ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТУРНИРІ
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ӘЛЕМ МӘДЕНИЕТІНІҢ ОЗЫҚ ҮЛГІЛЕРІМЕН БОЙ ТЕҢЕСТІРЕ АЛАТЫН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ ОЙЫН, ЛОГИКАЛЫҚ ОЙЛАУ ӨНЕРІ. ЖАСӨСПІРІМ ҰРПАҚТЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ТӘРБИЕСІМЕН ҚАТАР, АҚЫЛ-ОЙЫНЫҢ ДАМУЫНА ДА ЗОР МӘН БЕРГЕН БАБАЛАРЫМЫЗ ОСЫ ОЙЫНДЫ ОЙЛАП ТАУЫП, ЗЕРДЕЛІЛІК ЖӘНЕ ЗИЯТКЕРЛІК ДАМУ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ ҚОЛДАНҒАН. ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫНЫҢ ТӨРТ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЕКЕНІН АРХЕОЛОГ ҒАЛЫМДАР ДӘЛЕЛДЕП ОТЫР. ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОТЫРАР АУДАНЫНДАҒЫ ДАСТАРБАСЫ ҮҢГІРІНДЕ ӨТЕ ЕРТЕ КЕЗДЕГІ ТАС ТАҚТА ТАБЫЛҒАН. ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНДАРЫН ЖАЛПЫ АТАУМЕН МАНГАЛА ОЙЫНДАРЫ ДЕП АТАЙДЫ. ОСЫҒАН ҚАТЫСТЫ ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ҚАРАСТЫРСАҚ, ОЙЫННЫҢ ПАЙДА БОЛУ МЕРЗІМІ 7 МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХТЫ ҚАМТИДЫ.
Жалпы облыс көлемінде осындай зияткерлік ойындар жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, мамыр айында Ақтөбе қаласында мәслихаттардың 30 жылдығына арналған шахмат турнирі өткізіліп, оған аудандық мәслихат депутаттары қатысты және лайықты ойын өрнегін көрсетіп қайтты. Сол турнирдің нәтижесінде Б. Әділханов, облыс құрамасы сапында аймақтық іріктеу турнирінде бақ сынайтын болып белгіленді.
Ал, үстіміздегі жылдың маусым айында ауданымыздың орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде V-ші Дүние жүзілік көшпенділер ойындарын қолдауға және мәслихаттардың 30 жылдығына арналған тоғызқұмалақтан аудандық турнир өткізілді. Темір аудандық мәслихаты мен Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілген бұл зерделілік ойын түрін дамыту мен насихаттау шарасына, аудандық мәслихат депутаттары, мәслихат аппараты қызметкерлері мен блогерлер қатысты.
Бұл турнирдің ерлер арасында ойын тартысты өтті. Қорытындыда І-орынды Докин Жасұлан жеңіп алса, ІІ-орынды Дәндібаев Төлеген еншіледі. Ал ІІІ-орын Әділхан Нариманға бұйырды.
Әйелдер арасындағы ойын да қызықты өтті. Мұнда Сапа Мерейге тең келер ойыншы табылмай, І-орынды жеңіп алды. ІІ-орынға Идирисова Ақкүміс жайғасса, ІІІ-орынмен Мухиева Гаухар қанағаттанды.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.