Көршінің Қызы
ОРТА МЕКТЕПТІ БІТІРІП АУЫЛДА ЖҮРГЕН КЕЗІМ. СОЛ ШИБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ӘКЕ-ШЕШЕМНІҢ ҚАСЫНДАМЫН. БІР ЖАҚСЫ ЖЕРІ ЖАЛҒЫЗ ЕМЕСПІН, АУЫЛДА МЕН СЕКІЛДІ МЕКТЕП БІТІРІП ЕШҚАЙДА БАРМАЙ, АУЫЛДА ЖҮРГЕНДЕР БАРШЫЛЫҚ. СОЛАРДЫҢ БІРІ МЕНІМЕН БІРГЕ АЛТЫҚАРАСУ ОРТА МЕКТЕБІН БІРГЕ БІТІРГЕН ӘСЕЛ ДЕ БАР БОЛАТЫН. ӘСЕЛДІҢ ҮЙ ІШІ ӘКЕСІНІҢ КЫЗМЕТ БАБЫМЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ КӨРШІ АУЫЛДАН КӨШІП КЕЛГЕН. ҮЙІ ДӘЛ БІЗДІҢ ҮЙДІҢ ҚАСЫНДА. ЯҒНИ КӨРШІ ТҰРАМЫЗ, ҮЙ АРАСЫНДА ҮЙ ЖОҚ ДЕСЕ ДЕ БОЛАДЫ. БІР ЖАҒЫНАН МЕКТЕПТІ БІРГЕ БІТІРГЕНДІКТЕН, АРАЛАСЫП ТҰРАМЫЗ. ҚАЙДА БАРСАМ ДА ӘСЕЛСІЗ БАРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ. КҮЗ АЙЛАРЫНДА МЕРЕКЕЛІК МЕРЕЙТОЙЛАРҒА ОРАЙ АУЫЛ ЖАСТАРЫ ҮЛКЕН АҒА АПАЛАРЫМЫЗ, АУЫЛДАҒЫ ШАҒЫН КЛУБҚА КОНЦЕРТ ҚОЯТЫН. АЛ БІЗДЕР ОНЫҢ ТЕК ДАЙЫНДЫҒЫНА ҒАНА ҚАТЫСАТЫНБЫЗ. КЕЙДЕ ӨЛЕҢ АЙТАТЫН ҮЛКЕНДЕР ЖАҒЫ КЕЛМЕЙ, ДАЙЫНДЫҚТА ӨЗДЕРІМІЗ ҚАЛАТЫНБЫЗ. ӨЗДЕРІМІЗ ДЕГЕНІМ, МЕН, КӨРШІ ӘСЕЛ ЖӘНЕ БАСҚАДА АУЫЛДАҒЫ ЖАСТАР, БІЗБЕН ҚАРАЙЛАС ҚЫЗ-ЖІГІТТЕР. БІЗ КОНЦЕРТ КОЙЫП ӨЛЕҢ АЙТУҒА ҚАТЫСПАЙМЫЗ, ТЕК ҚАНА ДАЙЫНДЫҚТАҒЫ СОҢҒЫ ЖАҒЫНДАҒЫ БӘРІ ЖИНАЛЫП АЙТАТЫН ХОРҒА ҒАНА ҚОСЫЛЫП, АРТ ЖАҒЫНДА ТҰРЫП, СӨЗІН БІЛСЕК ТЕ КӨППЕН БІРГЕ АУЫЗ ЖЫБЫРЛАТЫП ҚАТАРҒА ҚОСЫЛЫП ТҰРҒАНҒА МӘЗ БОЛАТЫНБЫЗ. КЕЙДЕ ӘСЕЛ ҮЛКЕНДЕРМЕН БІРГЕ САХНАҒА ҚОСЫЛЫП АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРҒА ШЫҒЫП КЕТЕТІН. ОНДАЙДА ӘСЕЛДІ ҚЫЗҒАНЫП МЕН ДЕ НЕГЕ ӘНШІ БОЛМАДЫМ ЕКЕН ДЕП ҚОРЛАНАТЫНМЫН. ОНЫҢ КӨППЕН БІРГЕ АРАЛАСҚАНЫН КӨРЕ АЛМАЙ, КЕЙДЕ ДАЙЫНДЫҚТЫҢ БОЛАТЫНЫН АЙТПАЙ, БҮГІН БОЛМАЙТЫН БОЛЫПТЫ ДЕП АЛДАП ТА ҚОЯТЫНМЫН.
Шибұлақта жетпіс-сексендей үй болатын, жастар да баршылық еді. Кешкісін клубка дайындыққа жиналғандар түгел келмеді ме, әйтеуір дайындық болмайтын болып, концертте өлең айтатын үлкендер жағы кетіп қалған болатын. 7-8 жастар қалдық. Бізге де сол керек, балалық шақты еске алып, клуб ішіндегі отырғыш столдарды айнала жүгіріп куыспақ ойнайтынбыз. Кім жетіп алып ұсталып қалса білген өлеңін айтады, болмаса ұсталған қыздың бетінен сүйеді. Шағын клуб үйінің ішінде бір-бірімізді қуып, көк ала шаң қылатынбыз. Бірақ қыз бетінен сүю маған бұйырмайтын. Ол кезде мен ынжық болдым ба, әлде қызды көрсе қарсы карай алмайтындай ұялшак болдым ба, қызға жақындасам сәлем дегеннен басқа сөз айта алмайтынмын. Бір-бірімізді қуып жүрміз, маған қарсы жүгіріп келе жатқан Әсел мені иығымен қаға өтті. Мен сол кезде ең болмаса, бетінен сүймек түгілі құшактап ұстай да алмаппын.
—Кешір Нұрсұлтан, — деді ол. — Байқамай кетіппін.
Кейін ойлаймын, байқамай емес, ең болмаса маған деген жігіттік сезімі оянар ма екен деген ойы екенін мен жарықтық кеш біліппін. Менен онша жакындық ыңғайдың байқалмайтынын білген Әсел, көбіне өзінен үлкен қыз-жігіттермен бірге, көрші ауылдағы тойларға кетіп қалатын. Ал мен болсам сол көрші қызды сыртынан ғана ұнатып, басқаға кимай қасында көрініп жүргенін жаксы керетінмін. Бір жаққа кетсе үй жағына қарап, қашан келер екен деп күтумен болатынмын.
Уақыт зымырап өтіп жатты. Сөйтіп жүргенімде армияға шақырды.
Ол кезде армияға баратын ауыл жігіттері жол ашар жасайтын. Көрші ауылдың армияға шакырылған жастарының мерекелерінен қалмайтынбыз. Қызық та думанды отырыс та сонда болатын. Бөтен ауыл, көрші совхоздардан қыздар мен жігіттер келетін. Қыздармен танысып, жігіттермен араласып би билеп, ән салып, шеріміз бір тарқап қалатын. Кыздармен танысып қарық қылмасам да би жағын қатыратынмын. Менің әскерге аттануға арналған кешіме көрші Әсел келе алмады. Өзім ертесіне үйіне барып: «Неге келмедің, шақырдым ғой?» — деп едім, «Мамам ауырып, інімнін касында болдым» деді.
—Ертең армияға жүретін шығармын, — дедім. Ол жәй ғана, жүзін көрсетпестен: «Жолың болсын» деді.
Ертесіне де шығарып салуға келген жоқ. Ауылдан үш жігіт болып армияға аттандық. Олар менен төрт жасқа кіші болатын. Ауылда қалган қыз-жігіттер біз мінген машинаға жармаса мініп, орта жолға дейін шығарып салды. Қол бұлғап, ауылды қимай кете бардық. Бізді Ақтөбе қаласындағы әскери гарнизонға жинап алды да ертесіне шығарып салды. Бұл күз айының соңғы кезеңі. 4 тәуліктей жүрдік білем, әйтеуір орыс жеріне бара жатқанымызды білеміз. Арасында үлкен станцияларға тоқтағанда сыртқа шығатынбыз.
Сонымен біз Ресейдің солтүстік мұзды мұхит жағалауына бардық. Мен Полярный қаласына бөліндім, бірге шыққан ауыл балдарын баска бөлімшелерге таратып жіберді. Біз барған жер, қазақша айтканда жердің шеті болатын. Күндіз шаршап келгесін амалсыз тәтті ұйкыға берілесің, ал күз болып, қыс түссе 6 ай бойы күннің бетін көрмейсің. Ауылды ойлайсың, қасындағы жігіттер ауылдағы қыздарына хат жазып жатады, мен де ауылдағы көрші қыз Әселге хат жүзінде сезімімді білдірмек болдым. Мен хат жазғанда Әселдің үй іші әкесінің қызметімен басқа совхоз оралығына көшіп кетіпті. Ауылда жүргенде де қызбен жігіт құсап сөз салып бірге жүре қоймағасын ба, мен де көп ойлай қоймадым. Мені де күтер бір қыз бар шығар деп, өзімді өзім жұбатып қоямын. Бір жағынан солдаттық өмір жалғасып, сап түзеп сапта келе жатқандағы, командирдің «запивай» дегенде, сол кездегі қосыла шырқаған солдаттар әні бір көңілінді серпіп жіберетін. Өз заманындағы, ауылдан жырақта жүрген, сүйгенін сағынған солдат өміріне арналған ән десеңші. Армиядан келгенде де осы әсерлі орыс тіліндегі өленді қызыққа айтып жүретінбіз. Ол кезде армия мезгілі екі жыл болатын. Екі жыл екі айдай болмайды деп, отан алдыңдағы борышымды өтеп аман-сау ауылға оралдым. Сонымен не керек әке-шешемнің ұйғарымымен көп ұзатпай, келер қыста көршінің қызы болмаса да, көрші ауылдың өзімді ұнатқан бір кызына үйлендім. Өзімді ұнатқан демекші6 қазақта мынадай жақсы сөз бар. «Өзің сүйгенді сүйме, өзіңді сүйгенді сүй» деген.
Уақыт шіркін зулап өтіп жатыр, балалы-шағалы болдым. Трактор айдап, еңбек етіп, ел қатарлы жүріп жаттым. Біз он жылдық мектепті басында жазғанымдай, Алтыкарасу ауылында 1968-ші жылы 30 оқушы бітіргенбіз. Бірде сол мектепті бірге бітірген кластастар хабарласып, мектепті бітіргенімізге 25 жылдығын жасаймыз депті. Кеше ғана бітірген сияқты едік, 25 жыл болып калған ба деп таңдана дайындала бастадық. Белгілеген күні болғанда машинамен жолға шықтық. Менің Москвич-412 маркалы жеңіл көлігім бар болатын. Ауылдағы бірге мектепті бітірген кластасымды алып, жолдасымен бардым. Алтықарасудағы бір кластасымыздың үйіне жиналып жатыр екен. Бір-бірімізді көп жылдар бойы көрмегесін сағынып қалыппыз. Қыздар жағы да тұрмыс құрған жолдастарымен келіпті. Сағынысып көріскеннен, құшақтап беттен сүйіп, мәре-сәре болып жатырмыз. Әсел де келіпті, толығып кеткен, жақындап келіп, құшақтай амандасты, үйленген екенсің ғой деді. Мен де құшақтадым. Күйеуге шықпаған екен. Ештеңе сұрамадым. Біздің Жетпісбай да отау құрмаған екен, бәрі екеуінің басын қосайық деп жатты, қыздар Әселді көндіретін болды. Кешке Алтықарасудың клуб үйіне бардық. Алдын ала столдарын құрып, кеш дастарханын жайнатып қойған. Ол кезде бізді оқытқан ұстаздар бар болатын. Сол кезде асаба болып, аты шыққан Сәбенов Таскынбай еді. Таскынбайдай асаба болмасам да, ортаны өзіме қарататындай өнерім бар еді. Жігіттер жағы сенде де өнер бар екен, білетін әніңді айтарсың деп оның қасына жүргізуші болуымды өтінді. Содан класстастарыма арнаған біраз өлеңдерімді айтып жатырмын, бәрі мәз, жарайсың деп жатыр. Бірінші Ғалым ағайға арнаған бір шумақ өлеңімді оқыдым.
