АҚСАЙЛЫҚТАР МЕН Н. БАЙҒАНИН КӨШЕСІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МЕРЕКЕСІ
ӨТКЕН ЖЫЛДАРЫ ЖАЗҒЫ МАУСЫМДА АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕР, АЛДЫН АЛА БЕЛГІЛЕНГЕН ӘРБІР АПТАНЫҢ СЕНБІ НЕМЕСЕ ЖЕКСЕНБІ КҮНІ ШҰБАРҚҰДЫҚТАҒЫ ОРТАЛЫҚ САЯБАҚТА «АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ» АТТЫ ШАРА ӨТКІЗІП, ОНДА ЖӘРЕМЕҢКЕ, ТҮРЛІ КӨРМЕЛЕР, ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР, КОНЦЕРТ Т. Б. ҰЙЫМДАСТЫРЫП, АУДАН ОРТАЛЫҒЫ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙТЫН. БИЫЛ БҰЛ ШАРА АТАУЫН ӨЗГЕРТПЕЙ ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАНЫМЕН, ӨТКІЗІЛУ ФОРМАТЫН СӘЛ ӨЗГЕРТТІ. АТАП АЙТҚАНДА, БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ «АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ» ШАРАСЫ ТЫҢ ЖОБА РЕТІНДЕ, АТАП АЙТҚАНДА КӨШЕ МЕРЕКЕЛЕРІ ЕСЕБІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ.
3 маусым күні, биылғы алғашқы жаңа шараны Ақсай ауылдық округі әкімдігі ұйымдастырды. Н. Байғанин атындағы көше тұрғындарымен біргелікте ұйымдастырылған бұл шара, алдымен сенбілік өткізумен басталып, оның ізі орталық кітапханада ауданның бас имамы З. Ералиннің қатысуымен іске асқан «Ислам және отбасы құндылықтары» тақырыбындағы пікірталаспен жалғасты.
Бұдан кейін Н. Байғанин атындағы аудандық Мәдениет Үйінің алдында ауыл «Ауыл аманаты» жобасымен жұмысын бастаған жас кәсіпкерлердің шығарып жатқан өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда, шаруа қожалықтары «Саят» (Жанаргүл Жаңбыршин), «Елеу» (Гүлжанат Шипалакова), «Айдар» (Ахметжан Айбол), жеке кәсіпкерлер Шынар Асанова мен Арыстанғали Бахин халқымыздың қымыз, ірімшік, сарымай, айран сияқты т. б. ұлттық тағамдарымен қатар, тұрғындар көп тұтынатын торт, пирожный, қызанақ пен қияр тоспасы секілді басқа да өнімдерді қолжетімді бағада сатты. Осы тұста мерекеге жиналғандарға Ақсай ауылдық әкімдігі тарапынан тегін бауырсақ пен құрт таратылып, ақсайлық жыршы Қажығали Асанов домбыраның сүйемелдеуімен Нұрпейіс Байғаниннің бірнеше термесін орындағанын және даңқта ақын атаның ұрпағы Қалдыбай Қазиев көпшілікке арнап арнайы бата бергенін де айта кеткеніміз жөн.
Сондай-ақ, «Балдәурен» балабақшасы тәрбиеленушілері мен № 4-ші ЖОББМ жанындағы жазғы лагерь қатысушыларына арналып, спорттық шаралар да өткізілді, шахмат-дойбы, тоғызқұмалақ ойындары ойналып, тұрғындарға құқықтық кеңес беретін бұрыш та ашылды. Бұдан бұрын су тасқыны кезінде баспаналарынан айырылған бірқатар тұрғындарға мемлекет тарапынан жәрдем беріліп, Шұбарқұдықтан үйлер сатып алынғаны жалпы жұртқа аян. Солардың қатарында ақсайлық Қуанышбековтер отбасы да бар еді. Осы күні аталған шараны ұйымдастырушылар Қуанышбековтердің отбасына барып, қоныс жайлы болсын айтты және жаңа шаңыраққа құт-береке тіледі. Өз кезегінде, Н.Байғанин көшесінің жаңа тұрғыны атанған С. Қуанышбеков, Ақсай ауылдық округі әкімдігіне алғыс айтып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Ақсайлықтардың бұл күнге дайындаған көлемді шарасының бірі – концерттік бағдарлама болды. Концерт басталарда аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы сөз сөйлеп, жиналғандарды мерекемен құттықтады және ауданымызда өткен 2 айлық сенбілікте белсенділік көрсеткен ақсайлықтар мен Н. Байғанин көшесінің тұрғындарын «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-сыйапат табыстады. Ал, концертте қазақ биінің музыкасы қосылып, биші қыздар тобы би билесе, жүргізуші тарапынан көрермендермен ұялы телефон, яғни «чат» арқылы түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, дәстүрлі әндерді орындаудың шебері Іздаш Нұршаттың, «Ақтөбем» мен «Шаала» әндерін шырқаған Сапа Даниярдың, Ақсай ауылының өнерпаз аналарының «Жақсы екен», «Балдәурен»» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері, Байғанин көшесінің ең кішкентай тұрғындары Серік Айя мен Мұхамбет Зеренің, Ақсай ауылының кішкентай өнерпаз тұрғыны Арманұлы Бекнұрдың «Ақ сәулем», Құлбеков Айдардың айтқан Жандос Қаржаубайдың «Ауылым» деп аталатын жаңа әндерін жиналған халық құмарта тыңдап, Шығырлы ауылдық клубының «Гүлдер» би тобының орындауындағы «Морячка», «Стюардесса», «Қазақ биі» билерін қызыға тамашалады.
Қызықты да тартымды ұйымдастырылған шараны Ақсай ауылдық округі әкімі Еламан Бегімов сахна төріне шығып, корытынды сөз сөйлеп және Сапа Данияр, Арал Әмірдің сөзіне жазылған Серік Закарияның «Ақсайым» әнін шырқап аяқтады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.