Ақтөбе облысында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі
Ақтөбе облысының білім басқармасымен жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша 50-ге жуық іс-шараны қамтитын жоспар әзірленді. Басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша биыл кәсіптік-техникалық білім беруді жаңа бағытта дамыту жоспарлануда.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, өңірде бірқатар шаралар атқарылады, атап айтсақ колледждердің халықаралық салалық аккредиттеуден өтуі, жұмыс берушілердің нақты тапсырысы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, 5 жаңа мамандық ашу, жұмысшы мамандығының имиджін арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы іс-шаралар қарастырылған»-дейді Нұргүл Бертілеуова.
Басқарма өкілінің мәліметінше, биыл Хромтау тау-кен колледжі жанынан автотехнопарк, Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі жанынан ІТ-хаб салу жоспарлануда. Колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылмақ: саябақ шаруашылығы, лифт шаруашылығы, қонақ үй бизнесі, қоғамдық тамақтандыру бизнесі.
Өңірдегі 40 колледжде 28 мыңнан астам студент оқиды, оның 20 мыңы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алуда. 28 колледжде дуалды оқыту жүйесі енгізілген, бұл студенттердің 91%-ын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтарына бөлінген орын саны жыл сайын өсіп келеді, биыл 2135 орынды құрады. Сонымен қатар облыста соңғы 3 жылда 9, 11 класс бітірген түлектер арасында жұмысшы мамандығын таңдағандар үлесі артып келеді. 2022 жыл – 20%, 2023 жыл – 22 %, 2024 жыл – 27,8 % құраған. Биыл бұл көрсеткішті 17 %-ға ұлғайту жоспарланып отыр.