Білімнің мұхитына создың құлаш,
Жетекші Ғалым ағай,
біздің класс.
Бір жылда отыз шәкірт
бітіріп ек,
Ұмытқан мұғалімін, бар ма сұраш.
Бұндайды күтпеген Ғалым ағай да қолымды алып, Нұрсұлтан шынында да өнерге ұшталған екен деп жатыр. Кешке қатысып отырған қонақтар да қол соғып, қошемет көрсетіп жатыр. Тілек құттықтаулар арасында, класстастарыма да құрастырған өлеңдерімді айтып қоям. Кездесу кешіміз өте көңілді өтті. Бір-бірімізден айрылғымыз келмеді. Қасымда жолдасым болса да, Әселді де жалғыз қалдырмай, қасына барып, әлсін-әлсін биге шақырып қоям.
Түннің бір шамасында тарастық. Ертесіне ауылға жүріп кеттік. Көпке дейін сол кездесу кешіндегі қызықты сәттер, ағай-апайларымыздың айтқан жылы лебіз тілектері мен кластастарымыздың жарқын жүздері көз алдымда тұрып алды. Кластан бірге мектеп бітірген Жетпісбайдың неге келмегені Әселдін де осы уакытқа дейін жарын таппағаны ойымнан кетпеді.
2017 жылы аудан орталығы Шұбарқұдықтың басына көшіп келдік. 2018-ші жылдың жаз айында мектеп бітірген кластастарымыздан, мектеп бітіргенімізге «50» жылдығын қалада атап өтеміз деген хабар келді. Біршама кластастарымыз Ақтөбе қаласында, айналасындағы аудандарда тұрып жатқан. Қала ішіндегі шағын мейрамханаға жиналдық. Өмірден өткендері бар, алыстап кеткендері бар, жиырманың үстінде келгеніміз бас қостық. Сол бұрынғы бас көтерген Тасқынбай, қаладағы ерлі зайыпты Тілеу-Жұмабике тағы басқалары бар. Мен бұл жолы компьютерге бастырып жазғызып, 28 бірге оқыған кластастарыма арнап әр біреуіне төрт жол, өлең жазып алып барғанмын. Отырыстың басында оқып бердім. Келмей қалған жігіт қыздарға таратып берерсіңдер деп, қаладағыларға бердім. Бұл жолғы кездесуде де Жетпісбай кластасымыз келе алмады. Сол бұрынгы күйінде әлі үйлене қоймапты. Әсел де келген жоқ, оның да басы бос, інісімен бірге тұрады деп естідік. Барымызбен көңіл көтере отырып, 50 жыл толған кездесу кешінде өткіздік. Әрине 25 жылдық кездесудегідей болмады. Себебі арамызда жайраңдаған, күлкісі мен әзілін қатар жүргізетін кластас жігіттер, көздері ботадай жайнаған жаныңды жаздай жадырататын кейбір достармыздың арамызда болмағаны қынжылтты. Еске алдық, ойымызда қалған, көзден кетпеген бейнелерін еске түсірдік. Өткен жылдардағы Алтықарасу ауылында 25 жылдық кездесуімізде ең болмаса естелікке суретке де түспеппіз. Естелік болсын, осыны да бір демеу қылып жүрерміз деп суретке түстік. Соңыңда мен мынандай жүрек жарды өлең жолдарын арнадым.
50 жылда кездесуде бұл өмірде қызық қой,
Бәз біреуге қызғаныш, қол жетпейтін үміт қой.
Кездесерміз әлі талай соқпағында өмірдің,
Жетпегендер жетіп жатыр, осыны да біліп қой.
Жылдар жүйткіп, сиреп барады арамыз,
Сыныптастық сағыныштан, сарқылмасын санамыз.
