ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ТЕМІР ЖӘНЕ ОЙЫЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

0
46

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ОЛЖАС БЕКТЕНОВ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ АЯСЫНДА, СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН ТЕМІР ЖӘНЕ ОЙЫЛ АУДАНДАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН САЛЫНЫП ЖАТҚАН ЖАҢА ҮЙЛЕР ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫМЕН ТАНЫСЫП, ОСЫ ЖЫЛДЫҢ 17 ШІЛДЕСІНДЕ ӨТКЕН «СУ ТАСҚЫНЫНАН КЕЙІН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТЕ ӘКІМДІК ПЕН ТИІСТІ МИНИСТРЛІККЕ БЕРІЛГЕН ЖҰМЫСТАРДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ, КҮШТЕР МЕН АРНАЙЫ ТЕХНИКАНЫ ЖҰМЫЛДЫРУ БОЙЫНША ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫН ТЕКСЕРДІ. ПРЕМЬЕР-МИНИСТРГЕ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АСХАТ ШАХАРОВ ПЕН ОРЫНБАСАРЫ АСЫЛБЕК ЕСЕНТАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙДІ, ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ӨҢІРДЕГІ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ.

Олжас Бектенов Ойыл ауданында болғанда, Қаратал ауылында салынып жатқан үйлерді аралап көрді. Бұған дейін ол үйлердің салынуы жоспардан 15-25 күнге кешігуі туралы мәселе көтерілген болатын. Бүгінде елді мекенде су тасқыны салдарынан 210 ғимарат зақымданғаны анықталып, оларды тексеру жұмыстары толығымен аяқталды. Ауыл тұрғындары үшін қайталама нарықтан 60 үй сатып алынды. Жөндеуге жататын 18 нысан бойынша тиісті төлемдер жүргізілді. Ауылда тұруға жарамсыз деп танылған үйлердің орнына 132 тұрғын үй салынып жатыр. Қазіргі таңда 132 үйдің барлығының іргетасы құйылып, 120 үйде қабырға қалау жұмыстары аяқталды, 65 үйдің шатыры жабылды, ал 30 үйдің ішкі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Премьер-Министр мердігер компаниялардың арнайы техникамен және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілу жағдайымен де танысып, құрылыс алаңдарына қосымша күш пен арнайы техника тартуды тапсырды.
Премьер-Министр Темір ауданы Құмсай ауылындағы құрылыс барысын да тексерді. Мұнда су тасқыны салдарынан 46 тұрғын үй зақымданды. Ауыл тұрғындары арнайы сатып алынған 18 үйге қоныстанды, 7 үй жөндеуден өтті. 21 жаңа үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қабырға қалау жұмыстары толығымен аяқталып, 19 жаңа ғимараттың төбесі жабылса, оның 6-ауында ішкі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
— Инфрақұрылым мен тұрғын үйлер су тасқынынан қатты зардап шекті. Президент жолдар мен әлеуметтік нысандарды реконструкциялауды, үйлерді қалпына келтіруді және жаңадан салуды тапсырды. Барлық тапсырмалар қысқа мерзімде орындалуы тиіс. Бұл үшін әкімдіктерге Үкімет пен салалық министрліктерден толық қолдау көрсетіледі, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өңірге сапары туралы жазба жариялады. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жұмыс сапары аясында Темір және Ойыл аудандарында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан жаңа үйлердің құрылыс қарқынын бақылап қайтқанын баяндай келе облыс әкімі Асхат Шахаров: «Премьер-Министр жұмысты жеделдету үшін қосымша күштер мен резервтерді тартуды тапсырды. Залал келтірілген әлеуметтік нысандар, жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін Үкімет пен облыс резервтерінен қомақты қаржы бөлінді. 58 көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарлануда. Бұл — құрылысты қысқа мерзімде аяқтауға үлкен мүмкіндік. Сараптама нәтижелеріне есепке ала, дереу жұмысқа кірісуге дайынбыз. Апат салдарын жою жұмыстарына жұмыла атсалысып жатқан әрбір ақтөбелікке шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыз бен адал еңбектеріңіз — өңірдің табысты дамуының кепілі. Күшіміз — бірлікте!» деп жазды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.