МАҚАЛАДАН КЕЙІНГІ ОЙ

0
49

БҮГІНДЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ «EGEMEN QAZAQSTAN» ГАЗЕТІНЕ БЕРГЕН СҰХБАТЫ ҚОҒАМДА ҮЛКЕН ТАЛҚЫЛАУҒА ИЕ. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ САРАПШЫЛАР МЕН БЛОГЕРЛЕР ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӘР СӨЗІН ТАЛДАП, ТҰЖЫРЫМ ЖАСАУДА. АЛЫС-ЖАҚЫН КЕЗЕҢГЕ ӨЗІНДІК БОЛЖАМДАРЫН ДА АЛҒА ТАРТУДА. ҚОҒАМНЫҢ ЕЛДІҢ ІШКІ-СЫРТҚЫ САЯСАТЫНАН ХАБАРДАРЛЫҒЫ, ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА НЕМҚҰРАЙЛЫ ЕМЕС ЕКЕНІ ҚУАНТАДЫ.

Дегенмен, ақпараттық ортадағы талқылауларға назар аударсақ негізінен ескі мен жаңаның текетіресі, саяси элитаның айналасындағы ой-тұжырымдар басым. Елдің болашақ бағдары, тәуекелдер мен сын-қатерлер жағын талқылау жеткіліксіз. Тым саясатшыл болып бара жатқандаймыз. Саяси элитаның жүрген-тұрғаны мен сөйлеген сөзі әңгіме өзегіне айналған.
Президент қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болғанын атап өтті. Әрине, сынаушылар тарапынан Президенттің өзі де сол ортада болды, неге сол кезде әрекет етпеді деуі заңды. Бірақ мақалада қос билік саясатының көп іске тұсау болғаны ашық айтылған.
Қоғам өзгерістің жылдам болғанын қалайды. Қордаланған мәселелер баршылық. Оны шешу үшін Үкіметке жеткілікті мүмкіндіктер мен айтарлықтай өкілеттіктер берілгені де атап өтілген. Нәтиже үш буын биліктің өзара тиімді және жылдам шешімдеріне байланысты.
Біз ішкі саясатты әңгіме етіп өзара дауласып жатқанда, әлемдік сарапшылардың біздің сыртқы саясатымызды талқылап жатқынын да ұмытпауымыз керек. Жақында You Tube арнасында саясаттанушы Фикрет Шабановтың сұқбаттарына көз шалдым. Онда саясаттанушы әлемдегі жағдайларға тоқтала келе Қазақстанның әлемдік саясаттағы маңызына тоқталған. Ол: «Қазақстан – Орта Азияның бриллианты», оның оңтайлы географиялық орналасуы, табиғи шикізат көзі, тиімді инфрақұрылымы дамыған елдерді қызықтырмай қоймайды. Сондықтан күшті елдер Қазақстанға экономикалық ықпалын жасауға тырысады «деген. Елдегі кейбір сарапшылардың бірі Батысты, бірі Ресей мен Қытайдың бағытын таңдауымыз қажет деп дауласып жатады. Президент мақалада асығыстықтың салдары ауыр болуы мүмкін екенін атап өтті. Қазақстан үшін тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындау басты бағыт екені айтылды. Президент Әбіш Кекілбаевтың ескерткішін ашу кезінде оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салуы қажеттігін атап өткен еді.
Сондықтан тәуелсіздікке қауіп төндіретін саяси ой-тұжырымда, «дін», «тіл», «ұлтаралық қатынас» сияқты нәзік нәрселерді талқылауда абай болған жөн. Түймедей нәрсе түйедей іске айналуы ғажап емес.
Н. ҚАЛАУОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы
мемлекеттік басқару Академиясының магистранты.