БАСТАМА СӘТТІ БАСТАЛДЫ

0
50

ЖУЫҚТА, АУДАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНДІ. АТАП АЙТҚАНДА, ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІН НАЗАРҒА АЛҒАН АУДАН БАСШЫЛАРЫ, ШҰБАРҚҰДЫҚ КЕНТІ МЕН АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР АРАСЫНДА ТЕНДЕР ЖАРИЯЛАП, ЖЕҢІМПАЗДЫ АНЫҚТАДЫ. БІЗ ОСЫ ТЕНДРДІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ «АЙМҰҚАШЕВ» ЖЕКЕ КӘСІПОРНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЖОЛЫҒЫП, ТЫҢ БАСТАМАНЫҢ АЯҚ АЛЫСЫ ТУРАЛЫ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫМЕН ЖҮЗДЕСІП, ЖАҢА БАҒЫТТАҒЫ МАРШУРУТ ЖӨНІНДЕ ПІКІРІН БІЛДІРУДІ СҰРАҒАН ЕДІК.

Нұржан Аймұқашев, жеке кәсіпкер, тендер жеңімпазы:
— Жұмысты үстіміздегі жылдың 1 маусымынан бастадық. Жұмысқа кіріскенімізге көп уақыт бола қоймаса да, автобустарымыздың жолаушыға толмай қалған кезі әзірше болған емес. Керісінше, екі орталыққа автобуспен қатынауды қолай көретін жолаушылардың саны күннен күнге өсіп жатыр. Қазір облыс пен аудан орталығына әрбірі 18 жолаушыны тасымалдайтын 1 «Мерседес Спринтер» және 4 «Форт Транзит» автобустары кезекпен күніне екі реттен қатынауда. Алдағы уақытта тағы бір автобус қосу ойымда бар. Кез келген бизнестің дамуы — тұтынушылар санының артуына байланысты екені заңдылық. Қазіргі қарқынымыз жақсы. Осылай жұмыс жасай берсек, болашақта автобустардың санын арттыруды нарықтың өзі қажеттілік ретінде тудыратыны даусыз. Біз нарықтың талабына сай, бәсекеге қабілетті, сапалы қызмет етуге тырысамыз.
Бағдагүл Байтақ, кассир:
— Мен бұдан бұрын сауда орындарында кассалық аппаратта еңбек еткен қызметкермін. 1 маусымнан бастап, осы жерге кассир болып жұмысқа орналастым. Жаңа орным маған таңсық емес, таныс жұмыс. Автобус Шұбарқұдықтан Ақтөбеге қарай күніне екі рет – таңертеңгі сағат 06. 00-де және түстен кейін сағат 15. 00-де жүреді. Сондай-ақ автобус Ақтөбе қаласынан Шұбарқұдыққа қарай да күніне екі рет – таңертең сағат 09. 00-де және кешке 17. 00-де жүреді. Билет бағасы – 12 жасқа дейінгі балалар үшін 750 теңге, ересектер үшін 1500 теңге. Жолаушылар автобустарға Шұбарқұдықтан аудан әкімшілігі жанындағы үш қабатты ғимараттың алдында, ал Ақтөбе қаласынан «Сапар» көлік бекетінде отырғызылады. Билеттер де осы аталған екі нысандағы кассадан сатылады. «Сапар» көлік бекетінде билетті онлаин сатып алу әзірше егізілмеген, билеттер кассадан тікелей сатып алынады. «Сапар» бекетіндегі кассадан алдын ала билет сатып алынғанда 100 теңге қосымша төлем қосылатынын жолаушылардың естеріне сала кетуді жөн көреміз.
Ал Шұбарқұдықтан алдын ала билет сатып алғанда қосымша төлем талап етілмейді. Шұбарқұдықтың кассасында автобусқа билет онлаин арқылы да сатылады, ал алдын ала билет сатып алу — нақты ақша арқылы жүргізіледі. Жолаушыларда автобус қатынасы бойынша сұрақ туындаса, 8 701 129 11 70 және 8 775 795 46 53 байланыс телефондарымыз арқылы хабарласуына болады.
Ерасыл Елеуов, жолаушы, студент:
— Мен бұрын облыс орталығынан барлық аудандарға дерлік автобустар қатынайтынына қызыға да қызғана қарайтынмын. Тіпті, кейбір аудан орталықтарына әрбір сағат сайын бір автобус кетіп жатады. Енді біздің ауданымызға да автобус қатынайтын болды. Бұл тұрғындарға ыңғайлы өте қуанышты оқиға. Алдын ала билет алып қойуға да болады екен. Міне, мен ертең Ақтөбеге баратын билет алдым. Бағасы қолжетімді, бекітілген кестеге сай белгілі уақыты да анық жазылған. Қазіргі қымбатшылық қысқан мына өтпелі кезеңде, халықтың өтінішін естіп, осындай қолайлы маршурут ашуға жәрдем қолын созған аудан басшысына ризамын.
Иә, стастикалық деректерге қарағанда, қала аралық көлік қатынасында автобус – жолаушылардың таңдайтын, поездан кейінгі, ең қауіпсіз де қолайлы тұтыну құралы екен. Олай болса, қала аралық қатынастың осы түрінің дамуына біздің ауданымызда да кең жол ашылуы тиіс. Біз, оған тұрғындар да, жеке кәсіпкер Нұржан Аймұқашев та ынталы екенін аңғардық. Ендеше кәсіпкердің халық үшін жасап жатқан игілікті ісіне сәттілік тілейміз!..
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