БАЛАНЫ БАУЛЫСА КІТАП ОҚИДЫ

0
70

БҮГІНДЕ ЕРЕСЕК КІСІЛЕР ТАРАПЫНАН: «ҚАЗІРГІ ЖАСТАР, ӘСІРЕСЕ БАЛАЛАР ТЕЛЕФОННАН БАСҚАҒА ҚЫЗЫҚПАЙТЫН БОЛЫП БАРАДЫ» ДЕГЕН СӨЗ ЖИІ АЙТЫЛАДЫ. АЛАЙДА, БАЛАЛАРДЫҢ АРАСЫНДА ДА, ТЕЛЕФОНҒА ҒАНА ЕМЕС, КІТАПҚА ДА ҚЫЗЫҒАТЫН ОҚУШЫЛАР АЗ ЕМЕС. ОҒАН, ТЕМІР АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНА, КІТАП ОҚУ ҮШІН КҮН САЙЫН ДЕРЛІК АҒЫЛЫП КЕЛІП ЖАТАТЫН ОҚУШЫЛАР ДӘЛЕЛ.
Кітапхана қызметкерлері балалардың осындай көпшілік болып келген сәтін пайдаланып, өздерінің алдын ала жоспарланған жұмыстары бойынша дереу маңызды да мағыналы шара ұйымдастырады. Мәселен, аталған кітапханада, № 1-ші Шұбарқұдық мектеп гимназиясы оқушыларының қатысуымен, «Әділет жолы — адалдық» атты дөңгелек үстел өтті. Оқушыларды адал жолмен жүруге үйретіп, сыбайлас жемқорлық туралы қысқаша мағлұматтар беру мен өз еліне жауапкершілікпен қарау және әділдікке тәрбиелеу мақсатында өткен бұл дөңгелек үстөлде, «Сыбайлас жемқорлық деген не?» деген сұрақ қойылып, жауаптар мен пікірлер айтылды, тақырып бойынша бейне көрініс көрсетіліп, балалар ондағы адамдардың іс-әрекетінің дұрыс немесе бұрыстығы жөніндегі өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде оқушыларға белгілі бір жүз берген жағдаяттарды талқыға салып, өз пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік те жасалды. Сонымен қатар, «Ой жалғау» деп аталатын заң туралы берілген мақал-мәтелдердің жалғасын табу ойыны да қызықты өтті. Дөңгелек үстел — литомантаж сөздерімен қорытындыланды.
Сонымен бірге, аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен, № 1-ші Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының оқушыларымен бірге өткізілген, «Оқитын өлке» акциясы аясында биыл ұсынылған қазақтың тұңғыш романист қызы Сара Мыңжасароваға арналған «Бір заманда ұрпақтарым іздер мені» деген тақырыпта әдеби кеш те өтті. Бұл шараның мақсаты — өскелең ұрпаққа өлкелік ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттап, балаларды кітап оқуға шақыру болатын. Кеш барысында «Төзім шебері» романындағы, автордың қазақ әйелі еңбекке араласса, өз бақытын тауып, мағыналы өмір кешетініне оқырманның көзін жеткізе суреттегені сөз болды. Оқушылар жазушының шығармашылығына қызықандары сонша, сұрақтар қойып, қанағаттандырарлық жауаптар алды. Кеш соңында кітапхана қызметкерлері, оқушыларға кітап көрмесін таныстырып, таяуда кітапханаға келіп түскен жаңа кітаптарды оқуды ұсынды.
Жалпы, аудандық балалар кітапханасы қызметкерлерінің алдағы уақытта оқушылармен осындай тәрбиелік маңызға ие шаралар ұйымдастыруға арналған ауқымды жоспарлары бар.
— Балалар кітап оқымайды деген сөз бекер. Бала неге баулынса, соған қызығады. Мектепте мұғалімдер, үйде ата-аналар балаларды кітап оқуға тәрбиелесе, бала кітапқұмар болып өседі. Бізге оқырман ретінде жиі келіп жүрген оқушылар, сондай ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан дұрыс бағытта тәрбиеленген балалар деп есептейміз, — дейді аудандық балалар кітапханасының қызметкерлері.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.