Балалы үй — базар…

0
5

Светлана ЕСЕНАМАНОВА,

Ақтөбе облыстық медициналық орталығы бас директорының  орынбасары, медицина ғылымының кандидаты, акушер-гинеколог,  репродуктолог.      

Бүгінгі күні елімізде сәби сүйе алмай отырған шаңырақтардың саны көбейіп бара жатқаны рас.  Облыста бедеулік диагнозы қойылған қаншама әйел есепте тұр. Мемлекет осы мәселені озық технологиялардың арқасында шешудің жолын қарастырып жатыр. Президенттің «Аңсаған сәби» бағдарламасы осы проблеманы шешуге үлкен септігін тигізіп отыр. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Ілгерілуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» мақаласында айтып өтіпті. Министр осы бағдарламаның арқасында 2021 жылдан бастап елімізде 9 мыңнан астам сәби дүниеге келгенін жазыпты. Ал біздің Ақтөбенің өзінде 2021-2024 жылдар аралығында 1264 ерлі-зайыпты квотаның арқасында ем алды. Бағдарлама бойынша осы уақыт ішінде 387 бала дүниеге келді. Ал биыл 170 квота бөлінді. Оның 80-ін кезекте тұрғандар алып үлгерді.

Жалпы аталған бағдарлама бала сүйе алмай жүрген отбасылардың  шаңырағында  сәби күлкісінің естілуіне септігін тигізіп отыр. Елімізде денсаулық сақтау саласына соңғы жылдары ерекше көңіл бөлініп жатыр. Үкімет басшысы өзінің мақаласында осыны ескерусіз қалдырмапты. Мәселен, кейінгі жылдары ана мен бала өлімі азайып келеді. Бұл бағытта қыруар жұмыс жүргізіліп жатыр.