Фермерлерге мемлекеттік қолдау
Ақтөбе облысы аграрлық сектордың маңызды өңірлерінің бірі болып табылады. Өңірде ауыл шаруашылығының дамуы үшін мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары көрсетілуде. Бұл – фермерлердің өз шаруашылықтарын дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.Фермерлер үшін ең басты мемлекеттік қолдау түрі – субсидиялар. Ақтөбе облысында мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және суармалы жерлерді дамыту үшін әртүрлі субсидиялар беріледі. Мысалы, тұқым сатып алуға, тыңайтқыштар мен отын шығындарын өтеуге арналған субсидиялар фермерлердің шығындарын едәуір азайтады.Сонымен қатар, техника сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл ауыл шаруашылығы техникасының заманауи үлгілерін сатып алуға мүмкіндік беріп, шаруалардың еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. 2024 жылы ауданнан «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 322 млн.теңгеге 32 шаруа қожалық 25 трактор, 30 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алды.
Лизинг – бұл белгілі бір мүлікті (көбінесе техника, жабдық немесе көлік) ұзақ мерзімді жалға алу шарты, онда жалға алушы мүлікті пайдалана отырып, оны бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігіне ие болуды айтады. Лизинг мерзімі 3 жылдан 10 жылға дейін созылады. Жылдық мөлшерлемесі-5%. Алынған жаңа техниканың түріне байланысты 15%-25% пайыз аралығында мемлекет шығынның бір бөлігін өтеу мақсатында субсидия төлейді.
«Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Ақсай ауылдық округіне қарасты «Қуаныш» шаруа қожалығы және «Жаңа ел» шаруа қожалығы, Темір қаласына қарасты «Олжас» шаруа қожалығы жеңілдетілген несие алуға өтініш берді. Аталған бағдарлама көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған. Несиелердің жылдық мөлшерлемесі 5% көлемінде белгіленіп, агроөнеркәсіптік кешен субьектілерінің айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Қонжар» шаруа қожалығы Қазақстан Республикасының шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы аясында 15 жұмыс күшін тарту көзделуде. Бұл квота аграрлық сектордағы еңбек ресурстарының жетіспеушілігін толтыру және өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында қабылданды.
Фермерлер үшін мемлекеттік қолдау – ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды құрал. Шаруалар бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, өз кәсіптерін жаңа деңгейге көтере алады. Мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдіктер мен бағдарламалар агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Автор:Нұрабек Айәділ
Темір аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі