Бір сала. Бір мекеме. Бір үй.

0
48

«Қазақстан Республикасының Салық қызметінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айжариков Серғали Кәрімұлы туралы әңгіме қозғасақ жоғарыда жазылған тізбек жадыңа оралады.
1961 жылдың 30 қыркүйек айымен 2024 жылдың 30 қыркүйек айының арасына көз жүгіртсек, Серғали Кәрімұлының тіршілігі мен тынысы, балалықтан ағалық, ағалықтан ақсақалдыққа өтер дәуірі көз алдыңда көлбең қағып шыға келеді. Сол дәуірдің ең сындарлы шағы-әрине, еңбек еткен жылдары. Еңбек адамының бір арманы-абыроймен зейнет жасқа жетіп, еңбек ардагері атану. Ия, Серғали Кәрімұлының сол арманы орындалып, кеше ғана зейнеткер атанды. Осы сәтті пайдаланып ардагермен ашық-жарқын әңгіме дүкенін құруға бел будық.

Әңгіме әдеттегідей сұрақтардан басталды:
— Серғали Кәрімұлы, еңбек жолыңыздан хабардар болсақ…
— Туған жерім-мына Жақсымай бекеті. Мен отбасындағы он баланың төртіншісімін. 1978 жылы орта мектепті бітіріп, Целиноград қаласындағы сауда техникумына жол тарттым. Техникумды бітіре салып, 1982 жылы еңбек жолымды аға экономист қызметінен бастадым. Көп ұзамай әр салада бірнеше жауапты қызметтер атқарып, салық мекемесіне 1995 жылы келдім. Ол жұмысым Темір ауданының салық инспекциясы төрағасының орынбасары лауазымымен басталды. Содан бері бұл салада табан аудармай еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа да жетіп отырмын.
Құрметті оқырман, осы жерде сәл шегініс жасайық. Жоғарыда жазылған «Бір сала мен бір мекеме» дегеннің шешуін еңбек ардагерінің әңгімесінен ұққан боларсыздар. Енді «Бір үйдің» сырын айтайық. Қазіргі Кіріс басқармасы орналасқан нысанға жас маман Серғали 1987 жылы Темір аудандық тұрмыстық қамту комбинатына директорлық қызметке келді. Содан бері бақандай 37жыл өтіпті. Байқап отырсыз ба?! Бір үйде-37 жыл, сол жердегі мекемеде-29 жыл. Бұл не? Табандылық па? Әрине, табандылық. Бір істі құлай сүюде, алаңсыз беріле қызмет жасау да, қиындығына қарсы тұрып, мойымай, мойнымен ауыр жүкті көтеріп кету де-осы жерде жатыр емес пе?! Жасырары жоқ,көңіл аударар құбылыс.

-Серғали Кәрімұлы,асықпай еске түсіріңізші, салық саласындағы алғашқы жылдарыңыз қалай өтті?
— Ойбой, мен айтпай-ақ қояйын,сіз тыңдамай-ақ қойыңыз.

— Неге?
-Негесі-сол. Айтсам, сенбейсіз. Бұл 90-жылдардың ортасына тұспа-тұс келді. Тәуелсіздіктің балаң шағы. Жұмыс орындары жабылды. Айлық жоқ. Ақшаның қарасы жоғалды. Бірақ тіршілік тоқтаған жоқ. Салық төлеушілер дымсыз қалды. Ақша жоқ. Енді не істейміз. Қол қусырып отыруға болмайды. Сөйтіп, салық өтей алмағандарды жағалап жүріп, тауығын, жұмыртқасын, үйрегін өзім бас болып жүріп жинадық. Базарға әкеліп өткіздік, сосын адамдар ақшасымен бережақтарын өтеді. Ол ол ма?! Сонау «Достық» совхозы салық мекемесіне мемлекетке қыруар қаржы бережақ болды. Баяғы, астық бар, бірақ, оны өткізетін алушы жоқ. Сонымен өзім білекті сыбанып тағы шықтым. Күз. Қара суық. Жанар-жағар майда тапшы. Жанды шүберекке түйіп,астық тиеп,тракторшының жанына отырып жолға шықтым. Сөйтіп «әупірім» деп жүріп 100 тонна бидайды Ақтөбе қаласындағы астық қабылдайтын жерге өткізіп, түскен қаржымен совхоздың бережағын жаптырдым. Ия, мен. Совхозға дым қатысым жоқ. Әйтседе өз мекемемнің абыройы үшін осылайша түн қашып, түс қашыруға тура келді.
-Тыңдап отырсақ, шынында да мынау қазіргінің миына сия қоймайтын шаруа ғой.
— Е..е.. солай. Айта берсең, адам сенбес әңгімелер жетерлік.
— Ұзақ бір салада еңбек еттіңіз. Мақтаныш етер ізбасар-шәкірттеріңіз туралы бір ауыз сөз.
-Әрине, көп қой. Бірсыпырасын айтайын. Ақтаев Мұрат Қадырханұлы Байғанин ауданы кірістер басқармасының басшысы. Нұрлин Асылбек Қылышниязұлы Мұғалжар ауданы кіріс басқармасының басшысы. Ал осы салада көп жылдары еңбек етіп келе жатқан өз кәсібін жетік меңгерген маман өзіміздің Ботагөз Жаманова мен Самал Дарқұловалардың өздері шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жетті.

— Серғали Кәрімұлы, салық төлеушілермен мекеме арсында ылғи реніш туғызатын жәйттердің ең көбі, күрделісі деп қайсысын атар едіңіз?
-Біреуін ғана айтайын. Салық төлеуші жеке кәсіпкерлігін жабу туралы өтініш (электронды) береді. Бірақ оған дейінгі салық міндеттемелерінің орындалуын ескере бермейді. Осыған байланысты өтініш қанағаттандырылмайды . Кәсіпкерлік жабылмай қалады. Ол арыз бердім, шаруа бітті деп хабарсыз жүре береді. Тіпті жіберген хабарламаларға немқұрайлы қарайды. Соның кесірінен, 1 жыл мерзімде есеп тапсырмағандықтан, оның кәсіпкерлігін сотқа жүгіну арқылы мәжібүрлеп жабуға тура келеді. Бір айта кететін нәрсе, салық төлеушілерге қатысты қосымша нұсқаулықтар, парақшалар, түсіндірме құралдар баршылық, бір өкініштісі олар әбден тығырыққа тірелгенше өз міндеттеріне мән бермейді.

— Салық төлеушілер Кіріс органына келмей-ақ қандай мемлекеттік қызметтерді қалай пайдалана алады?

-Қазіргі кіріс саласындағы өзгерістерді біз ылғи жарнамалап отырамыз. Мемлекеттік электрондық сервис қызметін пайдалана алады. Онлайн жүйесінде үйде отырып мына қызметті ала алады «Салық төлеушілерді іздестіру», «Көлік құралына салықты есептеу», «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер туралы мәлімет» «Кезекті онлайн брондау», «Салықтың берешегінің жоқ(бар) екендігі» туралы мәліметтер т.б.

Соңғы дәстүрлі сұрақ.
— Кейінгі жас мамандарға осы саладағы тәжірибелі, абыройлы да жемісті еңбек еткен, салық саласының майын ішкен ардагер ретінде айтар көкейдегі көп ойдың бір парасын естісек….
— Салық төлеушілермен жұмыс жасау-өте күрделі, нәзік, қалтарысы көп ерекше құбылыс десе де болады. Әрине білім мен кәсіби білік бірінші орында. Дегенмен бұл жерге ол аздық етеді. Жұмыс уақытына аса жауапты қарау, келушілерді аса жоғары әдеппен, сабырлықпен қабылдау. Олардың алдында кішіпейілділіктің, кісіліктің, үлкенге ізет, кішіге құрмет деген ұлттық ерекшелігімізді өзіндік үлгісін көрсетуіміз керек. Ең бастысы – бұл жұмыста құжаттарды аса жоғары сақтықпен, ережеге сай рәсімдеу ұстанымын сақтау қажеттігі.

Бейресми сұрақ.
— Серғали Кәрімұлы отбасыңыз туралы аз ғана айтып өтсеңіз деп едім.

— Әуелі өзім туралы айтайын. Біз бір үйде төрт ұл, алты қыз-он болдық.
Балаларымның анасы- Көбекова Роза Данабайқызы отбасының ұйтқысы. Қыздарым Дана мен Жанна жоғарғы білімді, мемлекеттік жауапты қызметте.
Серғали Кәрімұлы жарасты, пайдалы, қысқа да нұсқа сұхбат-әңгімеңіз үшін сізге мың алғыс. Сіз секілді өз ісінің хас шеберлері халық үшін, қоғам үшін, мемлекет үшін де аса қажет. Сіз әлі талай салық саласының қызметкерлері үшін құнды пікірлеріңізбен баспасөз бетінде көрінеріңізге сенім мол. Халықтың қазыналы қарты болуыңызға тілектестік білдіреміз.

Т. Әділханұлы,
еңбек ардагері.