Қазақстанның энергетикалық жағдайы

0
53

Қазақстандағы энергетика саласындағы мәселелер мен ядролық энергияға қатысты пікірталастар күн тәртібінен түспей келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемдегі ірі уран өндіруші мемлекеттердің бірі бола тұра, атом электр станциясы (АЭС) жоқ елдер қатарында. Осыған байланысты елде АЭС салу туралы пікірталастар күшейе түсті. Осы тұрғыда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті PhD, эколог-ғалым, зерттеуші Айнұр Сейілханмен тілдесіп, Қазақстанға АЭС қажет пе, оның пайдасы мен қаупі қандай деген сауалдар аясында пікірін сұрады.

Қазақстанның энергетикалық жағдайы

Қазақстанның энергетикалық саласы негізінен көмір, мұнай және табиғи газға тәуелді. Еліміздегі электр энергиясының 70%-ға жуығы көмірден алынады, бұл экологиялық тұрғыдан зиянды, себебі көмірді жағу нәтижесінде ауаға көп мөлшерде парниктік газдар бөлінеді. Қазақстан 2060 жылға қарай көмірқышқыл газы шығарындыларын нөлге дейін жеткізуді мақсат еткенін ескерсек, энергетикалық жүйеде жаңа шешімдер қажет.

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия парниктік газдар шығармайды және көмір мен табиғи газға қарағанда ұзақ мерзімді перспективада экономикалық жағынан тиімді болуы мүмкін. Осыған байланысты АЭС салу мәселесі Қазақстан үшін маңызды тақырыптардың біріне айналды.

АЭС құрылысына қатысты қоғамның пікірі екіге бөлінуі заңдылық. Бұл тұста қолдаушы тараптың ойы түсінікті, адам  қажеттілігінен туған электр энергиясының қауқарын арттыру және ғылымның, өркениет пен жаңа технологиялардың дамуына жол ашу. Негізі кез келген ғылымның дамуында жаңа технологиялардың пайда болуы бірге жүреді. Қазір АЭС-ті салып жатқан елдердің қатары өсуде. АЭС-ті салумен бірге басқа ғылымдар да дами түседі. АЭС-ті қолдаумен қатар біз ғылымды да қолдай түсеміз. Екінші тараптың да пікірі түсінікті, себебі Қазақстанда палигонның қаупін басынан өткерген халық АЭС сапасыз салынып, апатты жағдайға тап болсақ, оның қауіп-қатері өлшеусіз болады. Бақылаусыз қалса, халыққа үлкен зардап келеді деген ойдан халықта үрей, қорқыныш туады. Себебі  полигонның зардабы 7 атаға дейін тарайды. Яғни, әкеден балаға, баладан немереге, немереден шөбереге, неменеге, шөпшекке және тағы басқа. Тіпті Шығыс Қазақстандағы түрлі потологиялық, онкологиялық және де туа біткен аурулардың әлі де пайда болуы, тіпті тұрғындары орта жастан аспауынан өмір сүрмеу қаупінің динамикасы байқалғаннан кейін халықта мұндай үреу туындауы заңдылық, — дейді сарапшы.

Айнұр Сейілхан энергия көзіне тапшы ел ретінде Қазақстанға АЭС салу керек екенін түсіндіре кетті.

АЭС-ті салу қажеттілігі бар. Себебі біз дамушы елден дамыған мемлекетке жету үшін халықтың қажеттілігін өтеу маңызды. Бүгінде  табиғат қазбаларын, оның ішінде біз тұтынатын көмір, газ, мұнай өнімдерін тым шектен тыс пайдаланбай жаңа технологияның, дамудың, өркендеудің, өсудің нәтижесі болып табылатын АЭС-тің де пайдасын көруіміз керек. Бұл қазіргі қажеттілік қана емес, болашақ ұрпақтың да мұқтаждығын өтеуге болатын оңды шешім деп түсінемін, — дейді маман.

АЭС-тің пайдасы

Біріншіден, энергетикалық тәуелсіздік. Қазақстан уран өндіруде әлемдік көшбасшы болғанымен, елдегі энергетика негізінен қазба отындарына тәуелді. АЭС салып, уранды ішкі нарықта пайдалану елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттыра алады.

Екіншіден, экологиялық таза энергия. Атом энергиясы көмір мен газға қарағанда әлдеқайда экологиялық таза, өйткені ол парниктік газдардың бөлінуін азайтады. Бұл Қазақстанның Париж келісімі аясындағы экологиялық міндеттемелерін орындауға көмектеседі.

Үшіншіден, ұзақ мерзімді экономикалық тиімділік. АЭС алғашқыда салу шығындары қымбат болғанымен, оның ұзақ мерзімді экономикалық тиімділігі жоғары. Ядролық отынның тиімділігі қазба отындарына қарағанда әлдеқайда жоғары, ал қызмет ету мерзімі ұзақ (30-40 жыл).

Төртіншіден, энергетикалық тұрақтылық. АЭС үзіліссіз жұмыс істей алады және жаңартылатын энергия көздеріне қарағанда (мысалы, күн және жел) ауа-райына тәуелсіз.

АЭС-тің қауіптері

Біріншіден, қауіпсіздік мәселелері. АЭС саласындағы ең үлкен қауіп — ядролық апаттардың ықтималдығы. Чернобыль мен Фукусима апаттары бұл технологияның қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Егер қауіпсіздік шаралары дұрыс сақталмаса, радиоактивті ластану және адамдардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.

