«МЕЙІРІМГЕ МҰҚТАЖБЫН… БІЛЕСІҢДЕР МЕ?…»

0
38

Ф. Оңғарсынова,
«Жетімнің монологы»).
ӘЛҚИССА… ӘЛІ БӘРІ ҚАЗ-ҚАЛПЫНША КӨЗ АЛДЫМДА… 2015 ЖЫЛ. ҚАҢТАР АЙЫ. ЖЫР ПАДИШАСЫ ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ ҚАЙТҚАНЫНА 1 ЖЫЛ БОЛҒАНДА, АТЫРАУ ХАЛҚЫ РЕСПУБЛИКАНЫҢ ТҮПІР-ТҮКПІРІНЕН АҚЫННЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН МӘНЕРЛЕП, ЖАТҚА ОҚИТЫН АҚЫНЖАНДЫ ҚЫЗ-ЖІГІТТЕРДІ Н. ЖАНТӨРИН АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНА ЖИНАДЫ. СОЛ ЖАСТАРДЫҢ ІШІНДЕ МЕН ДЕ БАР ЕДІМ…

Фариза Оңғарсынова өлеңдерінен Республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында ақынның «Жетімнің монологы» өлеңін жатқа оқыдым. Мен ғана оқып қоймадым, менен басқа 2-3 қатысушы оқыды. Қазір
сол сәтті ойлап отырсам, өлеңнің парқын дәл бүгінгідей түсінбегенім байқалады. Әлде ол кезде мейірімге барлық адам мұқтаж болмады ма екен…
Бүгінгі күннің дауысымен сол өлеңді тыңдасам, ол монологты тек қана месқарын саудагер итеріп жіберген жетім бала ғана емес, әрбір адам айтып жатқандай күй кешемін. Өлеңде:
«Мейірімге сараңсыңдар!
Түбі содан жазым да табарсыңдар» деген жолдардың бүгінгі күнде шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Мейірімсіздіктің кесірінен қамқорлық, жанашырлық деген аяулы сезімдер жапа шегіп, зұлымдық, қатігездік өз билігін жүргізіп тұрғаны айтпасақ та, әр күннен көрініс тауып жатыр.
«Тас мүсіндеріңнен түңілдім налып
Тағдырым менің титтей де елеңдетпеді,
Бейжайлықтарың қорқытты, керең беттегі.
Мен емес, сендер екенсіңдер бүгінгі ғаріп…».
Тас мүсін… Адам емес, мүсін… «Ақын бүгінгі күннің адамдарын айнытпай қалай суреттеген, ә?!» деп
таңғаласың. Көшеде бір-бірімізбен сәлемдеспейміз, құлап жатқан адамға жәрдемдеспейміз, зәбірленуші жанды көрсек, көрмегендей өте шығамыз. Тас мүсін болмағанда, басқа не болдық? Мүсіннен айырмашылығымыз дене мүшелеріміздің қозғалысы ғана болып тұрғандай.
«Адалдыққа тапшысыңдар!
Әрине, данышпансығанда жақсысыңдар».
Адалдық. Өзіңе адалдық. Отбасыңа адалдық. Қаншалықты деңгейде? Өтірік айта салу, алдай салу
қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Асыл қасиеттерімізден жұрдай болып бара жатырмыз. Инстаграмды, ютубты ашып қалсаң, ақыл айтқыштар
көбеюде. Оны жаман нәрсе демеймін. Дегенмен, қазіргі адамның сөзі мен ісінде ешқандай сәйкестік болмай бара жатыр. Сөзі мен ісінде алшақтық байқалады. Ол қаншалықты дұрыс? Ақыл айтпас тұрып, алдымен өз өмірімізге, өзімізге үңіліп алған жөн болар. Отбасын сақтай алмаса да, отбасы құндылығы туралы айтатындар да бар, өмірде «шала» қазақша сөйлеп, ана тілдің тағдыры туралы толғайтындар да жетерлік. Бұлар қаншалықты адалдыққа саяды? Данышпандар, даналар, жақсы сөздер бар, тіпті олар көбейіп жатыр, бірақ олар надандықтың, залымдықтың, зұлымдықтың көлеңкесінен неге күн сәулесінің нұры іспетті жарқ етіп шыға алмай жатыр?
«Не деген пасық едіңдер!
Шуақсыз қурайды емес пе жасыл егіндер?» деген жолдарын оқи отырып, тіпті аспандағы күн де өзінің сәулесін барлық адамға шаштынын ойласаң, жансыз күннің өзіне де жаратқанның берген мейірімділігін ойлап