Кездесерміз, жүздесерміз біз әлі
Кештің соңы бұл болмасын, бірге талай болармыз.
Бір бірімізге амандық саулық тілеп, қимай көзден жас ала қоштастық.
***
Биылғы жылдың жаз айының аяғында Ақтөбе қаласындағы ауылдас ағаларыма соғып, шаруам біткесін, ауылға қайтуға көлік тұратын аялдамаға келе жатқам. Қала іші ерсілі-қарсылы өткен адамдар. Ойымда ештеңе жоқ, келе жатырғанмын. Қасымнан өте берген әйел адам меннен көз алмай тоқтай қалып, бұрыла беріп: «Мынау Нұрсұлтанба-ей, көзін-де салмайды ғой» деп жатыр. Бір қарағанда шынында да ажырата алмадым. Бет-әлпетіне әжімдер түсейін деген және толығып кетіпті. «Әсел, амансын ба?» дедім. «Танымай калдын ба әлде қарағың келмеді ме?» деді әзілдей күліп. Мен де қарап қалмай: «Қалалық болып, өзгеріп кетіпсің ғой» деп жуып-шайып жатырмын. «Я, ауданға келіп, атың шығып, газет бетінен түспей, ақын ба, жазушы болып кетіпті деп естіп жатырмыз. Өткен 50 жылдық мектеп бітіру кешінде сені барлық кластастарға өлең шығарды дейді. Маған да шығарған шығарсың әлде ұмыттың ба?» деді. «Жоқ, — дедім мен де көңілін қалдырып алмайын деп. — Сені қалдырам ба, саған да өлең арнадым» дедім.
Манағыдай емес жүзінен күлкі үйріліп: «Ақын болсаң, өлең шығаршы маған» деді. Сол бойда есіме қайдан түскенін, ауылдағы бір ойдан өлең шығара салатын ақын болмаса да, өлең-сөзге жақындау інімнің айтып жүрген, бір өлең шумағы еске түспесі бар ма. Қуанып кеттім де, сол бойда шығарған болып айта салдым.
«Әйгілі ақын емес мен құрдасың
Өлең шығар құрдас деп сен тұрғасын,
Өлең ойдың жемісі онда не тұр,
Ойымның айткым келет тұп-турасын» дедім де, «қыз кезіңде өзің де қарамадың ғой» деп едім, құлағы нашарлау естісе керек: «Не дейсің, Нұрсұлтан қайта айтшы» деді. Жаңағы айтқан сөзімді қаттырақ дауыстап айтып жіберсем керек. Жанымыздан өтіп бара жатқан жастау адамдар естісе керек, бізге қарап, күліп бара жатты. «Мына шал мен кемпірдің махаббатын қара» деп жатқан сияқты» дедім Әселге қалжыңдай. «Күлсе-күле берсін, енді ол жастық уақыт бәрібір қайтып келмейді» деді Әсел мұнайғандай болып. Енді әрі қарай әңгімеміздің жараспайтыны белгілі болды- у деймін: «Иә, жақсы Нұрсұлтан, сау бол» деп бұрылып жүре берді. Мен де алға қарай сәл жүре беріп, артыма қарап едім, Әсел де артына қарап тұр екен. Қолын сәл жоғары көтергендей болды. Мен де қимағанымды білдіріп, қолымды көтере бұлғадым. Көлікке мінгеннен кейін Әселдің жүзін көргеннен кейінгі ауылдағы бірге өткізген жастық шақтарым көз алдымнан көпке дейін кетпей қойды. Жасымда әдеби кітапты жақсы оқитынмын. Соның ішінде жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы ұнайтын. Қайта-қайта қызықтап оқи беретінмін. Сол кітап аяғындағы мына өлең жолдары есіме түсе берді.
«Құдай-ау қайда сол жылдар,
Махаббат қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті- ау құрғырлар «Иә, алыстап кетті, енді қайтып келмейді» дедім күбірлеп…
Нұрсұлтан ІЛИЯСОВ,
еңбек ардагері