ЕЛДІҢ АТЫН ЕР ШЫҒАРАДЫ

0
51

ҚАЗАҚТА «ЕРДІҢ АТЫН ЕЛ ШЫҒАРАДЫ, ЕЛДІҢ АТЫН ЕР ШЫҒАРАДЫ» ДЕГЕН ҚАНАТТЫ СӨЗ БАР. ШЫНЫНДА ДА БІЗ, ТЕМІРЛІКТЕР, БҮКІЛ ЕЛІМІЗГЕ, ТІПТІ ОДАН ДА ТЫС ЖЕРЛЕРГЕ ТАНЫМАЛ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ, ҒАЛЫМДАР САЙЫМ, РӘБИҒА, САҚТАҒАН, АХМЕТ, ҚҰДАЙБЕРГЕНМЕН, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЛАРЫ, ПРОФЕССОРЛАР ӘЖМАҒИ СМАҒҰЛОВ, МАРАТ ІЗТІЛЕУОВ, АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР НҰРПЕЙІС БАЙҒАНИН, ЖИЕНҒАЛИ ТІЛЕПБЕРГЕНОВ, БОРАНҒАЛИ ЫРЗАБАЕВ, ЕРТАЙ АШЫҚБАЕВ, ЕРШАТ ҚАЙБОЛДИН, ӨНЕР ИЕЛЕРІ ҚЫЗЫЛ ӘНШІ, СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА, ЖАДЫРА АРЫСТАНОВА, БЕРІК ЕРЖАНОВ, ЖИЕНІМІЗ ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ӨНЕР ЖОЛЫНДА ЖАРҚ ЕТІП КӨРІНГЕН ЖАС ӘНШІМІЗ ЖАНДОС ҚАРЖАУ, КОМПОЗИТОР СЕЙСЕН АЙТЖАНОВ, ІРІ ӘСКЕРИ ҚОЛБАСШЫЛЫРЫМЫЗ ЖАНСЕН КЕРЕЕВ, БОЛАТ ЖАНАСАЕВ, БОЛАТ ШАЙМАНОВ, РУСЛАН АҚБАЛИН, КЕЗІНДЕ МЕШІТ ҰСТАП, МЕДРЕСЕ АШЫП, БАЛА ОҚЫТЫП, ХАЛЫҚТЫ ОТЫРЫҚШЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕГЕН АҒАРТУШЫЛАР ДОСЖАН ИШАН, ЖИЕНАЛЫ ХАЗРЕТ, АХМЕТ ХАЛФЕ, АРЫЗБАҒАМБЕТ, МОЛДАҒАЗЫ, АЙЖАРЫҚ ИШАНДАРМЕН, БАСҚА ДА ЕЛГЕ ТАНЫМАЛ ӘУЛИЕЛЕРІМІЗБЕН, ЕМШІЛЕРІМІЗБЕН, БАТЫРЛАРЫМЫЗБЕН, БИЛЕРІМІЗБЕН СПОРТ САЛАСЫНДА АТАҚТАРЫ РЕСПУБЛИКАҒА, ОДАН ДА ТЫС ЖЕРЛЕРГЕ ТАНЫМАЛ БОЛҒАН, БОЛЫП ТА ЖҮРГЕН ҚАНШАМА БАЛУАНДАРЫМЫЗБЕН, БОКСЕРЛЕРІМІЗБЕН, ВОЛЕЙБОЛШЫЛАРЫМЫЗБЕН, ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚШЫЛАРЫМЫЗБЕН БАСҚА ДА СПОРТ ШЕБЕРЛЕРІМІЗБЕН МАҚТАНАМЫЗ. ОЛАР ӨЗДЕРІ ТУЫП-ӨСКЕН, ЕҢБЕК ЕТКЕН ТЕМІР УЕЗІН, АУДАНЫН ТАНЫМАЛ ЕТТІ, ӘЛІ ДЕ ТАНЫМАЛ ЕТІП КЕЛЕДІ.

Ал елі ерлерінің атын шығарып келе ме? Әрине, шығарып келеді. Тек қана тәуелсІздік алған жылдардТемірдегі орта мектепке акдемик Сақтаған Бәйішевтің, Ақсайдағы орта мектепке халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің, Шұбарқұдықтағы № 60-шы орта мектепке генерал-лейтенант Жансен Кереевтің, Шығырлыдағы орта мектепке Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың, адандық мәдениет үйіне Нұрпейіс Байғаниннің атақтары өз орындарын тауып берілсе, Алтықарасуда кезінде «Октябрь» совхозын 25 жыл басқарған Сейткерей Аманғосовтың атымен орталық саябақ пен бір көше аталды. Сондай-ақ Нөрен Имашевтың, Алпысбай Қалменовтың, Ахметжан Төребаевтың, Досжан ишанның, Асау Барақтың, соғыс ардагерлері, екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ» орденінің иегерлері Жұмағазы Махымов пен Ізтілеу Балмұқамбетовтың, Ы. Ниетовтың тағы да бір қатар еңбегі сіңген азаматтарға аудан елді мекендерінде көшелердің аты берілді. Досжан ишанға мемориалдық кешен салынып, пайдалануға берілді.