Екіншіден, радиоактивті қалдықтар. Ядролық қалдықтарды сақтау мәселесі де маңызды. АЭС-тен шыққан қалдықтар жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы радиоактивтілігін сақтап қалуы мүмкін, бұл олардың қауіпсіз сақталуын талап етеді.

Үшіншіден, экономикалық шығындар. АЭС салу өте қымбат. Құрылыстың бастапқы кезеңінде миллиардтаған доллар қажет, бұл бюджетке үлкен салмақ түсіреді. Оның үстіне, станцияны күтіп ұстау, қалдықтарды басқару шығындары да жоғары болады.

Төртіншіден, қоғамдық пікір. Қазақстан халқының бір бөлігі ядролық энергияны пайдалануға қарсы. Олар АЭС-тің экологиялық және қауіпсіздік тәуекелдеріне алаңдаушылық білдіреді. Әсіресе, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың тарихи зардабы қазақстандықтардың бұл мәселеге сезімтал болуына әсер еткен.

Балама шешімдер

Қазақстанның энергетикалық болашағы үшін балама шешімдер де бар. Жаңартылатын энергия көздері (күн, жел, су энергиясы) Қазақстанның географиялық және климаттық жағдайында тиімді болуы мүмкін. Қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздері еліміздің жалпы энергетикалық балансында шамамен 3%-ды құрайды, бірақ бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Қазақстанның күн энергиясын өндіруге қолайлы оңтүстік аймақтары және жел энергиясын өндіруге мүмкіндік беретін үлкен территориялары бар.

Эколог Айнұр Сейілханның сөзінше, Менделеев кестесінде көрсетілген барлық қорды еліміздің жер қойнауынан табуға болады. Сондықтан Қазақстан күн энергиясы, су энергиясы және жел энергиясын дұрыс пайдалануы керек.

Қазіргі таңда Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстандағы таудан келіп түсетін судың сарқырама динамикасын дұрыс пайдалану арқылы су энергиясын да пайдалануға болады. Әсіресе Жоңғар Алатауы және Қордайдағы желдің энергиясын тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар Бетпақдала сияқты ашық күңгей түсті, яғни үнемі күн энергиясы ұзақ болатын жерлерді де өзіміздің пайдамызға жаратуымыз керек. Тек АЭС-ті шешіп қана қоймай, бізге күн, су, жел энергиясын да бірге дамыту маңызды. Біз географиялық орнымызға байланысты суға тапшы елміз. Яғни біз мұхитқа, теңізге, үлкен су обьектілеріне аса бай мемлекет емеспіз. Сонымен қатар жел энергиясын пайдалану үшін бізге локациясы жағынан ұзақ жерлерді игеру керек болады. Яғни алыс жерлерді игеруіміз керек. Сол жағынан бізге тиімсіз. Осы мәселені қазіргі таңда ғалымдардың, министрліктің жан-жақты зерттеуі керек, — деді маман.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи референдумға дейін алдымен АЭС-ті қай ел салатынын шешіп алу керек және сол елдің тәжірибесіне қарап халық дауыс беруі тиіс екенін айтқан болатын. Эколог Айнұр Сейілхан да депутаттың бұл сөзін қолдап отыр.

АЭС-тің халықаралық стандартқа сәйкес салынуын, халық зардап шекпейтіндей қауіп-қатердің болмауын қаншалықты кепілдік бере алатындығы жайында осы жерде сөз етіп отыр. Осы тұрғыда мен Ермұрат Бәпимен толық келісемін. Себебі референдумды бас салып дауысқа қоймай, нақты қай ел, қандай шартпен, қандай заңнамалық нормативтік актілердің негізінде және бұл біздің халыққа қаншалықты пайдасын тигізетінін білу керек. Яғни егер де еліміздің мамандарын жұмылдырылатын болса, сол салада мамандарды даярлайтын, оқытатын және білікті мамандарды қосып, халықтың мүддесіне жұмыс істейтін болса, онда дауыс беруге болады деп ойлаймын, — дейді эколог.

Қазақстанға АЭС қажет пе деген сұраққа нақты жауап беру үшін барлық артықшылықтар мен қауіптерді мұқият таразылау керек. АЭС салу елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға көмектесуі мүмкін. Алайда, бұл шешім қауіпсіздік, экономикалық тиімділік және радиоактивті қалдықтарды басқару сияқты күрделі мәселелерді де қамтиды. Сонымен қатар, балама ретінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндігін де ескеру қажет.

Бүгінде Қазақстанда энергия қанша пайызға тапшы екені жөнінде статистика жоқ. Дегенмен Ресей мен Қырғызстанға деген мұқтаждық, яғни олардан қымбатқа сатып алып жатқан энергия көзі біздің тәуелсіз еліміз үшін экономикалық тұрғыда тиімсіз. Басқа елдерден тәуелсіздігімізді тек қана осы АЭС-ті салумен нығайта түсеміз. Өзіміздің халықты жұмыспен қамтамасыз етеміз, энергия көзін арзанға аламыз. Сонымен қатар әлемдік деңгейде беделіміз арта түседі. АЭС-пен бірге басқа да ғылымдарды дамытамыз. Әрі қарай осы салада тәжірибеміз ұлғая түседі, — дейді Айнұр Сейілхан.