таңданасың. Сен жассың ба, кәрісің бе, саусың ба, аурусың ба, жақсысың ба, жамансың ба, бәрібір, күн адам баласының бәріне өзінің шуағын төгеді. Ал,
адамдардың көңіл шуағы қайда? Оны кімдерге төгіп жүрміз?
«Сендерден байлық сұраман, өліп кетсем де!
Алтындарыңды алмаспын, төгіп кетсең де,
Мейірімге ғана мұқтажбын, білесіңдер ме?
Мейірімге ғана мұқтажбын…»
Қазір алтын да, жақұт та, лағыл да көп. Бағзы
заманда екінің бірінің қолы жете бермейтін. Ата-бабаларымызда аттың басындай алтын болмаса да, оларда асыл қасиет адамгершілік бар еді… Ал,
қазір гауһар да, алтын да көп, кез келген адамда бар, бірақ асыл қасиетімізден айырылып қалдық. Құдды бір асыл қасиеттерімізді асыл тастарға айырбастап жібергендейміз.
Бүгінгі күні әлеуметтік желіні ашып қалсақ, жаға ұстатар жайттар белең алып бара жатыр. Суық, қатігез жағдайлардың орын алуы қала немесе ауыл, бала немесе қарт, ер немесе әйел деп бөліп-жарып жатқан жоқ. Қорқынышты. Әлемді зұлымдық жайлап бара жатқандай. Әлемді былай қоя\тұрып, тіпті, өміріміздің ең басты құндылығы отбасындағы зәбірлік, зорлық- зомбылық өршіп бара жатқандай. Бұған тоқтау бар ма, кім тұсау жасайды? Адамдар неге мейірімсіз болып бара жатыр? Жүректер неге қатаюда? Қашанғы қорқынышпен өмір сүруге болады? Мейірімділік дәнін себу соншалықты қиын ба? Мейірімділік пе, әлде қатігездік пе? Асылында, таңдау өзімізде.
Өмірдің қысқалығын қамшының сабына теңеп, оның сонша қысқа екенін жиі тілге тиек етеміз. Әсіресе, тойларда, қуанышты күндерде, басқосуларда «қамшының сабындай қысқа өмірде сыйласып өтейік» деген тілектерді қайталап айтудан шаршамаймыз. Сыйластық қандай дәрежеде? Адам ретінде сыйласып жүрміз бе? Адамның адамдығы маңызды ма, әлде
атақ-абыройына қарай сыйласамыз ба? Өзімізге осы сұрақты қойып көрейікші.
Өмір туралы ойлана қалсақ, Қытайдың ежелгі философы Конфуцийдің ой-пікірлері қызық әрі мағыналы екенін түсінеміз. Данышпан бір еңбегінде
«мейірім мен махаббат жоқ жерде өмір сүрмеген абзал» деп жазыпты. Конфуцийдің әлгі пікіріндегі «өмір сүрмеген абзал» деген сөз ешкімді ол ортадан кетіп қалуға меңзеп тұрған жоқ. Керісінше, сол ортаны мейірімге толтырып, махаббатқа, шапағатқа бөлеуге шақырып тұр. Өйткені, дәл осы тұжырымының соңында ұлы ойшыл өз ой-пікірін «мейірімді ортада өмір сүруге ұмтылу – өмірдегі ең үлкен ұмтылыс» деп аяқтайды. Бұдан біз мейірімді болуды өзімізден бастауымыз қажет екенін түсінеміз. Ал мейірімнің адам бойына сіңісті болуы отбасындағы тәлім-тәрбиеге, ата- ананың балаға көрсететін үлгі-өнегесіне тікелей байланысты.
Сөзімнің соңын хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзімен аяқтауды жөн көріп отырмын. Ізгі қоғам қалыптастыру, мейірімділік дәнін себу, махаббатпен қарау, жанашырлық таныту, қамқорлық көрсету – өз қолымызда. Тек қана жақсы ойлап, дұрыс әрекет етсек болғаны.
Арай ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ.