ТЕМІР – ТАУ ТҰЛҒАЛЫ

0
55

Ұлы Абай айтпақшы, адам баласы өмірге екі мақсатпен келеді: бірі – «ішсем, жесем», екіншісі — «көрсем, білсем» дейтіндер. Менің туған жерім, тарихы терең Темір — жаңағы екінші мақсатпен туылған тұлғалармен ерекше мақтана алады. Әрісі жыр алыбы Нұрпейіс Байғанин, қазақтың тұңғыш генералы Жансен Кереев, атақты ғалым Сайым Балмұханов, жазушы-драматург, «Кедей», «Бостандық таңы» газеттерінің редакторы Жиенғали Тілепбергенов, Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, Мемлекеттік Дума депутаты Алпысбай Қалменов, Қызыл ақын, берсінде Ертай Ашықбаев, Димаштай перзентті дүниеге әкелген алтын құрсақты ана, әнші Светлана Айтбаева сынды дүйім елге танымал мықтылар осы қасиетті Темір топырағында дүниеге келген. Осылардың ішіндегі бірегейі, аты аңызға айналған қайраткер – Досжан Қашақұлы.

Досжан есімі тарихта да, ел аузында да ұлы, ғажайып, ерекше істерімен қалған. Тыңдап, оқып отырып, осы кісінің жерлесі екеніңді білгеніңде, бойыңды ерекше мақтаныш кернейді.

Досжан ишан 1815 жылы дүниеге келіп, әкесі Қашақ молдадан сауат ашқан. Кейін білім қуып, шекара асып, саналы ғұмырын ұлт мүддесі жолына арнаған. Сол заманда-ақ, медресе-мешіт тұрғызып, елінің дамуы, сауаттануы, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсуі үшін аянбай еңбек еткен. Тарихи деректерде оның Құнанбаймен бірге Меккеде қажылық өтегендігі көрсетіледі. Ел арасында Досжанның атында Меккеде тәкие бар деген дерек жүр. Алайда Сауд Арабиясы мұны нақты дәлел ретінде қабылдап отырған жоқ. Дегенмен, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегінде былай деп жазған: «Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай, қажылыққа барғанда, тәкияны көрдім. Менен бұрын қажылар кіріп қалған екен, оларды ренжітпей пәтер алып түстім. Бірақ Сұлтан айтты: Тәкия бұл күнде Досжан хазіреттің атына жазылған екен». Бұл  жазба ел аузындағы аңыздың ақиқат екендігін, Досжан Қашақұлының сол кезеңдегі ел ішіндегі беделін айғақтап тұр емес пе?! Бабамыз Досжан Қашақұлы салдырған бұл тәкиені халықаралық дәрежеде мойындату – бүгінгі қоғамның жауапкершілігіндегі іс.

Осындай қайраткерлігі үшін Досжан Қашақұлына діни тұрғыда ең үлкен атақ-дәреже «Хазірет» атауы берілген. Деректердің ішіндегі мені ең қызықтыратыны – ел ішіндегі Досжан Хазірет туралы аңыз-әңгімелер. Оның ерекше әулиелігі, сауда ісін ел ішіне кіріктіруі, бау-бақша егу дағдысын қалыптастыруы, шет жерлерден ерекше сұрыпты жүзім, алма тұқымдарын әкеліп, бақ өсіргендігі туралы әңгімелерді үлкендерден естідім. Бірде бір жиында Досжан ишанның дүкені болғаны, оның есігінде құлып, арнайы қарауылы болмағаны, алайда бір қара жыланның әлгі дүкенді күзететіндігі туралы естіп, қайран қалдым. Күні кеше анамның құрбысынан генерал Жансен Кереевтің Досжан Қашақұлының Абдолладан тараған тікелей ұрпағы екендігін естідім.

Заманның ертелігі, саясаттың салқыны, деректердің аздығы тарихтың анық жазылмауына да себеп болуда. Алайда, менің ойымша, ізденген адамға шындық қашанда қолжетімді болмақ. Ендігі ниетім – осы естіген деректердің ақиқаттығына көз жеткізіп, нақты дәлел табу. Егер бұған қол жеткізсем, туған жеріме өтеген перзенттік парызымның бір бөлшегі болары анық.

Сонымен қатар, біздің өлке талай тарихи шайқастардың куәсі болған киелі мекен. Мұның дәлелі – 2019 жылы Тасқопадан табылған алтын адам – Сармат көсемі,  есімі облыс орталығының басты көшелерінің біріне  берілген Сәңкібай батыр. Темір, Қалмаққырылған атаулары да, есімдері тарихқа жазылмай қалса да, елі үшін жанын  қиған ержүрек баһадүрлердің мекені екендігін білдіріп тұр.

Қазіргі таңда ауданда жазба және айтыскер ақындардың жаңа кезеңі қалыптасты деуге негіз бар. Қайыңдының мақтанышына айналған Ертай Ашықбаев, «Жүрсіннің жүйрігі» атанған Ершат Қайболдин, айтыскерлер мектебін қолға алып жүрген Марат Ахметов, соңғы кезде жас ақындар айтысының жүлделерін иемденіп жүрген Нартай Тілеуқұл сынды жерлес ақын ағаларымның өлең-жырларын оқып, сол кісілермен бір ауылдың ауасын жұтып, суын ішіп жүргеніме  мақтанамын. «Сөз  түзелді, тыңдаушым сен де түзел» дегендей, біздің де түзелетін кезіміз жеткен сыңайлы.

Жоғарыда есімі аталған тұлғалар – менің оқып, естіп білгендерім ғана. Темір халқы қашанда шыншылдығымен, бірбеткейлігімен, қайтпас қайсарлығымен ерекшеленіп келген. Сол себепті бұл топырақтың бұдан да көп ұлыларды дүниеге әкелгендігі хақ. Олардың барлығына ортақ қасиет – туған жерге деген сүйіспеншілік. Заманында лайықты бағасын алып үлгермеген ақын Боранғали Ырзабаев:

«Темір елім,

         Өмірім менің,

         Жаралған  ыстық сезімнен,

Жанымның емі,

Сағындым сені,

Ботасын күткен бозінген…» деп тысқары жүріп, туған жеріне сағыныш-сәлемдемесін жеткізген. Тағы бір өлеңіндегі:

«Қажетіңе жұмсай бер, бұйырып, панам,

            Қаласаң –      

  Қорғасындай құйылып қалам.

           «Темірдің азаматы»  деген атақ –

           Бәрінен де жоғары сыйлық маған!» деген  жолдар барша темірліктердің жүрегінен шыққан ұран секілді. Мен де соларды4 қатарындамын, өз туған жерімді шексіз сүйемін, мақтан етемін. Себебі, Темір – тау тұлғалы тарландар мекені.

                                                 Аружан  МОМЫШОВА, 

                    Темір ауданы, № 1-ші Шұбарқұдық

         мектеп-гимназиясы 9-шы «а» сынып оқушысы.

                                  (Жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі

                                  Қожахметова Жұмагүл Опақызы).