Еңбегі сіңген дегеннен шығады, осы бір сөз тіркесі көптеген жағдайда талас та туғызып келе жатыр. Шынына келгенде тек басшы қызметтерде жасаған азаматтар емес, агрономдар да, зоотехник, малдәрігерлері де, механизаторлар мен шопырлар да, құрылысшылар да, малшылар да, теміржолшылар мен автожолшылар да, энергетиктер мен байланысшылар да, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері де, мәдениет қызметкерлері, ақын, жазушылар, журналистер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де таңдаған мамандығына, алған біліміне сәйкес еңбек етеді, отбасын бағады, ұрпақ өсіреді. Бірақ аудандық, облыстық, Республикалық деңгейдегі марапаттар, сол марапаттардың берілу тәртібінде көрсетілгендей «ерекше» еңбегі сіңген адамдарға ғана берілуге тиіс. Іс жүзінде олай болмай кететін жағдайлар да кездеседі.
Мәселен, бұндай жағдайлар аудан энциклопедиясын дайындап, шығару кезінде көп кездесті. Аудан әкімінің өкімімен бекітілген тәртіп бойынша энциклопедияға кәсіпорын, мекемелерде
бірінші басшы болып қызмет жасағандар, ордендермен, мамандықтары бойынша «құрметті», «үздік», «еңбегі сіңген», «спорт шебері» деген атаққа ие болғандар, Ұлы Отан соғысы кезіндегі офицерлер, ордендермен марапатталған соғыс ардагерлері, Қазақстан жазушылар, журналистер Одақтарының мүшелері, баспадан кітабы шыққан ақындар мен жазушылар енді.
Ал елді мекендерге, кәсіпорын, мекемелерге, көшелерге адамдардың атын беру өзгеше тәртіппен жүргізіледі. Ол үшін ауданда, облыста, Республикада арнайы комиссиялар құрылған. Сол комиссиялар ұсынылған кандидаттарды мұқият зерделеп барып, егер ерекше еңбегі сіңген деп тапса ғана рұқсат береді. Әрі бұл мәселе ұсынылып отырған адам қайтыс болғаннан бес жыл өткеннен кейін ғана қарауға жатады.
Менің ойымша елді мекендер мен кәсіпорын, мекемелерге адам аттарын беру мәселесіне өте мұқият болған дұрыс сияқты. Соңғы 20-25 жылдықта ауданда Шитүбек ауылын Ербөлек ауылы, Бабатайды Жиеналы хазірет ауылы, Сартоғай ауылын Нұрлепес ата ауылы, Шұбарқұдықтағы № 1-ші орта мектепке Төлеген Айбергеновтың атын, Алтықарасу орта мектебіне өткен ғасырдың 20-жылдарында мектептің бірінші директоры болған Есқазы Жұбаевтың атын беру туралы т. б. әңгімелер көтеріліп, арыздар жазылып, азан-қазан болғанымыз да бар. Ербөлек, Жиеналы хазірет, Нұрлепес аталарды ел кеңінен біледі, әулие тұтады, сенетіндер басына түнейді, ал Шитүбек, Бабатай, Сартоғай деген халықтың өзі қойған тарихи атауларды өзгертудің қажеті жоқ екенін сол кезде түсіндірген болатынбыз. Ешкім мәжүбірлемей, халықтың өзі атаған Сатай, Сәулебай, Құмсай, Үшқұдық, Кейкібас, Мүсір сияқты жер, су, сай, төбе аттарын өзгертудің, өзгертем деудің қандай қажеті бар?
Сондай-ақ Төлеген Айбергенов те, Мұқағали да, Қадыр де әлі тарихтан өздерінің орындарын толық алып болмаған Ұлы ақындар. Бірақ олардың ауданға, оның мектептеріне тікелей қатыстары жоқ. Оның үстіне бекітілген тәртіп бойынша бір адамның атына еліміз бойынша бес нысаннан артық беруге болмайды.
Есесіне осы жерде туып өскен Академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ онкология, радиология ғылыми-зерттеу институтын ұзақ жылдар басқарған, Хиросима мен Нагасакиде атом қаруынан зардап шеккендерді емдеу ісіне қосқан үлесі үшін Жапонияның мемлекеттік сыйлығын алған ғалым Сайым Балмұқановқа, ҚР ұлттық ғылым академиясының Академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ тіл білімі ғылымының алғашқы зерттеушілерінің бірі Рәбиға Сыздықоваға, Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ақтөбе медициналық институтын 20 жыл басқарған ғалым Әжмағи Смағұловқа,
«Темірім- елім, өмірім менің,
Жаралған жастық сезімнен.
Жанымның емі, сағындым сені,
Ботасын күткен боз інген.
Жұмсай бер қажетіңе, бұйырып панам,
Қаласаң қорғасындай құйылып қалам.
Темірдің азаматы деген атақ,
Бәрінен де жоғары сыйлық маған» деген өлең жолдарының авторы, ұзақ жылдар «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар, Орал облыстарындағы меншікті тілшісі болып қызмет жасаған журналист, ақын Боранғали Ырзабаевқа өздерінің туған жерінде тиісті құрмет корсетілмей келе жатқан сияқты.
Шұбарқұдықта осыдан 3-4 жыл бұрын пайдалануға берілген 600 орындық Қызылжар орта мектебіне Рәбиға Сыздықованың атын берсе деп ойлап едік, бірақ ешкім қозғалатын емес. Әрі сол мектептің қабырғасына Р. Сыдықованың муралы да (монументалды көркем сурет) салынып еді. Ауданның білім беру органдары, қоғамдық ұйымдары, мемлекеттік органдар осы мәселені көтерсе жақсы болар еді.
2018-2019 жылдары Шұбарқұдықта көп бейінді ауданаралық (Темір, Байғанин, Ойыл) аурухана салынады екен деген әңгіме шыққанда, сол ауруханаға Сайым Балмұқановтың атын береміз деп ойлап жүруші едік, енді ол салынбайтын болыпты. Облыста салынуға тиіс сондай үш аурухананың біреуі Хромтауда, біреуі Шалқарда, бізде салынуға тиістісі Қандағашта салынатын болыпты. Хромтауға Қарғалы, Әйтеке би аудандары келеді деп есептейік, ал Шалқарға Ырғыз да бармайды ғой, одан да Ақтөбеге барғандары тиімді. Ал Қандағашта типтік үлгідегі аурухана, «Дару» жеке клиника жұмыс жасап тұр. Осы мәселені де қоғамдық ұйымдар көтеріп, мәселені әлі де облыс әкімдігінің алдына қойу керек сияқты. Тіпті ең болмағанда аудан орталығына типтік үлгідегі заманауи аудандық аурухана үйін салудың қажеттілігі бар екеніне дау жоқ. Сонда оған С. Балмұқановтың атын беруге болар еді.
Биыл ауданда типтік үлгідегі бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы басталуы, әрине, қуанарлық жағдай. Мәселен аудандық кітапханаға Боранғали Ырзабаевтың атын беруге болар еді. Бұл көрінген ғимаратқа адамның атын беру керек деген сөз емес, әр нәрсенің өзінің реті бар. Сондықтан әр нысанға ат берерде көп болып ойласып, келісіп барып, шешкен жөн болады.
Соңғы жылдары кім не десе де, елдің тұрмыс-күйі жақсарып, адамдар ата-бабаларын, туған, жайлаған, жерленген жерлерін іздей бастады, бастарына белгі қойып, ас беріп, ат шаптырып, балуан күрестіріп дегендей шаралар да өткізіп жптыр. Соңғы жылдары Сартоғайда ұрпақтары Нұрлепес атаға, Еділсайда Сәңкібай атаға, Байғанин ауданының Баршақұм, Мырзаның адыры деген жерлерінде Жанбай, Рысқұл аталарға, Алтықарасу мен Қайыңдыда Бәйімбет, Қоршы аталарға, Кеңқияқ өңірінде Жекей, Бәшен аталарға ұрпақтары ас беріп, шағын ескерткіштер орнатты. Бұлардың барлығы да тарихта болған, сол өңірлерде өмір сүрген, ұрпақтары да сол өңірлерде тұрып, өсіп-өніп жатқан адамдар.
Ал осындай игі шаралардың арасында кейде шындыққа жанаспайтын, дейді деген әңгімелер де айтылып, айтылып емес соны ақиқат етіп көрсетуге тырысып жүргендер де бар. Мәселен осыдан 5-6 жылдықта Атырау облысында тұратын бір азаматтар аудан орталығы Шұбарқұдық атауын ХVІІІ-ғасырда өмір сүрген беріштің Шұбар деген байының атына байланысты пайда болған деп дәлелдегісі келді. Газет бетінде жариялаған мақаласында қазіргі аудан орталығынан күнбатысқа қарай 10 шақырым жерден Шұбар батыр үш құдық қаздырып, қалың жылқысын сол құдықтардан суарады екен, жылқының арты су ішіп жатқанда алды Мұғалжар тауларына жетіп жатады екен деген әңгіме айтады. Ал тарихи деректерде тап сол жылдарда осы өңірді шектілер жайлаған. Шұбарқұдықтан батысқа қарай он шақырымдай жерде сол кезде Назар Сәңкібай батыр жерленген, оның да жер қайысқан жылқысы болған, Сәңкібай батыр жоңғарларға қарсы соғысқан қазақ қолын жылқымен қамтамасыз етіп отырған. Шынына келгенде айнала Ойыл, Шилі, Кенжалы, Темір өзендері ағып жатқанда соншама жылқыны құдықтан суару қисынға келмейтін әңгіме екені түсінікті.
2023 жылдың жазында сол азаматтар Тасқопа елді мекенінің маңындағы Шұбаржылан деген жердегі беріш руының таңбасы қойылған ескі молаға Шұбар атамыздың моласы деп белгі қойып, садақа беріп кетіпті. Сондай бір ескерткіш Қалмаққырғанға да қойылып, ас берілді. Бір көріпкел айтыпты деп бір жылдары талай жерге ескерткіштер қойылғанын бәріміз де білеміз. Айналып келгенде кез келген батыр, атағы шыққан бай, би, әулие, ақындардың жерленген жерін халық ұмытпаған, ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Солай болғанның өзінде де, сол жерге сол адамның жерленгенін ғылыми түрде дәлелдеу қажет болған. Мысалы Әбілқайыр ханның, Қобыланды батырдың басқа да атақты адамдардің жерленген жерлерін ғылыми түрде дәлелдеу бірталай жылдарға созылды. Едіге батырды біреулер Қобда жерінде, біреулер Байғанин ауданында, біреулер, тіпті Маңғыстауда жерленген екен деп жүр, ал тарихшылар мен археологтар, антропологтар басқа да тиісті ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Жер, су, өзен, көл атауларын (топонимика, ономастика) зерттеуде өте мұқият болған дұрыс. Бір жылдары Ойыл өзенінің аты ағылшынның OIL (мұнай) деген сөзінен, Жылой деген жер аты орыстың жилой деген сөзінен, Қобда деген атау моңғолдың сөзі екен деп те жазып жүрді. Аудандық деңгейде қызмет жасаған бір азамат 18-ғасырда Қалмаққырғанда қалмақтармен соғысып жеңген Орта жүздің Қара Балта руының жасақтары екен деген әңгімені ашық айтып жүрді. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Алақандай ауылдағы алапат дау» деп аталатын көлемді мақала жарық көрді.Онда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы бір шағын елді мекеннің атауы төңірегіндегі дау туралы айта келіп, автор бақсы-құшнаштардың айтуымен айдаладағы белгілі-белгісіз қабірлерге «түгенше батыр» деп өз руын оймыштай жазып, кесене салу, жер-су атауларын меншіктеу немесе меншіктеуге ұмтылу сынды оғаш әрекеттер көбейіп барады дей келіп, жергілікті жікшілдікке, ата-бабаны әсіре насихаттауға, негізсіз кесене, бейіт салуға және мағынасыз, пәтуасыз бастамаларға тоқтам керек екенін баса айтады.
2023 жылдың 13 наурызында әкімдермен, мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесуінде Президент Қ.К.Тоқаевтың: «Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжүбірлеп жүр» деуі мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Қорыта келгенде, «Өз ерін, өз ұлдарын ескермесе, Ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді?» деп С. Торайғыров айтқандай, бүгінде о дүниелік болып кеткен немесе көзі тірі, тіпті басқа өңірлерде тұрып жатқан тұлғаларымызды да мерей жастарында, кәсіби мерекелерінде, шығармашылық кештерінде жиі еске алып, кездесулерге шақырып, әсіресе мектеп оқушуларымен кездесулерге шақырып, танымалдылығын көтеріп, бұл мақсатқа аудандық газеттің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланса деп ойлаймын. Бұл жерде ол адамдар оқыған мектептер немесе жұмыс жасаған кәсіпорын, мекемелер, жергілікті округ әкімдіктері, аудан әкімдігінің тиісті бөлімдері мен басқармалары үлкен рөл атқарулары қажет.
Н. ӨТЕПОВ,
Еңбек ардагері.