«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ — ТӘРБИЕНІҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ»

0
127

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі — әлемде теңдесі жоқ тәрбие десек артық айтқандық емес. Баланың жастайынан ұлттық құндылықтарды дәріптеуінің, елімізді, туған жерімізді, дініміз бен тілімізді құрметтеуінің негізі осы ұлттық тәрбиенің негізінде жатыр. Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат тәрбиелеу үшін ұлттық құндылықтарымызды басшылыққа алу қажет. Оның маңыздылығы мен қажеттілігі зор. Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына.
Ұлттық тәрбиені балалардың бойына сіңіру мақсатында Шұбарқұдық гимназиясында білім беретін мектептің ұстаздарының, ата-аналарының атқарып жатқан жұмысы мен тәрбиеге қосып жатқан үлесі өте көп. Балалардың ұлттық санасының қалыптасуында әрбір жүргізілетін іс-шаралардың алатын орны ерекше. Мектебімізде жүргізіліп жатқан тәрбиелік мәні зор осындай іс-шаралардың бірі – жуықта гимназияның мұғалімі Айман Исаеваның ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық құндылықтар тәрбиенің түп қазығы» атты тақырыптағы, аудандық мәслихат депутаты, аудандық музей директоры Бердіхан Әділхановпен кездесу болып табылады. Оған гимназияның жоғары сынып оқушылары мен ұстаздары және аудандық музейдің қызметкерлері қатысты.
Көпшілікке берері мол, тағылымды кездесуде, ел ағасы өз қызметі жөнінде, журналистика саласына келуі, ұлт пен ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, салт пен сана, әлеуметтік желідегі керексіз ақпараттар, ұрпақ тәрбиесі, қазақ салт-дәстүрі жайында оралымды ойымен, өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесуде, шараның қонағы Б. Әділханов, ұмыт болған ұлттық құндылықтарымыз — салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар және ұлтымыздың мәдениеті мен рухани бай мұрасы туралы жан-жақты мәліметтер айтты. Жоғары деңгейде өткізілген іс-шарада оқушылар ұлттық құндылықтар жөнінде, әсіресе аудандық музейде сақталған құнды жәдігерлер туралы өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, кең көлемде жауаптар алды.
Іс-шара соңында оқушылар өз пікірлерін білдіріп, көкейкесті сұрақтарына жауап алды және шараға қатысушылар өскелең ұрпаққа жақсылықты ұлықтап, өз ой-пікірін көркем түрде жеткізе білген Бердіхан Меңдіханұлына алғысын айтты.
Шұбарқұдық гимназиясы.