ТАҒДЫРЫМА ҰҚСАС ШЫҒАРМА

0
16

Жалпы бұл шығармадағы Ерболдың өмірі толығымен менікіне ұқсас, ал Меңтай болса мен ұнатқан ақтаулық ару десем болады. Ең алдымен қыз толы аудиторияға, кішкентайымнан ауылдағы мал-бағу, күйбең-тіршіліктен көз ашпай өскен менің кіріп келген бейнем, Ерболдың соғыс көріп күс-күс, қолдары жарық болып әбіржіп келген сәтінен еш кем емес еді. Аудиторияда 22 қыз, меннен басқа тағы 2 ер бала бар екен. Алғашқы күннен-ақ шашы өрілген, үстінде ақ көйлек пен қара юбка киген ақтаулық аруға бірден көзім түскен болатын. Сол күні жатақханаға өтініш тапсырып, кешке жақын барып орналасқанымда, ол жерде әлгі аруды көзім шалып қалып, оның да осы жерде жасайтынына қатты қуанғаным бар.
Алайда, ол жаныма жақын келген сайын мен одан алыстай бердім. Тіпті, 4 жыл бойы оқуды аяқтағанша оған бір ауыз сөз де айта алмаппын ғой. Ол жаныма келе қалса, неге екенін білмеймін, аузыма құм құйылады да қалады. Басында ол да мені ұнататынын іштей сезіп жүргем және басқа қыздардан да естіген болатынмын. Бірақ соның өзінде жақындауға батылым жетпей, тек сырттай ғашықтық өлеңдерімді жазып жүре беріппін. Алғашқы өлеңімді 2018 жылдың 28 қараша күні жазыппын:
Бауыр басып қалғандаймын мен саған,
Сеннен бір сәт алыстау да қиын маған.
Күнде менің жанымда жүрсең-дағы,
Сезімімді білдіруге әлі ұялам.
Оның да себебі бар шығар бәлкім,
Бұл сөзімді өз ойынша ұғар әркім.
Басқалар айтса-дағы түрлі кеңес,
Олардың ойы маған маңызды емес.
Маңыздысы — сенің айтқан жауабың ғой,
Сенің берер жауабың салады ой.
Мейлі мен қиналсам да сол жауапқа,
Шын мәнінде ол сенің қалауың ғой.
Міне, менің: «Махабат қызық мол жылдар» кітабын неге кеш оқыдым?» деген сөзімнің төркінін енді түсінген шығарсыздар. Студент кезімде оқығанымда, бәлкім Ерболдың қателігін ескеріп, сезімімді бірден білдірер ме едім деп ойлап қоям. Ал кейде өз-өзіме: «Масқара-ай, Қайрош осынша ынжық болар ма едің!.. Жұрттың балдары, әне сезімдерін білдіріп, одан қалса күніге жанынан кетпей қырындап жүр емес пе!..» деп те налитыным бар.
Әрине, бұл шығарманы кешегі кеңес кезінде жас болып, бүгінде егде тартқан кісілер оқығаны рас. Сондықтан олар, менің бұл мақалада не айтпағымды өте жақсы түсінеді деп ойлаймын. Ал жастардың, әсіресе тәуелсіздік жылдары туылғандар арасында, аталған шығарманы оқымағандар баршылық екенініне күмән келтіре алмаймын. Оларға, менің осы мақаламды түсіну үшін, сол кітапты кеш болса да әлі де бір рет оқып шыққандарың дұрыс болар еді дегім келеді.
Мақаламның соңында, аталған шығармадағы ұқсастықты, әсіресе сезімімді білдіре алмай, ақырында бармақ тістеп қалғандығымды, Меңтай және мен ұнатқан арудың бойындағы қасиеттерді, тіпті бұл екеуін салыстырғандығымды, сол кездерде жазылған бір шумақ өлеңіме сыйдырғандығымды көрсете кеткенді жөн көрдім.
Сұлулығың, ақылың…
Меңтайдан еш кем емес.
Тіпті саған мен үшін,
Меңтайдың өзі тең келмес…
Қайнарбек ОРАЗБЕКҰЛЫ.