КӨК БАЙТАЛ

0
59

ШӨМЕКЕЙДІҢ АСПАНЫ – БАҚА БИДІҢ ЕЛІНДЕ АЙТУЛЫ ҮЛКЕН АС БОЛЫП, СОҒАН БОЗҒЫЛДЫҢ ПІШАНҰЛЫ ТӨРЕБАЙ БИІ МЕН ТАЛҚАНБАЙҰЛЫ ҚАЛДАН БАСТАҒАН ОН ЖЕТІ АДАМ КЕЛГЕН. АС БОЛҒАН СОҢ БӘЙГЕ, БАЛУАН КҮРЕСІ БОЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ. БАС БӘЙГЕГЕ 100 БАС ІРІ ҚАРА ТІГІЛГЕН КӨРІНЕДІ. ОСЫ ТОЙҒА ҚАРАТАМЫР ЖАҢАТАЙҰЛЫ ТЕҢІЗБАЙ ДА КӨК БАЙТАЛЫН БӘЙГЕГЕ ҚОСУҒА АЛЫП КЕЛГЕН ЕКЕН. «ТҰЛПАРДЫҢ ЖАРАТЫЛУЫ БАБЫНА БАЙЛАНЫСТЫ, БАҒЫ ДА, БАБЫДА ӨЗІҢНІҢ ҚОЛЫҢДА» ДЕП КӨК БАЙТАЛДЫ АТБЕГІ КЕТЕ КЕРЕЙТБАЙҒА СЕНІП ТАПСЫРҒАН. КЕРЕЙТБАЙ ШАБАНДОЗДЫҚҚА АТ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАЙТЫН АҒАЙЫНЫ ЖАУҒАШАРҰЛЫ ЖҰМАБЕКТІ ТАҢДАПТЫ.

Жұмабектің ел білетін есімі «Баспақ». Ол сол кезде 12 жаста екен. Бәйгеге қатысушылар арасында: «Аспан елінің жігіттері ат жарысындағы бас бәйгені сыртқа жібермеуге бекінген» деген қаңқу сөзді есіткен Төребай би, Бақа биге келіп: «Бес Бозғылдың ұраны деп Теңізбайдың Көк байталын бәйгеге қосатын болып отырмыз. Сіздің елде өз атына «көтерме», өзге атқа «кедергі» жасайды деп есітудеміз. Жігіттердің қызбалығы болмай тұрмас, ас пен той елдің арасына жік салмауын қалаймын. Той басқарушылар осы жағына бекем болғаны дұрыс болар еді» дегенде, Бақа би: «Ешкімге еш қиянат жасалмайды» деп жауап беріпті.
Кете Керейтбай бәйгеге қосылатын аттарды сынап жүріп: «Көк байталдың алдына түсер атты көре алмай тұрмын. «Бейтаныс жердің ой-шұңқыры көп болады» деген, енді атшабыс жолын бағдарлайық» деп Жұмабекті ертіп жүріп, Қарақшыға алты-жеті шақырым жетпей бір төбені және соған жақын жердегі терең сайды көреді. «Осы сай мен мына төбеден өтпейінше аттардың алдына түсуші болма, Көк байталдың басына еге бол. Бір қауіп болса осы төбе мен сайдың тұсынан болуы мүмкін» деп тапсырады шабандоз Жұмабекке.
Сонымен Көк байталды сұқ көзден тасалап, күні-түні бақылап, бір сәтке де назардан тыс қалдырмай күзетумен болған. Көк байтал да шын жарауы түскенін аңғартып, ұлы дүбір жақындаған сайын дүр сілкініп, керіліп қойып, құлағын тіктеп елеріп, тықыршып, мазасызданған. Қысқасы, бәйге болатын күн же жетіп, елу шақырымдық жарыс жолына Жұмабекті «Иә, аруақ!..» деп атқа қондырып, Төребай бастаған жанкүйерлер ақырын күтіп, астың өзге шараларын қызықтап қала берді.
Енді шабандоз Жұмабекті сөйлетейік.
—Көк байталдың үстіндемін, қара терге малынған аттың көзін ауық-ауық сүртіп келемін. Қауіп болар деген сайға да жақындадым. Көк байтал әлі тың. Жан-жағыма көз саламын, қауіп болатын ешнәрсе байқалмайтын сияқты. Бақа бидің: «Қиянат жасалмайды» дегені есімде, аттың басын жібердім. Терең сайдан оқыс екі аттылы шыға келді де, қапталдаса шылбырыма жармасты. Ұстатпауға тырысып бағып, ат жарыс жолынан біраз жерге қиыс кетіп қалдық. Осы кезде арттағы қалыс келе жатқан төрт-бес ат бір шақырымдай ілгері кеткенде, кедергі жасаушылар да өз жөндеріне кетті. Көк байтал жануардың түйсігі адамнан бетер ғой, ышқына шұрқырап, өлімін сала құйғытты. Мәреге алдыңғы аттан тұмсығы қалыс жетіп, екінші келдік…
Қарақшыға жеткен бойдан Жұмабек ызаға булығып: «Терең сай, төбе, төбе, екі аттылы» дегеннен басқаға тілі келмеген. Бәрі түсінікті, Керейтекеңнің өкініші ішінде, кейістік білдіргенмен орнына келмейді…
Марапаттау рәсімі басталып, аппақ болып киінген Бақа би ақ атанға мініп, ортаға шыққанда Төребай оның алдына барып: «Ақ түйеге мінген, аппақ болып киінген қалпыңа, адалдықтың ақ туын көтерген салтыңа сай, шешімің де ақ болсын. Кешегі берген сертіңде тұратын бол! Көк байталға қианат жасалды!» деп, болған жайды баяндапты.
Бақа би әділ шешімін айтып, бас бәйгеге тиісті жүз бас ірі қараны Бозғылдарға бергізген. Бозғұлдар, Бас Жүлдеге алынған жүз бас ірі қараның отыз басын ошаққа деп, Аспан еліне қалдырған. Елге жеткенше жолшыбай қонған, түстенген ауылдарында «жиенімін» дегендерге «жиен сыбағаларын» үлестіріп, «тойдан сарқыт» сұрағандарды да құр қалдырмай, еліне асқақ көңілмен оралыпты.
Бәйгенің алдын бермеген Теңізбайдың Көк байталы, оны атбегі, сейіскер Кете Керейтбайдың баптап бағын жандандырғаны, әділдіктің жолынан таймай, Шөмекейдің Төребай биі мен Бақа бидің биіктен көрінуі, олардың сыйластығының, адалдығының көрінісі болған осы ас, жүз жылдан астам уақыт өтсе де, көңілден көнермей ел жадында сақталып, айтылып келеді.
Рамадан ТҰРДАЛЫҰЛЫ.