Ұстаз ҰЛЫ ЕСІМ

0
54

       Тәуелсіз Қазақстанымыздың дамуына өз үлесін қосып жүрген әйелдер көптеп саналады. Елімізді, қала берді туған жерін жанындай сүйіп, бойындағы бар білімі мен күш-жігерін сүйікті еліміздің өркендей беруіне аянбай жұмсап жүрген ондай жандар біздің ауданымызда да аз емес. Солардың бірі ауданымыздың білім саласының педагог-шебері, үш жоғарғы оқу орнын бітірген, Шұбарқұдық гимназиясы директорының бейін ісі  жөніндегі орынбасары Жұмазия Қафизқызы Қуанова. Оның өмірдегі ұстанымы: «Мақсат айқын, әрекет нақты болу керек!» деген екен. Газетіміздің тілшісі халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Жұмазия Қафизқызына жолығып, онығ өз мамандығы, болашақ ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім беру бойынша  бірнеше сұрақ қойған еді.

     —  Жасалатын әрбір істің өзіндік мақсаты мен мәні бар. Мұғалімдік қызметтің мәні сіздің ойыңызша қандай болу керек?

—  Оқып-білудегі мақсат – мықты маман болып, өзіңе, еліңе, адамзатқа пайдаңды тигізу. Ал, ұстаз ретінде болашақтың тағдыры үшін қызмет ету — бұл «Үлкен мән». Өмірдегі жетістіктің кілті, ол айналаңа пайдалы өмір сүру арқылы шынайы бақытқа қол жеткізу. Сонда ғана кеудең қуанышқа толып, кездескен қиыншылық пен сәтсіздікке мойымауға болады. Осындай бағалы  құндылықтарды дарытатын да, дамытатын да – Ұстаз. Армандаған ұстаздық мамандығымдағы атқарып жатқан ісім, кәсібім бұл мен үшін өмірдің мәні болмақ.

    —  Қазіргі таңда білім саласында санаты жағынан ең жоғарғы саты бұл – педагог-шебер атағы екен. Сіз  аудандағы педагог-шебер, білікті ұстаз ретінде бұл атаудың ерекшелігін айтып берсеңіз.

— Иә, педагогтардың біліктілігі мен білімділігін айқындайтын бұл категорияның  талаптары да жоғары. Ол үшін халықаралық, республикалық деңгейде  мұғалімнің және оқушысының жетістіктері болу керек, іс-тәжірибесі де республикалық деңгейде  болуы шарт. Оған қоса, республикалық Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясы жанынан шығарылған авторлық бағдарлама немесе әдістемелік құралдың мақұлдануы қажет. Мұндай талаптың болуы — педагогтардың ең жоғары дәрежеде жұмыс жасауына мүмкіндік береді.  Қажырлы еңбекті қажет ететін бұл жоғары санатты алу — мен үшін оңай болған жоқ. Халықаралық деңгейде іс-тәжірибемді таратып, республикалық деңгейде бірнеше рет байқауға қатысып жеңімпаз атандым. Әрине, ол мұғалім үшін уақыт өткен сайын шеберлікті шыңдай түсетін дағды деп есептеймін.

     — Сіздің ойыңызша, мұғалім қандай болу керек?

—  «Ұстаз – ұлы есім» деп Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, ұстаз деген есім – қасиетті де құдіретті ұғым. Сондықтан, ұстаз – мамандығын жан-тәнімен сүйіп, барлық өмірін соған арнауы тиіс.  Мұғалім еңбегінің сан қырлылығы осыдан тарайды деп айта аламын. Мұғалімнің өз пәнін жете меңгеруі — оның ең алғашқы қыры, ал кәсіби шеберлігін үздіксіз ұштай түсуі — екінші қыры деп білемін. Үшінші қыры – сыни ойлау шеберлігі. Сөзді жеткізе сөйлей білудің өзі өнер. Себебі,  кез-келген ақпаратты ой елегінен өткізіп, естіген мәліметтерді сыни тұрғыдан бағалай білу, тепе-теңдікті сақтай білу — мұғалім үшін өте маңызды деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда,  ұстаз сан қырлылықты, жан-жақтылықты талап ететін мамандық деп білемін.

— Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз…

— Мен Атырау қаласының  тумасымын. Төрт баланың анасымын.  «Тал бесіктен – жер бесікке дейін» оқы,  білім ал, ізден демей ме кемел халқымыз, сол айтқандай, мол тәжірибенің арқасында қазір мен педагогика ғылымдарының магистрімін, педагог-шебер санатындағы мұғалімдер қатарындамын. Атыраудың педагогикалық институтының  тарих, құқық негіздері пәнінің мұғалімі мамандығын 1994 жылы, Жұбанов атындағы Университеттің «Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығын  2006 жылы, Семей қаласындағы Ә. Бөкейханов атындағы Университетінің педагогика ғылымдарының магистрі мамандығын 2023 жылы бітірдім. Кәсіби тұрғыда облыстық тарих пәні мұғалімдерінің және Әлеуметтік инновациялық қоғамдастық Ассоцациясының тұрақты  мүшесімін. Бүгінгі таңда оқушыларды әлем тарихы  мен қазақтың інжу-маржанға толы бай шежіресімен сусындатып, ұстаздық етіп жүргеніме 30 жыл болды. Оқушыларым талай  белестерді бағындырды. Бірі ұстаз жолын таңдап, тарих пәні мұғалімі болып еңбек етіп жүрсе, бірі республикаға танымал байқаулардан топ жарып, ұстаз еңбегін ақтауда. Сондықтан еңбегім еш кетпеген екен ғой деп, одан сайын құлшына еңбек етіп келемін. Өз пәнімді жетік меңгеру үшін түрлі конкурс, жарыс, сайыстарға қатысып, кәсіби шеберлігімді үздіксіз ұштап  отырамын. Өлке тарихын зерттеп, оқушылармен туристік саяхаттарды ұйымдастыру, одан нәр алу — менің өмірлік хоббиыма айналды. Бұл менің сан қырлы, жан-жақты ұстаз болуға жасаған қадамдарым деп білемін. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Бала кезімнен армандаған мамандығымның иесі болу, сол жолда талмай еңбек ету менің өмірлік  ұстанымыма айналды. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақандай, «Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады.

— Бала кезіңізден армандап, қол жеткізген мамандығыңыздың ерекшелігі қандай? 

—   Әрине, ол ұстаз — күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әртүрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуы тиіс.  Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы ақыл мен білім, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде. Білімім мен бойымдағы барлық жақсылықты оқушыларыма арнап, жақсы тәлім-тәрбие беріп, шәкірттерімді «Білім» деген үлкен теңізде жүздіре алатыныма қуанамын. «Өмір» деген үлкен болашаққа бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолды таңдауға септігін тигізе алатыныма сенемін. Міне, менің өмірдегі ұстанымым балалар әлемінде тынбай еңбек етіп, оларға тәрбие мен білім беру жолында өз өмірім мен  күш-жігерімді ұсыну болса, сол ұстанымның тұғырын биік көтеріп келе жатқаныма дән ризамын.  Армандар орындалады. Ең бастысы — мақсат айқын, әрекет нақты болса болғаны.

  —  Сұқбатыңыз үшін рахмет! Өзіңіздің сүйікті мамандығыңыз бойынша жаңа табыстарға жете беруіңізге тілектеспін!

                                                                         Сұқбаттасқан  ӨЗ ТІЛШІМІЗ.