Бастамалар мен ұсыныстар аяқсыз қалмайды

0
62

Тәттігүл Талаева, Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі.

Атырау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Адал адам – Адал еңбек — Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатысып қайттық. Елімізде диалог алаңдары көп, бірақ Ұлттық құрылтайдың маңызы ерекше. Олай дейтініміз, бұл жиын, шын мәнінде, халықтың үмітін ақтап, қазақстандықтардың саяси белсенділігін ынталандырады.

Құрылтайда Мемлекет басшысы барлық салада өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек екендігін тағы бір мәрте айтып, «Әділетті Қазақстан» ұғымының маңызын түсіндіріп берді.
Президент баспана мәселесіне қатысты бірқатар жобаны іске асыру үшін Үкіметке тапсырма берді. Атап айтқанда, ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек екендігін және бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейту керектігін айтты. Бұл жаңалықтың бүгінгі таңда басты мәселесі баспана болып жүрген отбасылар үшін жағымды болғаны анық.
Сондай-ақ қолданыстағы жылу көздерін толық жөндеп, инженерлік желілерді жаңғырту және елді мекендерді газдандыру, IT-технологияларын дамыту тұрғысында да бірқатар нақты міндет пен тапсырма берген Мемлекет басшысы бюджет қаражатын үнемдеп, ақшаны тек ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсау қажет екендігін айтты.

Бұған дейінгі жиындарда құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген бастамалар мен ұсыныстар аз болған жоқ. Бізді сол өтініштеріміздің жауапсыз қалмағандығы қуантады. Мәселен, мен осы жылдың қаңтар айында жекеменшік балабақша қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу мәселесін көтердім. Өйткені осы уақытқа дейін тек мемлекеттік балабақшаларда жұмыс жасайтындар ғана қосымша ақы алып келді. Біздің ұсынысымыздан кейін өзгертулер енгізіліп, биылдан бастап жеке балабақша жұмысшыларына да қосымша ақы төленетін болды. Ұлттық құрылтайдың мүшелерінің араласуымен осылай шешімін тапқан мәселелер көп.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысынан кейін де елімізде көптеген түйткілді мәселенің шешімін табатынын түсіндік. Оны жүзеге асыратын — сіз бен біз! Әділетті Қазақстанның болашағы — өзіне сенімді, ісіне мығым, адал азаматтардың қолында!
aqtobegazeti.kz