ВАКЦИНА АЛУ – ҚЫЗЫЛШАДАН САҚТАНУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ АМАЛЫ

0
40

ҚЫЗЫЛША — ВИРУСТАН ТУЫНДАЙТЫН ӨТЕ ЖҰҚПАЛЫ АУЫР СЫРҚАТ. БҰЛ АУРУДАН АДАМНЫҢ ОРТАЛЫҚ ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ БАСҚАДА МАҢЫЗДЫ ОРГАНДАР ЗАРДАП ШЕГЕДІ. ҚЫЗЫЛША – ДЕНЕ ҚЫЗУЫНЫҢ 38-40° С-ҚА ДЕЙІН КӨТЕРІЛУІМЕН, ЖАЛПЫ УЛАНУМЕН,ШЫРЫШТЫ КӨЗ, МҰРЫН ЖҰТҚЫНШАҚ, ЖОҒАРҒЫ ТЫНЫС АЛУ ЖОЛДАРЫНДАҒЫ ҚАБЫНУ ҚҰБЫЛЫСТАРЫМЕН, КЕЙІННЕН БӨРТПЕНІҢ ПАЙДА БОЛУЫМЕН СИПАТТАЛАТЫН ЖІТІ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУ. ЖАЛПЫ ӘЛСІЗДІК ПАЙДА БОЛЫП, БАС АУЫРЫП, ТӘБЕТ ТӨМЕНДЕЙДІ, ҰЙҚЫ БҰЗЫЛАДЫ, КЕЙІННЕН БІР-БІРІНЕ БІРІГЕТІН, ҚЫЗҒЫЛТ НЕМЕСЕ ҚЫЗЫЛ ДАҚ ТҮРІНДЕ БӨРТПЕЛЕР ШЫҒАДЫ. БІРІНШІ КҮНІ БӨРТПЕ ҚҰЛАҚТЫҢ АРТЫНА, БАСТЫҢ ШАШ БӨЛІГІНЕ, БЕТКЕ ЖӘНЕ МОЙЫНҒА, КЕУДЕНІҢ ЖОҒАРЫ БӨЛІГІНЕ ШЫҒАДЫ. ЕКІНШІ КҮНІ ДЕНЕГЕ ЖӘНЕ ҚОЛДЫҢ ЖОҒАРҒЫ БӨЛІГІН БАСАДЫ. ҮШІНШІ ТӘУЛІКТЕ БӨРТПЕ АЯҚҚА ӨТІП, БЕТІНДЕГІСІ БОЗАРАДЫ.

Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы, сілекей тамшылары арқылы, түшкірген және сөйлеген кезде таралады. Ауа ағымымен вирус айтарлықтай қашықтыққа таралуы мүмкін. Қызылшамен ауыратын науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алған кезде де қызылша жұғуы мүмкін. Егер адам қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін, негізінен жағдайдың 100 %-ында жұғу орын алады.
Қызылшамен ауыратын науқас 7-10 күн ішінде қауіпті болып табылады. Табиғи сезімталдығы өте жоғары адамдарда, ауырып-сауыққаннан кейін өмір бойына иммунитет пайда болады. Қызылшамен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі.
Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы (пневмония), орта құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда мидың қабынуы тәрізді өте күрделі жағдайлар жатады.
Бүгінгі күні Темір ауданы аумағында қызылшаның эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз болып отыр. 2024 жылдың 26 ақпанына дейін қызылша ауруының 278 жағдайы тіркелді. Тіркелген қызылша ауруының 75,1 %-ы қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында тіркеліп отыр, оның ішінде 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар – 44,6 % және 1 жасқа дейінгі балалар – 11,1 % тіркелгені анықталды.
Қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді қорғану әдісі – вакцинация! «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы № 7-ші қаулысына сәйкес, қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында, үстіміздегі жылдың 6 қарашасынан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жаппай иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Темір ауданы бойынша қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау бойынша 2481 адам екпе алды.
Қазіргі таңда ауданда, қызылшаның эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру мақсатында, қызылшаға қарсы қосымша иммундау жалғасуда. Осыған байланысты, ата-аналарға балаларының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда – қызылшаға қарсы профилактикалық егулер алу, қызылшаға қарсы егілмеген балалардың әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, ойын-сауық, сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына баруын шектеу ұсынылады.
С. З. НҰҒМАНОВА,
Темір аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы.