық округі әкімдігіне бақылауға алуды тапсырғанын,  қазіргі таңда аталған ғимараттың  иесі анықталып, мәселе әрі қарай шешімін табатынын айтты және тұрғындар тарапынан түскен сауалдар бойынша көше бойларындағы суағарларды кеңейту, қазу, тазалау жұмыстары жүргізіліп, қалыпқа келтірілгенін жеткізді.
Тұрғындармен кездесуден кейін аудан әкімі мектеп мұғалімдерімен жеке кездесіп, әлеуметтік педагогтардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда мектеп директоры Ғ. Адаевқа, балалармен жан-жақты жұмыс жасауды, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналар комитетімен жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлуді ұсынды және балалар саз мектебінің басшысы С. Жетеновке,  музыкалық аспаптарды жаңарту мен қабілетті  балаларға қолдау көрсетуді тапсырды.

Аудан әкімі С. Аманбаев, бұл күнгі есептік кездесуін «Вокзал»  аймағында аяқтады. Мұнда  Шұбарқұдық ауылдық округі әкімінің  міндетін атұқарушы Ж. Кенжебай, тұрғындар алдында есептік баяндамасын оқып, ағымдағы жылы кент көлемінде жүзеге асқан негізгі істерді, атап айтқанда аудан әкімдігінен арнайы қаражат бөлініп, теміржол вокзалы жолаушыларының поездарды күту кезінде қолайлы жағдай орнату, жақын маңдағы тұрғын үй тұрғындарының демалысы үшін «Бекет гүлзары» жасақталып,  80 түп көшет егілгенін жеткізді. Кездесуде тұрғындар тарапынан апаттық жағдайда тұрған үйлердің  және көше тазалығы мәселелері  айтылды. Аудан әкімі тұрғындардың  ұсыныстарын тыңдай отырып, аталған мәселелерді Ж. Кенжебайға жеке бақылауына алуды тапсырды.

            Осы күні аудан әкімі С. Аманбаев, Шұбарқұдық темір жол бекетінің басшысы А. Абдулинмен және темір жол полиция бөлімінің басшысы С. Медетовпен бірге   бекетті  аралап,  облыстық  темір жол  басшыларының  күту залындағы темір орындықтарды, әсіресе қыс мезгіліне ыңғайлы орындықтарға ауыстыруға  берген уәделерін күні бүгінге дейін орындамағанын атап өтіп, А.Абдулинге облыс басшылығына қайта өтініш білдіріп, жиһазды жаңарту мәселесін шешуді  және келер жылы кәсіпкерлер темір жолда азық-түлік сату үшін сауда дүңгіршектерін платформа алаңында жалға алу негізінде орнатуды қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ   аудан әкімі,  темір жол полициясының басшысы С. Медетовке құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында вокзал аумағында заңдылық пен тәртіптің сақталуын бақылауды күшейтуді ұсынды.
Өз кезегінде А. Абдулин, биыл темір жол кеңсесінің төбе шатыры және Шұбарқұдық  бекетінің поезд қабылдайтын 2-ші, 4-ші, 5-ші, 8-ші жолдары күрделі жөндеуден өткенін,  2024 жылдың жоспарына Темір жол кеңсесі  мене электр жабдықтау кеңсесіне күрделі жөндеу жұмыстары жасау енгізілгенін айтты.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.